Контагиозды гельминтоздар – қатынастық-тұрмыстық жолмен берілетін паразиттік аурулар (энтеробиоз, гименолепидоз). Энтеробиоз, гименолепидоз - жоғары контагиоздық дәрежеге ие және көбінесе ұйымдастырылған балалар ұжымдарындағы балаларды зақымдайтын контагиозды гельминтоздар. Ұйымдастыру-құқықтық түрлерi мен меншiк нысанына қарамастан, барлық денсаулық сақтау және бiлiм беру ұйымдарының медициналық қызметкерлерi алдын ала және мерзімдік медициналық тексеру, медициналық көмек көрсету кезiнде контагиозды гельминтоздармен ауыратындарды анықтауды жүзеге асырады. Диагноз зертханалық тексерулер негiзiнде қойылуы тиiс. Гименолепидозды диагностикалау үшiн толықтыру әдісі (Калантарян, Фюллеборн, эфир-формалиндік бойынша) қолданылуы тиіс. Геминолепидоз кезінде нәжiстi гельминтоз жұмыртқасының шығуына байланысты 5-7 күн сайын үш рет қайталап тексеру керек (бiр рет тексерiлгенде ауыратындардың тек қана 40-50% анықталады). Энтеробиозды диагностикалауда перианальдық қырынды алынған материал микроскопта қаралуы тиiс (жабысқақ жолақты қолдану әдiсi және 50% глициринға немесе 1 % ас тұзы ертiндiсiне салынған мақта тампондары).
СОРҒЫШТАР КЛАСЫ - TREMATODA
Бұл класс өкілдерінің бәрі де паразиттер, олар омыртқалы және омыртқасыз жануарлардың әр түрлі ішкі мүшелерінде паразиттік тіршілік етеді. Сорғыштарға 4000 түр жатады. Сорғыштардың көпшілігі бірнеше миллиметрдей ғана, бірақ кейде бұл құрттардың ірілері де болады. Мысалы, бауыр сорғыш құрттардың ұзындығыЗ см, кейбір бауыр сорғыштары 1,5 м-ге дейін жетеді (Didymozoidea тұқымдасынан).
Құрылысы мен физиологиясы. Дене формасы көбінесе жапырақ тәрізді. Бұлардың сорғыштары болғандықтан кластың атауы да солай. Сорғыштар ойыстау болып, шет қабырғалары бұлшықет талшықтарынан құралған, сақина тәрізді бұлшықеттерімен көмкерілген. Осы бұлшықеттердің қозғалысы арқылы сорғыштар үлкейе де, кішірейе де алады.
Денесінің алдыңғы және құрсақ бөлімдерінде бір-бір сорғыштары бар, яғни ауыз және құрсақ сорғыштары. Олар бекіну мүшелері болып табылады, себебі осы сорғыштар арқылы құрттар иесінің денесінде бекініп тұрады. Көпке дейін трематодтардың денесі эпителиальды клеткалардан бөлінетін қорғау функциясын атқаратын қатты зат - кутикуламен қапталған деп есептелді. Электронды микроскоп арқылы зерттеулер ол көзқарастың дұрыс емес екенін көрсетті. Трематодтардың, жамылғысы - тегумент, кейбір турбеллярилердің батқан эпителиіне сәйкес келетіні анықталды, бірақ, паразиттік тіршілік етуіне байланысты кірпікшелері болмайды. Тегументтің сыртқы бөлігі - көптеген митохондрия мен вакуольдері бар ядросыз цитоплазмалы қабат. Бұл қабат цитоплазманың өсінділері арқылы паренхиманың ішіне батып жатқан ядросы бар цитогтлазмамен байланысады (58-сурет). Сонымен, трематодтардың тегументі турбелляриялардың батып жатқан эпителиі сияқты синцитий болып табылады. Тегументтің жоғарғы қабатында кейде кутикулярлы тікенектері болады - бұлар паразиттердің қосымша бекіну мүшелері. Бұл қабаттың астында базальды мембрана, оның астында сақина және ұзына бойы бұлшықеттер орналасқан. Тері - бұлшықет қапшығы мен паренхиманың құрылысы кірпікшелі құрттарға ұқсас. Сорғыштар аз қозғалады.
Ас қорыту жүйесі. Денесінің алдыңғы жағындағы аузы эктодермальды жұтқыншаққа, ал ол жіңішке өңешке жалғасады. Энтодермальды ортаңғы ішек өңештен басталып, дененің бүйірімен артқа қарай созылып тұйықталған екі тармақтан құралады. Ірі трематодтарда, мысалы бауыр сорғыштың (Fasciola hepatica) ішегі көп тарамдалған. Бұл тарамдар қорытылған асты паренхималық денесіне таралуын оңайлатады (59,А-сурет).
