Өгіз солитері (Taeniarhynchus saginatus) немесе қарусыз цепені. Басында тек төрт сорғышы болады, ілмешектерінің және тістерінің жоқтығынан қарусыз деп аталады. Денесі 1000-нан аса буыннан тұрады, ұзындығы 18-20 м-ге дейін. Жыныс мүшесі 200-ші буыннан (проглоттидтен) бастап дамиды.
Пісіп жетілген буындарының ұзындығы 16-30 мм, ені 5-7 мм, тұйықталған жатын тармақтарының саны 17-35-ке жетеді.
Өгіз солитерінің даму циклі жоғарыда көрсетілген. Ересек түрлері адамның ортаңғы ішегінде тіршілік етеді, ал личинкасы аралық иесі сиырдың немесе өгіздің ішкі мүшелерінде дамиды. Личинкалары цистицерк типті. Жұқтыратын ауруы тениаринхоз деп аталады.
Шошқа солитері (Taenia solium) немесе қарулы цепені. Сыртқы дене пішіні, дене бөлімдері, құрылысы, даму циклы жағынан өгіз солитеріне ұқсас. Басында төрт сорғышынан басқа қосымша көптеген ілгектері болады, осы белгісіне қарай оларды қарулы деп те атайды. Денесі 900-дей буыннан тұрады, ұзындығы 2-3 м, кейде 6-8 м-ге дейін жетеді. Аналық безі өгіз солитерініңкідей екі бөлімнен емес, үш бөлімнен тұрады. Тұйық бітетін жатын тармақтарының саны 7-12. Ересек түрлері адамның ортаңғы ішегінде тіршілік етеді, ал цистицерк личинкалары аралық иесі шошқаның ішкі мүшелерінде дамиды. Кейде аралық иесі адам да бола алады. Шошқа солитерімен ауру адам құсқан кезінде жұмыртқалары қайтадан жұтылып ішектің ішіне түседі де, онкосфералары қан жолы арқылы ішкі мүшелерге өтіп (бұлшықеттеріне, бауырына, өкпесіне, жүрегіне, миына, көзіне), орналасып қалады. Бұдан пайда болатын цистицеркоз ауруы адам өмірі үшін өте қауіпті. Ересек түрінің жұқтыратын ауруын тениидоз деп атайды.
Эхинококк (Echinococcus granulosus). Денесі 3-4 буыннан тұрады, ұзындығы 2-6 мм. Басында төрт сорғышы және ұзарған тұмсығында ілмешектері дамыған. Алдыңғы буындары гермафродитті, ал соңғы жетілген буыны ұрықтанған жұмыртқаға толы болып келеді. Ересек түрлері иттердің, қасқырлардың ішегінде тіршілік етеді, ал эхинококк типті личинкалары аралық иесі: үй қояндары, тышқандар, мысық, қой, ешкі, ірі қараның, шошқаның ішкі мүшелерінде, әсіресе бауырында, өкпесінде мекендейді. Адам да аралық иесі бола алады. Өте қауіпті кеселге ұшыратады. Эхинококктың жұмыртқалары итгің қиымен араласып сыртқа тарайды, көп жағдайда олардың жүніне жабысып тұрады. Адам итті қолымен сипап, қолын жумай тамақ ішсе, жұмыртқалары аспен бірге ішке кетеді. Ішекке түскен жұмыртқалардан алты ілмекті онкосфералар дамып, олар қан арқылы ішкі мүшелерге жетіп мекендейді (бауырға, өкпеге, жүрекке, миға). Осы мүшелерде эхинококк көпіршігі үлкен көлемде өсіп, мүшелерді ісіндіріп қатты зақымдайды. Эхинококк көпіршігін тек қана операция арқылы алып тастауға болады. Эхинококк көпіршігі өте жай өседі. Бір айдан кейін оның диаметрі 1 мм-ге жетеді, 5 айдан кейін - 1 см. Көпіршік жылдар бойы өседі (20-30 жыл). Адамға эхинококкоз ауруы өте қауіпті.
Альвеококктың (Alveococcus multilocularis) дене пішіні, дене бөлімдері, құрылысы, даму циклі эхинококқа өте ұқсас. Түпкі иесі түлкі, сонымен қатар ит, қасқыр, басқа да жыртқыштар. Аралық иесі - кемірушілер. Адам да аралық иесі бола алады. Альвеококк көпіршігі бір шоқ болып орналасады және көпіршіктер жайылып өсуі нәтижесінде бір мүше емес, басқа да мүшелер зақымдалады. Көпіршіктерді тек қана операция арқылы алып тастауға болады. Эхинококка қарағанда, альвекокктар өте қауіпті құрттар.
Hymenolepididae тұқымдасына жататын қортық (ергежейлі) солитері (Hymenolepis nanaның) денесі 100-200-дей ұсақ буыннан тұрады, ұзындығы 1,0-4,5 см. Басқа солитерлерден айырмашылығы даму циклі бір ғана иесінің ішінде өтеді - адамның ортаңғы ішегінде. Ұрықтанған жұмыртқалардан онкосфералар дамып, олар ащы ішектің өте ұсақ өсінділеріне - бүрлеріне еніп цистицеркоид личинкасына айналады. Кейін олар ішек арасына түсіп, сорғыштары арқылы ішекке бекініп, ересек түрі жұмыртқаларын бөліп шығарады. Жұмыртқалардың біразы адамның нәжісімен бірге сыртқа тарайды, ал қалғандарынан онкосфералар дамып, даму циклі қайталанады (70-сурет). Сонымен, адам құрттың негізгі және аралық иесі болып келеді. Хименолепис ауруымен көбінесе балалар ауырады. Адамның ішегіне солитердің жұмыртқалары жуылмаған жеміс, көкөніс, су арқылы өтеді.
2. Таспа құрттар отряды - Pseudophyllidea
Бұл отрядтың негізгі ерекшеліктері: басында (сколексте) сорып қадалатын екі саңылауы - ботриясы немесе ерекше ұзын қысқыш ойығы - ботридиясы немесе тіркелгіш шұңқыры болады; денесі көп бунақты; жатыны тұйық болмай, жұмыртқаны сыртқа шығаратын тесігі болады; дамуы түпкі (негізгі) иесінен екі аралық иесіне көшу арқылы өтеді; личинкалары - процеркоид, плероцеркоид.
Негізгі тұқымдастары: Diphyllobothriidae, өкілі Diphyllobothrium latum - жалпақ таспа құрт; Ligulidae, өкілі Ligula intestinalis - лигула немесе белдік құрт.
Жалпақ таспа құрт (Diphyllobothrium latum). Басында екі саңылауы - ботриясы болады, денесі 3000-4000-нан аса буыннан тұрады, ұзындығы 9-10 м. Пісіп жетілген буындарының ені 1,5 см, жатыны жапырақ тәрізді.
Жалпақ таспа құрттың дамуы иесін алмастыру жолымен өтеді. Ересек түрі адамның, иттің, мысықтың, түлкінің ащы ішегінде паразиттік тіршілік етеді. Ұрықтанған жұмыртқалары иесінің ішегінен нәжіспен араласып сыртқа шығарылады. Әрі қарай даму үшін жұмыртқалар суға түсуі керек. Су ішінде жұмыртқадан денесі кірпікшелермен қапталған алты ілмекті ұрық корацидий шығып, суда еркін жүзіп жүреді де, өзінің ары қарай дамуы үшін ол бірінші аралық иесінің денесіне түсуі керек. Аралық иесі шаянтәрізділер (Cyclops, Diaptomus туыстастарынан). Циклопка жұтылып, ішегіне түскен корацидий кірпікшелерін тастап, ішектің қабырғасын тесіп, циклоптың дене қуысына түседі және осында процеркоид деп аталатын құрттәрізді личинкасына ауысады. Процеркоидтың ұзындығы 0,5 мм, денесінің, соңында алты ілмешекті тасымалдайтын қосымша мүшесі болады, ол моногенея личинкаларының церкомер бөліміне ұқсас. Процеркоид үш апта уақытта дамып, келесі сатысына өту үшін екінші аралық иесіне - балықтың денесіне түсуі керек. Егерде балықтар (шортан, нәлім, алабұға, таутан, албырт) ішінде процеркоиды бар циклоптарды жұтса, онда процеркоид балықтың ішегін тесіп балықтың бұлшыкеттеріне, жыныс бездеріне, басқа да мүшелеріне өтіп, осы мүшелерінде церкомер бөлігін тастап, келесі плероцеркоид личинкасына айналады. Плероцеркоидтың ұзындығы 1-1,5 см, алдыңғы бөлігінде екі сорғыш саңылауы жақсы дамыған. Плероцеркоид ересек формасына өту үшін енді негізгі (түпкілі) иесі - адамның, иттің, мысықтың ішегіне түсуі қажет. Толық қуырылмаған немесе пісірілмеген балықтың етімен бірге ішекке түскен плероцеркоид, басын шығарып, сорғыш саңылаулары арқылы ішекке жабысып, мойыны жаңа буындарды түзіп, ересек формасына айналады.
Жалпақ таспа құртпен ауыруы - дифиллоботриоз деп аталады. Адам үшін бұл өте қауіпті ауру.
НАҒЫЗ ЖҰМЫР ҚҰРТТАР немесе НЕМАТОДТАР КЛАСЫ - NEMATODA
Нематодтар түр саны жағынан (27000-нан астам), кеңістікке таралуы сипаты жағынан да ең жоғары тұрған топ. Бұлардың бүкіл әлемде кездеспейтін ортасы жоқ. Мұхиттар мен теңіздер түбінде, тұщы суларда, топырақ арасында еркін қозғалып тіршілік етсе, паразиттік түрлері өсімдіктер мен жануарлардың барлық мүшелерінде кездеседі. Құстар мен насекомдардың паразиті ретінде олар ауа қабатын да меңгерген деп айтуға болады. Айналамызда жүріп жатқан шіру процесінің барлығы осы нематодтардың қатысуы арқылы жүреді. Кеңістікке таралуы тұрғыдан оларды бактериялар мен бірклеткалы организмдермен салыстыруға болады.
Нематодтардың тіршілік ету орталарының алуан түрлі болып келуіне қарамастан құрылыстары бірдей.
Құрылысы мен физиологиясы. Нематодтардың дене мөлшері мен формасы (пішіні) эволюция барысында түрлі тіршілік орталарына бейімделу нәтижесінде (бентос қабатында сырғуға, суда жүзуге, топырақ арасына енуге) қалыптасқан.
Грек тілінде "nematos" - жіп деген мағынаны білдіреді. Бұлардың денесі жіп тәрізді созылыңқы, цилиндр немесе ұршық тәрізді болып, ұштарына қарай сүйірлене түседі.
Еркін тіршілік ететін нематодтар ұсақ, ұзындығы 1 миллиметрге әзер жетеді, ал паразит түрлері әжептәуір ұзын болады. Мысалы: жылқы аскаридасының (Parascaris eguorum) ұзындығы 37 см, Placentonema gigantissima-ның 8 метр. Денесінің алдыңғы ұшында ауызы, артқысында аналь тесігі орналасқан және денесін бойлай төрт жолақ (екеуі бүйірінен, екеуі арқа және құрсақ бөлімдерінің ортасынан) таралымдар өтеді.
Нематодтардың денесі сыртынан қалың кутикула қабатымен қапталған. Кутикула (латынша "cuticula" - қабықша) клеткалық құрылысы жоқ, эпителий клеткаларынан бөлінетін тығыз қабықша. Құрамындағы белок пен минералды заттар және сақиналы әрі ұзынша келген таралымдары оған механикалык беріктік береді де, оны созылғыш етеді. Кутикула сомалық (дене) бұлшықеттерге тірек бола тұрып нематоданың өзіндік сыртқы қаңқасын құрайды да, денені механикалық жарақаттанудан, улы заттардың әсерінен сақтап, қорғайды.
