3. Морфемдік талдау жасату. Талдауға түсетін сөз, сөз тұлғасы анықталғаннан кейін оның морфемдік құрамы (сөз құрамындағы мағыналы бөлшектер) талданады. Морфологиялық талдаудың сатыларына бармас бұрын сөз құрамындағы морфемаларды, олардың қызметтерін қысқаша, жалпылама анықтап алу керек. Онсыз сатылардағы жауаптар дұрыс болмай шығады. Әсіресе сөз тудырушы формалар мен сөз түрлендіруші формаларды дұрыс ажырата білу керек.
Сөз құрамына морфемдік талдау жасау бір қарағанда жеңіл іс көрінгенмен, шын мәнінде оңай нәрсе емес. Бірінші кезекте сөз құрамындағы мағыналы бөлшектерді дұрыс анықтап алу керек. Ол сөздегі түбірді (түбір морфеманы) табудан басталады. Түбір – қазақ тілінде сөздің бастапқы жағында орналасатын, көбіне сөзге сәйкес келетін (үйрен, үйрет немесе оян, оят,ояу сияқты сөздер құрамындағы түбір морфемаларды есепке алмағанда) қандай да бір ұғымды білдіретін, яғни, лексикалық мағынасы бар сөз бөлшегі. Түбірде лексикалық мағынамен қатар грамматикалық мағына да болады, сол мағынасы арқылы ол белгілі бір сөз табының қатарына кіріп, сол сөз табының сұрағына жауап береді. Ендеше түбірді айқындауда оған сұрақ қойып тексеріп отырған орынды. Түбір айқындалған соң оны шартты таңбасымен (доға) сызып, бірден қай сөз табына жататынын үстіне жазып көрсетіп отырамыз. Қай сөз табына жататынын айқындап отыру оған жалғанған қосымшаларды дұрыс талдауға мүмкіндік береді. Түбір зат есім болса, етіс немесе есімше, көсемше сияқты етістікке тән қосымшалар қосылмайды, немесе түбір етістік болса, оның құрамынан шырай жұрнақтарын іздемеу керек. Дыбыстық құрамы сәйкес болғандықтан, шәкірттер арасында қосымшаның мағынасы мен қызметіне үңілмей, құрғақ жаттандылыққа салынып (мысалы, сана деген мысалда зат есімге көсемше жұрнағы қосылып тұр деп) шатастырулар жиі кездеседі.
Сөздің негізгі түбірі табылған соң басқа мофемаларды айындауға көшеміз. Түбір мен көмекші морфемаларды ажыратуда, бастапқы кезде, оларды бірден табуға жаттыққанға дейін, төмендегі тәсілді қолдануға болады. Ол үшін түбірге қосылып тұрған дыбыстар мен дыбыстық кешендерді санамалап бір-бірден жіктеп қосып, алынған тұлғаның мағынасына назар аударамыз. Түбірге дыбыс (дыбыстық кешен) қосылғаннан кейін пайда болған грамматикалық тұлға түбірдің мағынасынан өзге лексикалық мағынаға ие болса, пайда болған тұлғаны сөйлемде, тілімізде сол күйінде немесе басқа қосымшалар қосып қолдану мүмкіндігі бар болса, түбірге қосылған дыбыс жеке морфема деп танылады, ал дыбыс қосылғаннан кейін пайда болған тұлға сол күйінде немесе басқа қосымшалар қосып тілімізде қолданылмайтын болса, мағынасыз болса, дыбыс жеке морфема емес, бұл жағдайда келесі дыбыстарды санамалап қосып, қашан жеке морфема анықталғанша іздей береміз.
Морфемдік талдауда назарда болатын келесі мәселе – түбір мен оған қосымша қосылғаннан кейін пайда болған тұлға арасындағы мағыналық байланыстың үзілмей сақталуы. Басқаша айтсақ, түбірге сөз тудырушы қосымша қосылса да, сөз түрлендіруші қосымша қосылса да, пайда болған грамматикалық тұлғаның мағынасы түбірдің мағынасынан алыстап кетпейді.
Жаңа әдістерді өндіріске жылдам енгізу керек деген сөйлемдегі сөздерге сатылауға дейінгі талдауларды жүзеге асырып көрейік.