Зәр шығару жүйесі - протонефридиялы. Денесінің ортасында немесе екі бүйірінде негізгі түтіктері орналасқан, олардан ұштарында толқындалған алаулы жұлдыз тәрізді клеткалары бар көптеген тарамдар шығады. Негізгі түтіктер денесінің артқы жағындағы қуыққа, ал ол зәр шығару тесігімен сыртқа ашылады.
Тыныс алу және қан айналу жүйелері жоқ.
Нерв жүйесі жұп ми ганглиясынан тұрады. Одан дененің алдыңғы жағына және ауыз сорғышына қарай нервтер, сонымен қатар артқа қарай үш жұп ұзына бойы нерв бағаналары тарайды. Әсіресе, ерекше қалыңдаған құрсақ бағаналары жақсы дамыған. Ұзына бойы бағаналар сақина тәрізді өсінділермен өзара байланысып, ортогон типіндегі нерв жүйесін түзейді.
Сезім мүшелері құрттардың паразиттік тіршілік етуіне байланысты өте нашар дамыған. Сорғыштардың личинкаларында турбелляридікіне ұқсас бір немесе екі жұп кішкене көзшелері болады. Тері рецепторлары көбіне еркін жүзетін личинкаларында дамыған.
Жыныс жүйесі гермафродитті, жақсы дамыған. Бауыр сорғыштың (Fasciola hepatica) жыныс жүйесін қарастырайық.
Аталық жыныс жүйесі тарамдалған екі тұқым бездерінен тұрады. Олардан алға карай бағытталған екі тұқым жолы шығып, кейін олар қосылып тұқым қапшығына айналады да, тұқым шығарғыш түтікпен шағылыс мүшесіне жалғасады. Ол өзінің шетімен жыныс клоакасына қарай бағытталған.
Аналық жыныс безі әрқашан біреу. Одан шығатын қысқа жұмыртқа жолы кеңейіп кішкене қапшықшаға - оотипке айналады. Кейде оотипті Мелис денешігі деп те атайды. Оотипке аналық жыныс жүйесінің көптеген жолдары жалғасады. Дененің екі бүйірінде жұмыртқаларға қоректік затты беретін сарыуыз бездері орналасқан, сарыуыз бездерінің екі жолы денеден көлденең өтіп, оотипке жалғасады. Оотиптен әуелі артқа одан кейін алға бұрылып, жыныс клоакасына ашылатын ұзын ширатылған түтік - жатын басталады. Жатын ұрықтанған және дамып келе жатқан жұмыртқаларға толы болады. Оотип тұқым қабылдағышпен және өзінің бір шетімен арқа жағына ашылатын қысқа "Лаурер" түтігімен өзара байланысқан. Оотип ұсақ қабыршақты бездермен қоршалған.
Трематодтардың кейбір өкілдерінде жыныс жүйелері айтылған схемадан бірқатар белгілері бойынша ерекше: жұмыртқа бездері кейде тарамдалмаған; аталық бездері жұп емес; жыныс клоакасы дененің артқы бөлімінде орналасқан, т. б.
Жұмыртқа аналық безінен, аналық жолы арқылы оотипке түсіп, онда ұрықтанады. Ұрыктандыру үшін сперматозоидтар шағылыс мүшесі арқылы әуелі жатынға, содан тұқым қабылдағышқа, одан оотипке өтеді де, жұмыртқаларды ұрықтандырады. "Лаурер" түтігі оотипте жиналып қалған ұрықтардың артық мөлшерін денеден шығару қызметін атқарады. Сарыуыз бездерінен оотипке баратын жолдар арқылы қоректік затқа толы сарыуыз клеткалары өтеді. Әрбір ұрықтанған жұмыртқа осындай клеткалардың тобымен қоршалады. Сонан соң оның сыртына жұмыртқа қабығы түзіледі. Жұмыртқа қабығы сарыуыз клеткаларында болатын ерекше фанулдар арқылы түзіледі. Толық түзілген жұмыртқа жатынға түседі де, сол арқылы сыртқа қарай шығарылады.
Көбеюі және дамуы. Трематодтардың тіршілік циклі иесін және ұрпақ алмастыруға байланысты өте күрделі. Гермафродитті жыныс жүйесі жетілген сорғыш немесе марита омыртқалы жануарлардың ішегінде және басқа мүшелерінде паразиттік тіршілік етеді. Бауыр сорғыштың дамуымен танысып өтеміз.
