Туындысөздерге құрамы жағынан түбір және сөз тудырушы жұрнақтан тұратын, түбірі білдіретін лексикалық мағынадан басқа жаңа лексикалық мағынаға ие болған, белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады. Мысалы, етік-ші, көр-ме, таза-лық, өн-ім-ді, т.б. Біріккен сөздерге құрамында кемінде екі немесе одан да көп түбір морфема кездесетін, жазу тәжірибесінде бірге жазылатын, қанша түбірден тұрса да бір ғана лексикалық мағынаны білдіретін (бір ғана ұғымды атайтын), белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады. Мысалы: Алакөл, Айнұр, кәсіподақ, шекара, адалбақан, т.б. Сондай-ақ өйткені (олай еткені), бүгін, биыл, бүрсігүні, т.б. кіріккен сөздер деп танылатын қатардағы барлық сөздерді жазылу дәстүрін негіз етіп, біріккен сөздердің бір түрі ретінде қарастырамыз.
Пединститут, медколледж және кеңшар, ауатком сияқты бір сыңарын немесе барлық сыңарларын да бірінші буыннан қысқартып, біріктіріп жазып жүрген сөздерді де жазылу ерекшелігін негіз етіп, біріккен сөздердің қатарында тану орынды болар еді.
Қос сөздергеқұрамында кемінде екі немесе одан да көп түбір морфема кездесетін, жазу тәжірибесінде бір-бірінен дефис арқылы ажыратылып жазылатын, қанша түбірден тұрса да бір ғана лексикалық мағынаны білдіретін (бір ғана ұғымды атайтын), белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады. Мысалы: ыдыс-аяқ, көрші-қолаң, ата-ана, т.б. Тіркесті сөзге құрамында кемінде екі немесе одан да көп түбір морфема кездесетін, жазу тәжірибесінде бөлек жазылатын, қанша түбірден тұрса да бір ғана лексикалық мағынаны білдіретін (бір ғана ұғымды атайтын), сол арқылы белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады. Тілімізде тіркесті күрделі сөздердің бірнеше үлгісі кездеседі, бірақ бәріне ортақ бір белгі бар: ол белгі – қанша түбірден тұрса да, мұндай сөздер бір ғана лексикалық мағынаға ие.
Тіркесті сөздердің жасалу жолдары әр қилы. Тілімізде олардың төмендегідей типтері кездеседі: