Тұтастанудың түрлері
Сюжеттік тұтастану. Ол, ғалымның ойынша, негізінен орыс былиналарына тән. В. Жирмунский эпикалық сюжеттің тұтастануы деп әуел баста батырдың бір ғана ерлігі хақында шағын өлеңге біртебірте басқа да қаһармандық эпизодтардың жіпке тізілген маржандай бірбіріне жалғана келіп, бәрі бірігіп, жаңа, біртұтас шығармаға айналуы процесін айтады.
Екіншісі – ғұмырнамалық (биографиялық) тұтастану. Оған, оқымыстының пікірінше, тыңдаушылардың батырға, оның өмірбаянына деген ынтықтығы негіз болған. Бұл тәсіл бойынша, эпос батырдың туғанынан өлгенге дейінгі ғұмырын баяндайды. Әрине, өмірінің әр кезеңін әр түрлі әңгімелейді. Мысалы, ғажайып жағдайда тууы мен ерлік көрсеткен тұстарын кең түрде, көтермелеп, пафоспен суреттейді.
Тұтастанудың үшінші түрі – шежірелік (генеалогиялық) сипатты болады. Бұл шарт бойынша, эпос батырдың өзін ғана емес, оның ұрпақтарын да жырлайды. Сонымен қатар эпоста батырдың бабалары да жырланады, сөйтіп бір көлемді эпопея құрылады. Бұл көп жағдайда тыңдаушылардың қалауы бойынша жасалады.
Тұтастанудың ендігі бір түрі – бір орталыққа топтасу, яғни ұлы батырдың бірнеше батыры болады, эпос солар туралы баяндайды.
Достарыңызбен бөлісу: |