Бауыр сорғыш - Fasciola hepatica мүйізді ірі қара малдар мен қойлардың және адамның бауырында паразиттік тіршілік етеді. Олардың салған жұмыртқалары өт жолы арқылы ішекке түсіп, иесінің ішегінен нәжіспен араласып сыртқа шығарылады. Ары қарай даму үшін жұмыртқа суға түсуі керек. Су ішінде жұмыртқадан денесі толқынды эпителимен жабылған личинка-мирацидий шығады. Мирацидидің екі көзшесі, ми ганглиясы және жұп протонефридиялары болады. Денесінің артқы бөлімінде ерекше ұрықтық клеткалар немесе партеногенетикалық жұмыртқалар жатады. Денесінің алдыңғы үштен бір бөлігінде, цитоплазмасы дәнді секретке толы үлкен без орналасады. Бұл бездің жолдары личинка денесінің алдыңғы
бөліміндегі кішкене бұлшықетті тұмсықшаның ұшында ашылады. Бездің секреттері мирацидидің аралық иесіне енуге көмектеседі. Мирацидий қоректенбейді, эмбриональды даму кезіндегі жиналған гликоген қоры арқасында өмір сүреді. Бірқатар уақыт мирацидий суда еркін жүзіп жүреді. Өзінің ары қарай дамуы үшін ол аралық иесінің денесіне түсуі керек. Көп жағдайда аралық иесі ұлулар болып келеді. Мирацидий тұмсықшасы арқылы ұлу денесіне еніп, оның ішкі мүшесіне өтеді. Ұлудың денесіне енуде личинка безінің секретгері көмектеседі. Мирацидий кірпікшелерін тастап, формасыз, қозғалмайтын қапшық тәрізді спороцистаға айналады. Бұл көбею қабілеті бар, жыныстық жүйесі жетілген сатысы. Спороцистаның денесіндегі партеногенетикалық жұмыртқалары әрбіреуі бөлініп, келесі - редия деп аталатын ұрпаққа айналады. Редия, спороцистадан қозғалғыштығымен және денесіңдегі саңылауымен ерекше. Ол саңылау, редия ішіндегі партеногенетикалық жұмыртқалардан түзілген ұрықтардың жаңа ұрпағын шығару қызметін атқарады. Спороцисталар сияқты редияның денесіндегі партеногенетикалық жұмыртқалары бөлініп, редияның ішінде жаңа ұрпақ - церкариялар пайда болады. Церкария - гермафродитті особьтің личинкасы, оған көптеген белгілері де ұқсас: сорғыштары, тарамдалған ішегі, миы және зәр шығару жұйесі болады. Оның негізгі ерекшелігі - денесінің артқы бөлігінде ұзын, бұлшықетті, қозғалғыш құйрықшасының болуы. Трематодтардың кейбір түрлерінде церкарияның тағы да уақытша мүшелері болады: жұп көзшесі, өткізгіш бездері деп аталатын бір клеткалы бездер тобы, дененің алдыңғы жағында болатын үшкір ине немесе стилет. Церкариялар редия денесіндегі саңылаудан шығып, одан ұлу денесінен шығып, құйрығының қозғалысы арқасында суға еркін жүзіп кетеді. Мирацидия секілді олар қоректенбейді, денесіндегі қорек қоры арқылы өмір сүреді.
Церкария су жағасындағы өсімдікке немесе балдырларға жабысып, құйрығын тастап, циста түзеді. Циста ерекше бездерден бөлініп шығады. Бұл саты адолескария деп аталады. Адолескария ересек түріне айналу үшін енді өзінің негізгі иесінің денесіне түсуі тиіс. Негізгі иесі, мысалы, ірі қара (сиыр) су қоймасына келіп, сумей немесе судағы шөппен бірге адолескариді де жұтады. Сиырдың ішегінде циста қабаты еріп, қан тамырлары арқылы жас сорғыштар жыныстық жетілетін орнына - бауырдың өт жолдарына өтеді. Егер, олардың тіршілік циклдерінің дамуына жағдайлар жасалмаса, олар өледі немесе толық дамымай қалады. Мысалы, жұмыртқа суға түскенде суда ұлу болуы керек, әйтпесе, личинка мирацидий өледі, ал су қоймасына ірі жануарлар келіп тұрмаса, адолескария толық дамымайды. Қолайсыз факторлар көп болса да, паразиттер оларға бейімделе алады. Бейімделудің бір жолы - паразиттердің жұмыртқаны өте көп салуы. Турбелляриялардың көпшілігінде жұмыртқа саны жүздеген болса, сорғыштарда мыңдаған және ондаған мыңға жетеді. Бұл құбылыс паразиттердің жұмыртқаларының "көп болу заңы" деп аталады.