Кутикуланың астында орналасқан гиподерма қабаты клеткалы не синцитиялы (клеткалардың косылуынан туған плазмалық қатар) құрылысты болып келеді. Денесінен өтетін төрт таралымына (сызығына) байланысты гиподерма ішке қарай төрт ойық (білеу) құрайды.
Гиподерманың астында бір қабаттан тұратын ұзына бойы бұлшықеттері жатады. Олар тұтас қабат құрмай гиподерманың төрт ойығына сәйкес төрт таспа (лента) тәрізді жіктеліп, бөлініп жатады: екеуі бүйір, екеуі арқа құрсақ бөлімінде.
Нематодтардың денесі арқа құрсақ бұлшықеттерінің қарама-қарсы кезектесе жиырылып серпілуінің нәтижесінде дорзо-вентральды бағытта ғана иіле алады және құрт оң немесе сол жақ бүйірімен қозғалады.
Әрбір бұлшықет клеткасы ұзын ұршық тәрізді болып, жиырылғыш және цитоплазмалық аймақтан, сонымен қатар нерв бағаналарына бағытталған плазмалық өсінділерден тұрады. Бұлшықет клеткасының жиырылғыш аймағында миофибрилдер, ал цитоплазмалық аймақта ядро, митохондриялар, гликоген гранулалары, тірек талшықтары, басқа да органеллалары орналасқан. Плазмалық немесе иннервациялық өсінділері орталық нерв жүйесінің қозу толқынын (импульсін) қабылдап, бір бұлшықеттен екіншіге өткізеді. Сонымен нематодтардың бұлшықет клеткасы жиырылғыш қызметінен басқа, қозуды өткізу қызметін де атқарады.
Бұлшықет клеткаларының саны бойынша нематодтарды меромиарлы және полимиарлы деп екі топқа бөледі. Меромиарлы топтағы нематодтардың бұлшықет клеткаларының саны 8-ден аспайды, бұларға ұсақ түрлері жатады, ал полимиарлылардың клетка саны ондаған және жүздеген, бұларға ірі нематодтар жатады.
Тері-бұлшықет қапшығы мен ішектің арасында протоцель немесе схизоцель деп аталатын денесінің алғашқы реттік қуысы орналасады. Бұл қуыстың өзіндік қабырғасы жоқ және іші сұйық затқа толы. Сұйық зат денені кернеп, оның жұмырлығын тұрақты түрде сақтайды. Алғашқы реттік қуыс дененің тірегі бола тұрып, зат алмасу процесіне де қатысады. Дене қуысы арқылы қорытылған заттар ішектен бұлшықеттерге, ішкі мүшелерге, ал зат алмасудың қалдық өнімдері зәр шығару мүшесіне ауысады. Осылайша дене қуысы организмнің ішкі ортасы болып келеді. Паразитті нематодтардың дене қуысында түссіз сұйыққа толы клеткалар топтасып жатады, жалпақ құрттардың паренхимасына ұқсас. Қуыстың сұйық затында валериан, капрон қышқылдары бар, сондықтан да олар улы.
Ac қорыту жүйесі ұзына бойы созылған тік түтік тәрізді, алдыңғы, ортаңғы және артқы ішектен тұрады. Ауыз тесігі дененің алдыңғы ұшында орналасып, көпшілік жағдайда ерекше өсінділер - еріндермен қоршалған: арқа және екі бүйірлік. Ауыз тесігі ауыз қуысымен (стома) жалғасады. Ауыз қуысының құрылысы әр түрлі. Нематодтардың жануарлар паразиті болып келетін (зоопаразит) өкілдерінің ауыз қуысында кутикулярлы тіс өсінділері болады, ал өсімдік паразиттерінің (фитопаразит) ауыз қуысы сорғыш мүшеге
- стилетке айналған. Стилет ауыз қуысында арнайы бұлшықет - протракторлар арқылы қозғала алады. Топырақта және суда тіршілік ететін жыртқыш нематодтарда стомалық қуыс найзамен немесе қозғалмайтын өсінділер - онхамен қаруланған.
