Ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі "ойында өрелік жоқ" дегендей, айтысқа үлкен де, кіші де, еркек те, әйел де қатынаса береді. Тек талант-дарыны болса, бәйгеге түсер шамасы болса болғаны. Майталман ақынның жарыста таныла бастаған балаң ақынмен, ұлғайған ақынның жас қыз, келіншекпен айтысуы, сөзбен сілкілесуі шам емес.
Сонымен қатар айтысып отырғанда, ақын өзінің жеңілгенін білу де айтыстың негізгі шартының бірі болып саналады. Сөзге сөз табу, орынды жерінде ұтымды сөз айту сияқты өзінің, жеңілгендігін білу де жоғары бағаланады. Жеңілгеніне қарамай, құр босқа төпей беруді көпшілік дарындылық, ақындық деп танымайды. Мұндай қылықты қазақ айтысқыштық, ұтымшылық деп санамайды. Оны қазақ "сиыршылау" деп атайды. Шынайы ақын өзінің ұтылғанын білсе, бірден жеңілгенін мойындап, әрі қарай сөз таластырмайды.
Ауыз әдебиетінің басқа жанрларына қарағанда, айтыстың ерекшелігі – оған көптеген әйел ақындар қатынасқан. Қазақ ақындар айтысында талантымен танылып, бүкіл елге аты жайылған әйгілі ақындар аз емес. Сара мен Ырысжан, Ақбала мен Күнбала, Тоғжан мен Тәбия сияқты ақындар – топтан озған жүйріктер. Осындай аяулы өнер иелерін халық қатты ардақтаған.
Ақындар айтысының ендігі бір ерекшелігі – онда "Халық театрының анық, дәл ұрығы бар" (М.Әуезов), айтыс әсерлі болуы үшін ақындар домбыраның не сырнайдың, қобыздың сүйемелдеуімен, әнмен айтады. Театр актерлеріндей олар сан алуан құбылыс жасайды.
Айтыс ақындары
Кемпірбай, Базар, Бұдабай, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл тәрізді ақындар өлеңнің “киесі бар, иесі бар” деп білген. Мысалы, Бұдабай, Бақтыбай, Жанақ ақындар түсінде бір ақсақалды әулиенің “өлең аласың ба, көген аласың ба?” деген таңдатуынан соң, өздерінің өлеңді қалағандарын айтады. Бұл табиғатынан осы өнер түріне бейім жаратылған ақындардың ой-қиялының жемісі болуы да ғажап емес.
Достарыңызбен бөлісу: |