Кейбір сорғыштардың еркін жүзетін церкарияларының тіршілік циклінің мынадай ерекшеліктері болады. Сорғыштардың көпшілік түрінің церкариялары екінші аралық иесінің денесіне түсуі керек. Бұл көптеген жәндіктердің, мысалы, су насекомдарының, моллюскалардың, балықтардың, бақалардың личинкалары болуы мүмкін. Стилет арқылы церкария екінші аралық иесінің жамылғысын жаралап, сол жерге өткізгіш безінің секреттерін құяды. Церкария құйрығы мен стилетін тастап, жіңішке мөлдір қабатпен қапталады да циста түзейді. Сол күйіңде метацеркария деп аталады және дамудың бұл сатысы тыныштық сатысы. Егер, екінші аралық иесін қандай да бір ірі омыртқалы жануар қорек етсе, метацеркарий оның ішегінде қабырғасынан босап, гермафродитті особьқа айналып, дамуын аяқтайды. Омыртқалы жануарлар метацеркаридің соңғы иесі болып келеді.
Трематодтардың тіршілік циклінде көрсетілген жолынан әр түрлі ауытқулары болуы мүмкін. Мысалы, кең тараған қауіпті паразит - бауыр сорғышының (Fasciola hepatica) аралық иесі жалғыз. Ол - кіші тоспа ұлуы (Lymnaea trancatula), денесінде спороцисталар мен редиялардың дамуы жүреді. Ал ланцет тәрізді кішкене сорғыш құрттың (Dicrocoelium lanceatum) негізгі иесінен (ірі қара, қой, ешкі) нәжіспен бірге сыртқа шыққан жұмыртқалары құрлықта тіршілік ететін моллюскалардың (Helicella туысының) ішегіне түсуі керек. Моллюсканың ішегіңде жұмыртқадан личинка мирацидий шығып, ол оның бауырына енеді. Осы жерде метаморфозға ұшырап, церкария стадиясына көшеді. Церкариялар моллюсканың өкпесіне өтіп, тыныс жолдары арқылы топыраққа түседі. Ары қарай даму үшін церкариялар екінші аралық иесіне - құмырсқалардың (Formica туысының) ішегіне түсуі тиіс. Құмырсқаларда церкария соңғы метацеркария сатысына айналады. Құмырсқалар паразиттің қосымша иесі болып саналады. Метацеркария ересек түріне айналу үшін енді өзінің негізгі иесінің денесіне түсуі тиіс.
Сонымен, сорғыштардың жоғарыда келтірілген даму циклдерінде ұрпақтарын ауыстырып отыру жолдары байқалады, яғни бір ұрпақ ұрықтанған жұмыртқадан дамыса (мирацидиялар), келесі ұрпағы ұрықтанбаған жұмыртқадан (партеногенез жолымен) дамып, кезектесіп отырады. Осындай даму процесін - гетерогония деп атайды. Сорғыштардың дамуына гетерогония тән.
Трематодтардың физиологиясы. Трематодтардың тіршілік циклінде тіршілік ету ортасы мен паразиттік және еркін жүзетін сатыларының алмасып отыруы байқалады. Мысалы, мирацидиялар және церкариялар суда жүзіп жүрсе, сонымен қатар спороциста, редия, мариталар паразиттік тіршілік етеді. Бұл ерекшеліктері олардың физиологиясына да әсер еткен. Трематодтардың әр түрлі ұрпақтарының қоректенуі де әр түрлі. Омыртқалы жануарлардың паразиттері - мариталар өз иесінің ішегіндегі заттарымен немесе иесінің қанымен қоректенеді. Қоректі қорыту процесінде турбелляридікі тәрізді ішкі клеткалық қорыту маңызды орын алады. Моллюска бауырының паразиті - редиялар, олар бауыр тканімен қоректенеді. Моллюска бауырында тіршілік ететін спороцисталардың қоректену әдісі ерекше. Бұл паразиттердің ішегі болмағандықтан, иесінің бауыр тканьдерін ерітетін ас қорыту ферменттерін дене жамылғысы арқылы бөліп шығарады. Қорытылған асты құрт бүкіл денесі арқылы сорып алады. Copy процесін ұлғайтатын тегументтің көптеген цитоплазма өсінділері /микроворсинкалар/. Еркін /мирацидия мен церкариялар/ тіршілік ететін личинкалар эмбриональдық даму кезінде жиналған қор затымен қоректенеді. Қор затының молдығы қанша болса, личинкалардың тіршілік ету ұзақтығы да сонша. Мысалы, бауыр сорғыштың (Fasciola hepatica) личинкасы - мирацидия 48-60 сағат қана өмір сүреді. Осы уақытта ол өз аралық иесін - ұлуды тауып, оның денесіне енуі тиіс.
Трематодтардың тіршілік циклінің әр түрлі сатыларында зат алмасу да сан алуан. Еркін тіршілік ететін личинкалар суда еріген оттегіні бүкіл денесі арқылы қабылдап, тыныс алады. Трематодтардың паразиттік ұрпақтары және ересек особьтары иесінің ішкі мүшелерінде тіршілік етуіне байланысты олар анаэробты тыныс алу жолына көшеді. Энергия қызметін гликоген атқарады. Гликогеннің анаэробты ыдырауына байланысты күрделі биохимиялы айналымдар жүріп жатады.