Ауыз қуысы өңешке ұласады. Өңеш үш қырлы, алдыңғы бөлімі қалың, бұлшыкетті, артқысы - безді. Өңештің кеңейген бөлімі бульбус деп аталады. Көпшілігінде бульбусы екеу: ортаңғы (метакорпальды) және артқы (кардиальды). Кардиальды бульбустың үккіш аппараты жақсы дамыған.
Өңештің ортаңғы ішекке жалғасатын жерінде ерекше өсіндісі (cardium) болады. Ол ортаңғы ішекке еніп жатады да, ішек ішіндегі қоректік заттардың өңешке қарай кері қайтуына тосқауыл жасайды.
Нематодтардың ортаңғы ішегі энтодермальды, қабырғасы бір қабат эпителиальды клеткалардан құрылған, оны жұқа базальды жарғақ қаптап тұрады. Ортаңғы ішектің алдыңғы бөлімі кеңейіп "қарыншық" немесе жұтылған қоректің резервуары қызметін атқаратын - proventriculus түрінде дамыған.
Ректум деп аталатын ортаңғы ішек артқы ішекке жалғасып, ол аналь тесігі арқылы сыртқы ашылады. Нематодтардың алдыңғы және артқы ішегі эктодермальды және оларды тығыз кутикула астарлайды.
Кейбір нематодтардың ас қорыту жүйесі қоректенуіне байланысты әр түрлі деңгейде редукцияға (кері өзгеріске) ұшыраған. Мысалы, филяриялардың (Filaria) артқы ішегі тұйықталып, аналь тесігі болмайды, трихинеллаларда өңеш үлкен клеткалар жиынтығьг түрінде дамыған, ал мермитидаларда өңеш жойылған.
Еркін тіршілік ететін нематодтар ұсақ организмдермен, паразитті нематодтар өз иесінің сөлімен, тканімен, ал кейбіреулері иесінің қанымен қоректенеді.
Сондай-ақ кейбір фитонематодтарда ішектен тыс ас қорыту процесі байқалады. Стилеттің көмегімен құрт өсімдік тканіне ас қорыту безінің ферментін бүркеді, сондықтан ас қорытудың алғашқы кезеңі организмнен тыс жерде өтеді. Жартылай қорытылған қоректік заттар нематода ішегіне стилет арқылы түседі.
Нематодтарда кірпікшелерінің жойылып кетуіне байланысты протонефридиялы зәр шығару жүйесі де жойылып, зәр шығару қызметін мойын безі (ренетта) деп аталатын бір клеткалы тері (гиподермальді) бездері және фагоцитарлы клеткалар атқарады.
Мойын бездері екі типті болады: шомбал және тармақталған. Еркін тіршілік ететін нематодтардың мойын безі шомбал типті, түтікшесі қысқа.
Топырақта және паразиттік тіршілік ететін нематодтардың ерекшелігі - мойын безі денеде бойлай орналасқан екі бүйір экскреторлы түтікшелерден кұралған. Түтікшелердің артқы ұшы тұйықталып бітеді, ал алдыңғы ұштары бірігіп ортақ түтікке айналады да, ол сыртқа зәр шығару саңылауымен ашылады. Бірқатар түрлерінде экскреторлы жүйенің бір бұтағы жойылып (көбіне оң жақтағысы), сол жақ түтігі өте жақсы дамыған. Түтіктер арқылы денедегі (несен) заттар сыртқа шығарылады.
Сонымен қатар, фагоцитарлы клеткалар деп аталатын жұлдызша клеткалары бар. Олар зат алмасудың соңғы әр түрлі ерімейтін қалдықтарын және денеге енген бөгде заттарды, мысалы бактерияларды, өздерінің бойына тартып алады. Жиналған заттар сыртқа шығарылмайды, сондықтан бұл клеткаларды "жинақтау бүйректері" деп те атайды. Олар гиподерманың бүйір білеулерінің бойымен дененің алдыңғы үштен бір бөлігіндегі дене қуысында орналасқан.
