Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимылдың қағидаттары мен мақсаты:
адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау, террористік қылмыстарды жасау салдарынан қауіп төнген адамдардың өмірі мен денсаулығын, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы;
заңдылықты сақтау;
терроризмнің алдын алуға басымдық беру;
террористік iс-әрекеттi жүзеге асырғаны үшiн жазаның болмай қалмайтындығы;
терроризмге қарсы іс-қимылдың саяси, ақпараттық-насихаттық, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, арнайы және өзге де шараларының жүйелі болуы және оларды кешенді пайдалану;
терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезiнде тартылатын күштер мен құралдарға жедел басшылық жасауда дара басқару;
терроризмге қарсы іс-қимылдың жария және жария емес әдістерінің ұштасуы;
терроризмге қарсы операциялардың тактикасы, нысандары, әдістері, құралдары және қатысушыларының құрамы туралы мәліметтерге шектеулі қолжетімділікті қамтамасыз ету. [
Терроризм – идеология, доктрина, тіпті жүйелік пікір де емес. Бұл – стратегия. Олар бүкіл әлемді «жақсы» және «жаман» деп екі топқа бөліп, өздерін «жақсы» категориясына жатқызады. Лаңкестік әрекеттерді іске асыру үшін міндетті түрде сценарий дайындап, «а» және «б» жоспарын жасайды. Терроризм жарқын болашақ пен жаңа мүмкіндіктерге үміттендіреді. Бұлыңғыр болса да үнемі саяси мақсат-мүддесі болады. Бұл халықаралық саясаттың бір бөлігі, сол себепті сырттан келетін қолдау арқылы іске асады. Террорлық ұйымдар ең алдымен идеологияларын дамытып, кітап, журнал, әлеуметтік желі және қолдарынан келгенше БАҚ арқылы қатарларын пікірлері сәйкес келетін адамдармен толықтырады. Терроризмнің төркінін бұл күнде Шығыстан, мұсылман елдерінен іздеу кең өріс алып отыр. Оған діни сипат беру қате. Шын мәнінде, терроризмді белгілі бір ұлтпен немесе дінмен байланыстырудың негізі жоқ. Бейбіт тұрғындар өмірін жалмайтын террорлық актілерді жасаушылардың діні, мәзхабы болмайды. Террорлық қимылдарға кез келген ұлттың өкілі, кез келген діннің атын жамылушы безбүйректер бара алады. Өкінішін, кегін, тағдырына мойынұсынбауын террорлық топқа қосылумен ақтағысы келеді. Лаңкестік әрекеттер әлемді дүр сілкіндіруде. Лаңкестікке қарсы күрес жүргізу барысында қауіпсіздік тақырыбының маңызы мен сыртқы саясаттың адам құқықтарына, демократияға, плюрализмге, заң үстемдігіне қатысты маңыздылығын ескеру басты мәселелердің бірі. Еліміз сыртқы күштердің қолдауын тауып отырған террорлық ұйымдардың нысанасына айналмауы үшін халықаралық заңға құрмет көрсететін, рационалды, ұлттық мүддені алға қоятын, бейбітшілік пен достастық қағидаларына негізделген саясат ұстанғаны абзал.
Бейбітшілік пен татулықты арқау еткен мемлекеттің билігін күйретуге әсер ететін бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша жаһандық мәселе -терроризм.Қазіргі уақытта, терроризм мен эктремизмнің таралу қаупі еліміздің қауіпсіздігіне төнетін шынайы қауіпке айналып отыр.
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі № 416-І Заңының түсіндіріліміне сәйкес терроризм - күш қолдану идеологиясы және халықты үрейлендіруге байланысты және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау не жасаймын деп қорқыту жолымен мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына әсер ету практикасы, ал терроризм актісі - адамдардың қаза табу қаупін төндіру, едәуір мүліктік залал келтіру не қоғамға қауіпті өзге де салдарлардың туындау қаупін төндіретін жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де іс-әрекеттер жасау немесе жасаймын деп қорқыту, егер бұл іс-әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру не Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың шешімдер қабылдауына әсер ету мақсатында жасалса, сондай-ақ нақ сол мақсаттарда адам өміріне қастандық жасау, сол сияқты мемлекет немесе қоғам қайраткерінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында оның өміріне қастандық жасау саналады.
«Террор» сөзінің мағынасы латын тілінен аударғанда, қорқыныш, үрей деген ұғымды білдіреді.
Терроризмнің обьектісі қоғамның қауіпсіздігі болып табылады. Қосымша обьектісі адамдардың өмірі мен денсаулығы. Сондықтан, терроризмді көп обьектілі қылмыс түріне жатқызады. Қылмыстың обьективтік жағы - жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза болуы,елеулі мүліктік зиян келтіру не қоғамға қауіпті өзге де зардаптардың туындау қауіпін төндіретін өзге де іс-әрекеттер жасау. Субъективтік жағынан терроризм тек қана тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адам заңда көрсетілген әрекеттерді істеу арқылы зардаптардың болу қаупін туғызғанын немесе соны жасаймын деп қорқытудың қоғамға қауіптілігін сезеді және соны жүзеге асырады. Бұл қылмыстың субьектісі болып 14 жасқа толған, ақыл есі дұрыс адам саналады, ал объектісі болып қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, реттейтін қоғамдық қатынастар, азаматтардың өмірі, денсаулығы, меншігі, мүліктік немесе сезім мүдделері болып табылады.
Терроризм мен экстремизм үшін қылмыстық жауаптылық ҚР ҚК-нің 255-260 баптарында көзделген, соның ішінде терроризм актісін жасау, терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу, экстремистік немесе террористік әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік, террористік не экстремистік әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру, террористік немесе экстремистік даярлықтан өту үшін қылмыстық жауаптылықтар заңмен қарастырылған. Мысалы, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу үшін ең қатаң жазасы - он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделсе, терроризм актісін жасаған үшін он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазалануы көзделген.