Бұл алмасу әдісі энергетикалық жағынан гликогенді көп қажет етеді. Соған қарамастан, паразиттер анаэробты процестер арқылы өмір сүре алады, себебі олар үшін иесінің организмі - гликогеннің таусылмас қоры.
Классификациясы. Сорғыштар класы екі класс тармағына бөлінеді.
ДИГЕНЕТИКАЛЫҚ СОРҒЫШТАР НЕМЕСЕ ҚОСЕЗУЛЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - DIGENEA
Бұлардың өкілдері екі сорғышымен, иелерін ауыстыруымен және ұрпақтары кезектесіп, күрделі дамуымен ерекше. Класс тармағы көлемінде өте көп түрлері белгілі, негізінде адамның және омыртқалы жануарлардың ішкі паразиттері. Басты өкілдері: бауыр сорғыш - Fasciola hepatica, ланцет тәрізді сорғыш - Dicrocoe-lium lanceatum, мысық немесе сібір қосезуі - Opisthorchis filineus, қан косезуі -Schistosoma haematobium, т. б.
Бауыр сорғыш - Fasciola hepatica, 3-5 см, ірі, жапырақ тәрізді құрт. Ірі қара малдардың, қойдың, кейде адамның да бауырының өт жолдарында тіршілік етеді. Мүшелері көп тарамдалған: ішегі, зәр шығару және жыныс жүйесі. Fasciola hepatica - жаппай эпизоотияға себепші болады. Эпизоотия - мал індеті, жұқпалы аурулардың қалыптан тыс ұлғайып кету құбылысы. Паразиттің патогенді әсері арқасында - өт жолдары бітеліп, өттің өтуі қиындауынан, жануарлар бауырдың қапы ауруға шалдығуынан өліп қалады. Эпизоотиялар жаңбырлы жылдары көп болады. Адамдарда бауыр сорғышы сирек кездеседі, ал ауруға шалдығу уақытша су қоймаларынан адолескария личинкасын жұтқаннан болады. Бауыр сорғыш құрттардың жұқтыратын ауруларды - фасциолез деп атайды. Жас малдарға фасциолез ауруы өте қауіпті.
Ланцет тәрізді сорғыш - Dicrocoelium lanceatum ұзындығы 0,5-1,2 см, адамның, ірі қара малдың, қойлардың, ешкілердің, үй қояндарының бауырында, өт жолдарында паразитгік тіршілік етеді. Олар дикроцелиоз деген ауруды тудырады. Алғашқы аралық иесі құрлықта тіршілік ететін моллюскалар, екінші аралық иесі құмырсқалар.
Мысық немесе сібір қосезуі - Opisthorchis felineus иттің, мысықтың және адамның бауырында, өт жолдарында паразиттік тіршілік етеді. Ұзындығы - 8-13 мм, ені - 1,2-2 мм. Негізгі ерекшелігі аталық бездері жапырақ формалы болып, артқы дене бөлігінде орналасуы (61,А-сурет). Сорғыштың бірінші аралық иесі Bithynia leachi ұлуы, ал екіншісі - балықтар. Адамның ауруға шалдығуы - метацеркариі бар шала піскен балықты жегеннен. Описторхис адамға патогенді әсер етеді, ал паразиттердің саны көп болса, өліммен аяқталуы мүмкін. Бір адамда 75000 сорғыштардың табылғаны туралы деректер бар. Мысық сорғышы Сібірде, Еуропаның Шығыс және Оңтүстік аудандарында таралған. Описторхоз ауруына ұшыратады.
Қан косезуі - Schistosoma haematobium қос жынысты. Аталығы
/ұзындығы 12-14 мм/ аналығынан қысқа, бірақ жуан, құрсақ бөлімі ұзынша, ішке қарай еніңкі келеді, ол гинекофор ойығы, (canalis gynaecophorus), онда ұзын /20 мм/, бірақ жіңішке аналық жатады, паразиттер әрқашанда жұбымен кездеседі (61,Б -сурет). Дөңгелек ірі /0,12 мм/, қақпақсыз жұмыртқалары болады. Шистозома адамның құрсақ қуысының ірі веноздық тамырында, қуық пен бүйректің веналарында тіршілік етеді. Аналықтары жұмыртқаларын қуық пен артқы ішектің қабырғаларындағы тамырларға салады. Құрамында мирацидиялары бар жұмыртқалар қуық қабырғасын тесіп, оның қуысына түсіп, несеппен сыртқа шығады. Жұмыртқалардың несепте табылуы - шистозоматоз ауруын көрсетеді. Паразиттер қуықта, бүйректе және несеп жолдарында тіршілік етіп осы мүшелерді қабындырып, жаралайды. Содан басқа, жұмыртқалардың жиынтығының маңайында фосфорқышқыл тұздары жиналып және қуықта тастар пайда болуы мүмкін.