Қан айналу және тыныс алу жүйесі нематодтарда болмайды. Еркін тіршілік ететін түрлері бүкіл денесі (терісі) арқылы тыныс алады, ал эндопаразиттік нематодтарда тыныс алу процесі анаэробты, яғни оттегі жоқ жерде гликогеннің ашуы арқылы іске асады. Гликоген қоры жұмыр құрттарда белгілі бір жолмен гиподермада жиналады. Гликогеннің анаэробты ыдырауы нәтижесінде түзілген соңғы өнімдері - органикалық қышқылдар, соның ішінде май және валериан қышқылдары қуыс сұйықтығында жиналып, улы, күйдіргіш затқа айналады. Сондықтан құртты сойғанда өте мұқият және абай болу керек.
Нерв жүйесі және сезім мүшелері қарапайым құрылысты. Біріншіден, нерв жүйесі тұтасымен гиподерма қабатында, теріге жақын орналасқан, екіншіден - күрделі ганглиозды клеткалар жүйесі дамымай, нерв клеткалары нерв бағаналарымен байланыса жекеленген (ганглияларды құрмай), тек құрсақ нерв бағанасының ұзына бойында нерв клеткалары шоғырланып "құрсақ тізбегін" құрып дамыған.
Нерв жүйесінің орталық бөлімін - жұтқыншақ маңындағы нерв сакинасы құрайды. Ол нерв талшықтарынан (нейрофибриллдерден) түзілген және нерв клеткаларымен тығыз байланысқан. Нерв сақинасынан басының ұшына қарай алты қысқа және артқа қарай алты ұзына бойы созылған нерв бағаналары тарайды: құрсақ (вентральды), арқа (дорзальды), екі бүйірлі (латеральды), арқа бағанасына таяу (субдорзальды) және құрсақ бағанасына таяу (субвентральды). Осы алты нерв бағаналарының екеуі - құрсақ (вентральды) және арқа (дорзальды) - күшті дамыған (әсіресе құрсақ бағанасы). Олар бір-бірімен денесінің бірде сол, бірде оң жағынан кезектесіп орналасқан жіңішке жарты сақина тәрізді комиссуралар арқылы байланысып, арқа-құрсақ тізбегін құрайды.
Арқа бағанасы арқа-бүйір бөліктерінің бұлшықеттерін, ал құрсақ бағанасы құрсақ-бұйір бұлшықеттерін және өңеш пен ішекті иннервациялайды (нервтендіреді). Алдыңғы алты қысқа нерв бағаналары сезім мүшелерін және бас папиллаларын, амфидаларын, қылтаншаларын, жарық сезгіш клеткаларын нервтендіреді.
Қалыптасқан нерв жүйесі жұмыр құрттардың личинкасының екінші сатысында да кездеседі. Түрлі экологиялық топтарды құрайтын жұмыр құрттардың нерв жүйесі (аздаған өзгерістерімен) толық сақталған, осының нәтижесінде бүкіл нематодтардың филогенетикалық байланыстарының бар екендігін дәлелдеуге болады.
Жыныс жүйесі түтік пішінді, дене қуысында орналасқан, аналығында жұп күйінде сақталса, аталығында түтіктерінің біреуі редукцияға ұшырап тақ болады.
Аталықтарының жыныс мүшесі аналықтарындай өте жіңішке, жіпше тәрізді тұқым (аталық) безінен басталады. Ол біршама жуандау аталық жолына ауысып, ұрық көпіршігіне жалғасады. Көпіршіктің артқы жағы жіңішкеріп жұқа бұлшықетті түтікшеге немесе тұқым шашқыш өзекке айналады да, ол артқы ішекке ашылады (аналь тесігінің алдында). Осы жерге ерекше жұп шағылысу қалтасы ашылады. Онда көбіне екі немесе одан да көп кутикулярлы ине немесе спикулалары орналасады. Спикуланың ұштары сыртқа шығып, шағылысу кезінде көмекші мүше ретінде қызмет атқарады.
