131. Бәдік, жұмбақ айтыстары.
Онда табиғат құбылыстары, адам, жан-жануар, қоғам тіршілігіндегі көріністерді жұмбақтау арқылы өнер бәсекесіне түскен әріптестер бір-бірінің ақыл-парасаты мен ой-түсінігін сынап, сөзден тосып, тізе бүктіруді көздейді. Жұмбақ айтыстың ең алғашқы түрі – қыз бен жігіт қайымдасуларында бір-біріне тосыннан сұрақ қойып, оған қолма-қол жауап қайыруды өзара мақсат еткендіктен, көбінесе олардың жауаптасулары барынша жинақы, терең мағыналы болып келеді. Қайым айтыстарының бір топ үлгілерінде (аты-жөні мәлімсіз көптеген қыз бен жігіт қайымдасулары, “Ұлбике мен Күдері қожа айтысы”, тағы басқа) қойылатын бір-екі ауыз жұмбақ айтыс тағдырын үзілді-кесілді шеше алмайды, көбінесе, қарсыласын оқыстан тосып тоқтатудың көп тәсілдерінің бірі ғана.
Қыз бен қайымдасуларының енді бір тобында (“Қыз Болық пен Елентай айтысы”, “Есенбике мен Жылқышы айтысы”, “Ақдама мен Асан айтысы”, “Айқын қыз бен Жарылқасын қожа айтысы”, “Жүсіпбек қожа мен Шөкей қыз айтысы”, тағы басқа) айтыстың тоқтамды түйіншешімдеріне келіп тіреледі. Мұнда жұмбақты қыз жағы бастап, жігіт шешуімен шектеледі де, ақыры қыздың дәстүрлі жол беруімен аяқталады. Жұмбақ арқылы айтысу ақындар айтысында кемелденіп, өзінің шырқау шыңына жеткен. Бұлардың бірсыпырасы (“Рахметжан мен Ыбырайдың айтысы”, тағы басқа) ғылым-білім, өнердің пайдасын паш етсе, енді бір тобы (“Нұржан мен Сапарғалидың айтысы”, тағы басқа) деректі заттар мен өмірдегі жаңалықтарды жұмбақ етеді.
“Әсет пен Ырысжанның жұмбақ айтысы” – әлеум.-қоғамдық маңызы, көркемдік сипаты жағынан шоқтығы биік шығарманың бірі. Мұндағы төрт жұмбақтың үшеуі адам, табиғат, тіршілік сырларын бейнелесе, ал қалған біреуі қазақ даласындағы ел билеуші әкімдердің жауыздық, зұлымдықтарын әшкерелеуге арналған. Ел билеуші әкімдерді аллегориялық тәсілмен суреттеу “Қожахмет пен Әбубәкір Кердерінің айтысында” да бар.[
Бәдік - тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Алғашқыда ауру адамды немесе малды емдеу мақсатында айтылған.
Бәдік “Көш-көш” деп басталып, “көш-көш” деп аяқталады. “Асқар-асқар тауға көш, ағыны қатты суға көш, айнала соққан желге көш, иесіз қалған жұртқа көш” деп, ауру адамның дертін өлеңмен арбап, қуып шығуға тырысқан. Себебі бақсы-балгерлік нанымға байланысты халық әр аурудың “иесі” бар деп түсінген. Бәдік әдетте кешке қарай, іңір қараңғысында орындалған. Бірте-бірте бәдікті қыздар мен жігіттер тобы болып бөлініп айту салты шыққан. Ақырында бәдіктің атқаратын міндеті түбірімен өзгеріске ұшырап, қыз-жігіттің арасындағы айтыс, ойын-сауық түріне айналған. Ә. Диваев жазып алған: “Айт дегеннен айтамын-ау, бәдікті, Қара мақпал тоным бар барша әдіпті. От оттамай, су ішпей, жата берсе, Бәдік емей, немене бір кәдікті. Ай, көш! Бәдік, бәдік деседі, Бәдік желдей еседі. Асқар, асқар тауларға, Ағыны қатты суларға, Айнала соққан құйынға, “Ай, көш!” десе, көшеді. Ай көш!…” деген Бәдік өлеңнің алғашқы шумағы негізгісі де, соңғы жеті буынға құрылған бөлігі әннің қайырмасы іспетті. Көпшілік боп айтатын мұндай бәдік өлеңдерде ауыз әдебиетінің дәстүрлері сақталған.
Достарыңызбен бөлісу: |