Қан қосезуінің мирацидиялары суға түсіп, тұщы судағы моллюскаларда дамып, церкарилерге айналады. Олар адамның денесіне суға шомылғанда терісіне жабысып, қан тамырларына өтеді. Қан қосезуі негізінен Африкада, Үндістанда сонымен қатар Америкада, Кипрде және басқа жерлерде тараған.
Шистозоматоз - адамның өте ертедегі ауруы, жұмыртқалары біздің эрамызға дейінгі 1300 жыл бұрынғы Египет мумияларынан табылған.
МОНОГЕНЕТИКАЛЫҚ СОРҒЫШТАР КЛАСЫ - MONOGENOIDEA
Моногенетикалық сорғыштар - балықтардың терісі мен желбезегінде, амфибиялар мен бауырымен жорғалаушылардың қуығында және басқа да мүшелерінде тіршілік ететін эктопаразиттер. Олардың түр саны 2500-ге жетеді.
ТАСПА ҚҰРТТАР КЛАСЫ - CESTODA
Таспа құрттар класының өкілдері сорғыштар мен моногенетикалық құрттарға қарағанда паразиттік тіршілікке толығырақ бейімделген. Бұлар тек қана эндопаразиттік өмір сүреді, жұмыртқалары өте аз уақыт сыртқы ортада бола алады, ересек кезінде әр түрлі омыртқалы жануарлардың, адамның ішегінде тіршілік етсе, личинкалары омыртқасыз және омыртқалы жануарлардың ішкі мүшелерінде және дене қуысында тіршілік етеді. Түрлері 3000-нан астам. Таспа құрттар жұқтыратын ауруларды цестодоз деп атайды.
Құрылысы мен физиологиясы. Денесі барынша созылыңқы, арқа- құрсақ бағытында жалпайып келген, лента тәрізді, ұзындығы 1 мм-ден 10-15 м-ге дейін. Көбіне денелері проглоттидтер деп аталатын жеке буындардан тұрады, ал проглоттидтердің тізбегі стробила делінеді. Кейбір түрлерінің денесі тұтас бөлінбеген. Денесінің алдыңғы ұшында сколекс (scolex) деп аталатын басы болады, одан бөлшектенбеген мойыны және бір қатар буындар (проглоттидтер) тіркесіп созылып жатады. Олардың саны 2-4-тен бірнеше мыңға жетеді. Буындардың немесе проглоттидтердің пішіні мойынынан қашықтаған сайын өзгере береді. Алдыңғы буындары қысқа, гермафродитті немесе пісіп жетілмеген буындар деп аталады, артқы жағындағы буындары ұзынырақ, жалпақтау - пісіп жетілген (ұрықтанған жұмырткаларға толы) буындар. Олар құрттың денесінен үзіліп нәжіспен бірге сыртқа шығарылып тұрады, ал үзілген буынның орнына келесі буындар жетіледі, себебі мойын бөлімінен үздіксіз жаңа буындар түзіліп, олар артқа қарай ығысып, пісіп жетіліп тұрады.
Басы немесе сколекс домалақ, сүйір, жалпақ пішінді болып келеді. Басы қадалып, жабысатын мүшелерімен қаруланған, олар: бұлшықеттері бар сорғыштар; ботридиялар - ерекше үзын қысқыш аппараты; ботрия немесе сорып қадалатын саңылау; тіркелгіш шұңқырлар; ілмешектер; имекқармақшалар; тістер, т.б.
Таспа құрттардың тері жабындысы трематодтар мен моногенеяларға ұқсас болады, тек тегументгің сыртқы ядросыз цитоплазмалық қабатының бетіңде көптеген кірпікшелі өсінділері бар. Кірпікшелі өсінділер - микротрихиялар деп аталады, өте сақ, тек электронды микроскоп арқылы көрінеді, құрттың коректенуінде маңызды қызмет атқарады.
Базальды мембранасының астында бұлшықет талшықтарының шумағынан құрылған тері-бұлшықет қабы жатады. Оның ішінде сақина тәрізді және ұзына бойы созылған бұлшықеттер қабаты, сонымен қатар арқа- құрсақ (дорзо-вентральді) бұлшықеттері де орналасқан. Құрттар бұлшықеттерін жиырып қозғалады.
Таспа құрттардың паренхимасында едәуір көлемде гликогеннің жиынтығы және шашыранды түрде орналасқан көмірқышқылды ізбест денешіктері болады. Гликогеннің болуы, құрттардың анаэробты тыныс алатын жағдайда тіршілікке қажет энергияны бөлетіндігіне байланысты. Ал өте ұсақ ізбесті денешіктердің құрылысы және атқаратын қызметі толық анықталмаған, бірақ оларды экскретті (зат алмасу процесіндегі соңғы, организмге қажеті жоқ өнімдер) денешіктер деп қарастырып, буферлік жүйенің қызметін атқарып, құрттарды қышқыл ортаның зиянды әсерінен сақтайды деген болжамдар бар.