Көптеген нематодтарда спикулаларға қосымша копулятивті бурсалары дамиды. Олар құйрық бөлімінің екі бүйірінде орналасқан, кеңейген және қалыңдаған қанат түріндегі өсінділер. Бурса және спикулалары шағылысу кезінде аналығына бекіну ретінде қызмет атқарады. Сперматозоидтарының талшығы болмайды, Олар жалған аяқтары арқылы амеба тәрізді қозғалады. Жынысты жолмен көбейеді.
Дамуы. Жұмыртқалар жатынның ішінде ұрықтанады. Нематодтардың көпшілігі жұмыртқа салады, сонымен қатар тірідей туатын түрлері де кездеседі (Trichinella туысынан). Тіршілік циклі қарапайым, ұрпақ алмасуы болмайды. Бірақ, кейбір түрлерінде, мысалы бақа өкпесінде паразиттік тіршілік ететін Rhabdias bufonis-тің дамуында гетерогония байқалады (екі түрлі ұрпақтың пайда болуы).
Нематодтардың эмбриональды дамуына детерминативті бөлшектену, бөлшектенудегі жұмыртқаның билатеральды құрылысы және жыныс бастамасының ерте ерекшеленуі тән.
Детерминативті бөлшектену екі бластомер кезеңінен басталады, яғни ұрықтанған жұмыртқа екі бластомерге бөлінеді: біріншісі соматикалық (мүшелік) S, екіншісі - жыныстық Р, (Бовери ұсынған система бойынша бластомераларды әріппен белгілейді). Ішіндегі ірісі S, эктобласт болып саналатын - эктодерманың түзіндісі, ал екіншісі Р, - жыныс бастамасы, сонымен қатар басқа да мүшелердің негізін қалаушы, яғни энтодерманың, мезодерманың түзіндісі. Екінші бластомер келесі бөлінулердің бірінде соматикалық бастамадан арылып, таза жыныс бастамасына айналады.
Детерминацияға байланысты әрбір жеке мүшелер құрамындағы клеткалар саны тұрақты. Мысалы, Шенберг ұсақ нематоданың бір түрінде 68 бұлшықет, 200 нерв, 120 эпидермальды және 172 ішек клеткаларының санын анықтаған. Сол сияқты ірі түрлерінде де клетка тұрақтылығы сақталады. Мысалы, аскариданың нерв жүйесі 162 клеткадан құралған. Осыған байланысты нематодтар регенерациялық қабілетінен айрылған.
Нематодтардың жұмыртқалары тығыз қабыршақпен қапталған. Жұмыртқадан сыртқы пішіні ересек формасына ұқсас личинка шығады. Личинка өсуі мен дамуында төрт рет түлейді, бұл кезде ескі кутикула тасталып, жаңасы түзіледі.
Классификациясы. Нематодтардың систематикасы сезім мүшелерінің және зәр шығару жүйесінің ерекшелігіне негізделген. Нематодтар класы екі класс тармағына бөлінеді: аденофореа - Adenophorea және сецерненттер - Secernentea.
1. АДЕНОФОРЕА КЛАСС ТАРМАҒЫ - ADENOPHOREA
Бұлар теңіздерде, тұщы суларда, топырақта тіршілік ететін нематодтар. Кейбір түрлері өсімдіктердің, жануарлардың паразиттері. Маңызды өкілдері: Dioctophyme renale - алып свайнигі, Trichocephalus trichiurus - түкбасты құрт, Trichinella spiralis - спиральды трихинелла.
2. СЕЦЕРНЕНТТЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - SECERNENTEA
Топырақта, тұщы суларда шіріктік ортада кеңінен тараған нематодтар, сонымен қатар көптеген түрлері адамның, жануарлардың және өсімдіктердің паразитгері (шамамен 3000-ға жуық паразиттік түрлері белгілі).
Сецерненттер класс тармағы бірнеше отрядтарға бөлінеді, солардың ішінде ең маңызды отрядтары: Ascaridida, Rhabditida және Spirurida.
Достарыңызбен бөлісу: |