Таспа құрттардың тағы бір ерекшелігі - ас қорыту жүйесі толығымен жойылған. Иесінің ортаңғы ішегінде паразиттік тіршілік етуіне байланысты, қорытылған қоректік сұйық заттың ішінде батып жатады. Осы қорытылған қоректік затты паразиттер сыртқы ядросыз цитоплазмалық қабатының бетінде орналаскан көптеген кірпікшелі өсінділер - микротрихиялар арқылы сіңіреді.
Зәр шығару жүйесі - протонефридиялы. Денесінің бүйірі жағынан ұзына бойына созылған екі негізгі зәр шығару түтіктері өтеді. Түтік дененің артқы жақ шетінен басталып алдыңғы жаққа қарай бағытталады. Бас бөлімге жеткен түтік қайта кері бағытта артқа қарай жетіп, зәр шығару саңылауымен аяқталады. Кері бағытталған екі түтік денесінің соңында бірігіп, жиырылғыш қуықпен аяқталады. Денесі буындалған құрттарда бүйірлік ұзына бойына созылған зәр шығару түтіктері әрбір буында көлденең түтікпен байланысьш, сатылы түрде болады. Соңғы буындардың үзіліп түсуінің нәтижесіңде жиырылғыш қуығы жоқ, бүйірлік түтіктер тікелей сыртқа қарай ашылады. Зәр шығару жүйесіндегі бүйірлі түтіктерден дене ішіне (паренхимаға) қарай көптеген түтікшелер тарап, олар бос ұшында жұлдыз тәрізді "кірпікше жалынды" терминальды клеткалармен аяқталады. Терминальды клетклар арқылы жиналған несеп заттар түтікшелерге өтіп, негізгі түтіктер арқылы сыртқа шығарылады.
Қан айналу және тыныс алу жүйесі болмайды. Анаэробты жолымен тыныс алады.
Нерв жүйесі, сезім мүшелері нашар дамыған. Орталық жүйке жүйесі жұп ми түйінінен тұрады. Бұл екі түйін бас бөлімінде орналасып, өзінен артқа қарай бірнеше жұп нерв бағаналарын таратады. Бағаналар өзара көлденең байланысып, ортогонды нерв жүйесін құрайды. Ерекше дамыған екі бағана дененің бүйірінен өтіп, өзінен көптеген тармақтарды бөледі, олар өзара тұтасып тері асты нерв қабатын түзеді. Сезім мүшелері денесінің беткі жағында сезу клеткалары түрінде шашырап таралған. Көп мелшерде олар бас бөлімінде (сколексте) кездеседі.
Жыныс жүйесі гермафродитті, құрылысы жағынан сорғыштарға ұқсас, бірақ таспа құрттардың әр түрлі топтарының жыныс мүшелерінің пішіні, орналасуы, саны жағынан әр түрлі болатыны байқалады (мысалы, бірқатар түрлерінің жыныс тесігі құрсақ немесе арқа жағында ашылады; кейбір түрлерінің жыныс бездері біреу болса, екіншілерінде жүзден асады, т. б.).
Таспа құрттардың жыныс жүйесінің құрылысын және дамуын өгіз солитерін (Taeniarhynchus saginatus) алып қарастырайық. Өгіз солитерінің (цепенінің) кішкене басы, қысқа мойны және буындардан құралған ұзын 10-20 м-ге жуық денесі болады. Солитердің алдыңғы ең жас 3-4 буындары болмаса, басқа буындарының әрқайсысында күшті дамыған гермафродитті жыныс жүйесі бар. Осындай буынды - гермафродитті буын деп атайды.
Көпіршік пішінді аталық бездері паренхиманың арасында шашырап орналасқан. Аталық бездерінің тұқым шығару түтіктері бірігіп ортақ аталық жолын құрайды. Аталық жолы кеңейіп шағылыс (penis) мүшесіне айналып, буынның бүйір бөлігіндегі жыныс клоакасына еніп жатады.
Аналық мүшесі тарамдалған екі аналык бездерінен құралып, аналық жолы арқылы оотипке ашылады. Оотипке екінші жағынан сарыуыз безі де ашылады. Оотиптен екі канал шығады. Біреуі кынап, аталық жолымен қатар созылып жыныс клоакасына ашылады, екіншісі буынның алдыңғы бөлігіне бағытталып тұйық бітетін жатын.
Жұмыртқа клеткалары аналық безінен оотипке түсіп, осы жерде қынап арқылы келетін сперматозоидтармен қосылып ұрықтанады да, сарыуыз және қабыршақпен қапталып, тұйық бітетін жатынға өтеді. Осы жерде дамуының бірінші сатысы басталады. Жатынға түскен жұмыртқалардың саны өте көп, сондықтан жатынның орталық бөлімінен оң және сол жаққа қарай жанама тармақтары тарап, жұмыртқаларға толып жатады. Осылайша гермафродитті буын "пісіп жетілген" буынға айналады. Денесінің соңғы жағындағы пісіп жетілген буындар үзіліп, иесінің ішегінен сыртқы ортаға шығарылып тұрады. 18-20 жыл өмір сүретін өгіз солитері бір жылда 600 млн-нан аса жұмыртқа шығарады. Сонда бүкіл тіршілігі барысында солитер 11 млрд, жұмыртқа бөледі.
Дамуы. Адамның ішегінен нәжіспен бірге сыртқы ортаға шыққан пісіп жетілген буындар шіріп, ішіндегі жұмыртқалары топыраққа түседі. Дамуы үшін жұмыртқа аралық иесіне енуі қажет.
Өгіз солитерінің аралық иесі өгіз немесе сиыр. Осылардың ішегіне түскен жұмыртқадан онкосфера деп аталатын алты ілмешегі бар ұрық шығады. Осы ілмешектерімен онкосфера ішек қабырғасын тесіп, лимфа және қан жүйесіне түседі. Қан тамырлары арқылы онкосфера ішкі мүшелерге көбінесе бауырға, бұлшықеттерге, өкпеге, кейде миға жетеді. Осы мүшелерде ұрық - онкосфера финна деп аталатын личинка сатысына айналады. Финна бұршақ тәрізді сұйықтыққа толы көпіршік, оның ішінде төрт сорғышы бар басы болады (66-сурет). Осыңдай личинканы цистицерк деп те атайды. Личинка аралық иесінде бірнеше жыл өмір сүре алады. Финна ересек формасына айналуы үшін негізгі (түпкілікті) иесі - адамның ішегіне түсуі қажет. Финнозбен ауырған сиырдың толық қуырылмаған немесе пісірілмеген етін жеген адамның ішегіне түскен финна басын шығарып, сорғыштары арқылы ішекке жабысады. Көпіршігі еріп, қалған басы мойнымен бірге жедел өсе бастайды да, мойны жаңа буындарды түзеп, денесі ұзарады.
Сонымен, Taeniarhynchys saginatus-тың тіршілік циклі иесін алмастыру арқылы және күрделі құрылысты онкосфераның финнаға, финнаның таспа тәрізді ересек түрге ауысуымен байланысты.
Таспа құрттардың басқа түрлерінің де тіршілік циклі иесін алмастыру және онкосфераның финна личинкасына, финнаның ересек түріне ауысуымен өтеді. Финнаның бірнеше формалары болады: жоғарыда көрсетілгендей цистицерк-сұйықтыққа толы көпіршік, ішінде жиырылып жатқан бір басы болады; ценур-сұйықтыққа толы көпіршіктің қабырғасында бірнеше басы орналасқан, олардың әрқайсысы жеке особьқа айналады; финнаның ерекше түрі - эхинококк, көпіршігі үлкен, ішкі қабырғасында және көпіршіктің ішінде бірнеше басы бар көптеген көпіршіктері түзіледі; цистицеркоид - көпіршіктің құйрық тәрізді өсіндісі болады; плероцеркоид - құрт тәрізді личинка (67-сурет).
Классификациясы. Таспа құрттар класы 9 отрядқа бөлінеді. Осылардың негізгі екі отрядының өкілдері кең тараған және адам мен жануарлардың тіршілігі үшін аса қауіпті паразиттер.
1. Солитерлер немесе цепеньдер отряды - Cyclophyllidea
Бұл отрядтың негізгі ерекшеліктері: басында (сколекс) төрт сорғыштары мен кутикулярлы ілмектері бар; денесі көп буынды; жатыны тұйықталған; дамуы түпкі (негізгі) иесінен аралық иесіне көшу арқылы өтеді; личинкалары - цистицерк, цистицеркоид, ценур, эхинококк, альвеококк.
Солитерлер отрядына көптеген тұқымдастары жатады, солардың ішінде адам мен жануарларға күшті зиян келтіретін үш тұқымдастың өкілдері: Taeniidae тұқымдасынан Taeniarhynchus saginatus - өгіз солитері, Taenia solium - шошқа солитері, Echinococcus granulosus - эхинококк, Alveococcus multilocularis - альвеококк, Multiceps multiceps - қой мишығы; Anoplocephalidae тұқымдасынан - Moniezia expansa -мониезия; Hymenolepididae тұқымдасынан - Hymenolepis nana - қортық солитері.
Достарыңызбен бөлісу: |