1-кезең. Морфологиялық талдау нысандарын айқындау Жаңа - қандайдеген сұраққа жауап береді, толық мағыналы сөз;
Әдістерді – нелерді?, толық мағыналы сөз;
Өндіріске – неге?, толық мағыналы сөз;
Жылдам – қалай?, толық мағыналы сөз;
Енгізу – не істеу?, толық мағыналы сөз;
Керек – сұрақ қойылмайды, көмекші сөз. Бұл сөз өзі жетектеліп келген негізгі сөздің (енгізу) құрамында қаралады. Ендеше сөйлемде бес талдау нысаны бар:
Жаңа
әдістерді
өндіріске
жылдам
енгізу керек
2-кезең. Морфемдік талдау Жаңа сөзіндегі ж- , жа- , жаң- дыбысы мен дыбыстық кешендері ешқандай ұғым атауы емес, лексикалық та, грамматикалық та мағыналары жоқ, сондықтан түбір морфема – жаңа, сапаға қатысты ұғым, қандай деген сұраққа жауап береді – сын есім.
Келесі сөздегі түбір – әдіс, сұрағы – не?, зат есім. Сөздің құрамындағы өзге морфемаларды анықтауды алғашқы кезеңдерде мына тәртіппен жүзеге асыруға болады: түбірге, мағыналы бөлшек табылғанша, түбірден кейін тұрған дыбыстарды қосып, пайда болған тұлғаның мағынасына үңілеміз, тілде сол күйінде қолданылатын-қолданылмайтынына назар аударамыз. Әдіст- мағынасыз, сөйлемде осы күйінде қолданылмайды, әдісте- жатыс септігіндегі сөзге дыбыстық құрамы сәйкес келгенмен, сөйлемдегі мазмұнына назар аударсақ неде ? (қайда?) деген сұраққа жауап беріп тұрған жоқ, нелерді? деген табыс септігінің сұрағына жауап береді, қазақ тілінде бір сөзге екі рет септік жалғауы жалғанбайды, ендеше сөздің құрамындағы -те- жатыс септігінің қосымшасы емес. Сұрақтар арқылы айқындайтын болсақ, сұрақтар не ?, нелер ?, нелерді ? тәртібімен жіктеледі, ендеше, түбірге қосылған бірінші морфема –тер – көптік жалғауы. Әдістерд- - мағынасыз, сөйлемде осы тұлғада қолданылмайды, ендеше –д- морфема емес. Әдістерді – нелерді?, -ді – табыс септігінің жалғауы.
Өндіріске : Түбірі - өн, не істе ?, етістік; түбірден кейін тұрған дыбыстарды өндір, өндіріс, өндіріске түрінде қосқанда ғана мағыналы, тілде, сөйлем ішінде, қолданылатын тұлғалар алынады. Ендеше, -дір, -іс, -ке дыбыстық кешендері жеке морфемалар; -дір өзгелік етіс жұрнағы, -іс етістіктен зат есім тудырушы жұрнақ деп танылып жүр, -ке барыс септік жалғауы.
Жылдам. Оқушылар арасында мұндай сөздерді жыл-, жылда-, жылдам түрінде жіктеп, -да, -м дыбыстарын, дыбыстар тіркесін сыртқы ұқсастығына қарап жеке морфема (жатыс септігі, тәуелдік жалғауы) ретінде тану жиі кездеседі. Бұл – түбір мен оған қосымша қосылғаннан кейін пайда болған тұлға арасында мағыналық байланыс бар-жоқтығына көңіл бөлмеуден туған дүние. Жыл, жылда арасында мағыналық байланыс болғанмен, бұл екеуі мен жылдам арасында еш мағыналық байланыс жоқ. Қимыл-қозғалыстың қарқынына қатысты жылдам ұғымының 365 тәуліктен немесе 12 айдан тұратын мерзімді білдіретін жыл ұғымына еш қатысы жоқ. Ендеше жылдам сөзі жыл-да-м түрінде жіктелмейді, сол қалпында түбір деп танылуы керек. Жалпы, түбірге қосылған қосымша морфемаларды айқындауда сөз болып отырған әдіс қажетті жағдайларда белгілі шамада оң нәтиже берері күмәнсыз. Бірақ бұл әдістің айқындалған қосымшалардың қай қатарға жататынын, қандай қызметте тұрғанын білу үшін септігі жоқ. Қосымша морфеманың қандай қосымша екенін айқындау үшін, бірінші кезекте, сөз таптарының түрлену жүйесін, сөз таптарына сөз түрлендіруші қосымшалардың жалғану тәртібін, сол қосымшалардың дыбыстық құрамын жатқа білу керек. Екінші кезекте, қосымшаның қызметін білу үшін түбірге және оған қосымша қосылғаннан кейін пайда болған тұлғаға жеке-жеке сұрақ қойып, олардың мағыналарын салыстыру жұмыстарын жүргіземіз.
Егер түбірге қойылған сұрақ пен қосымшалы сөзге қойылған сұрақ екі басқа сөз табының сұрақтары болса, морфема сөз тудырушы қосымша болғаны. Ал ол қосымшаның қызметі сұрақтарды негізге алу арқылы анықталады. Мысалы, толық: түбірі – тол , сұрағы - не істе ?, етістік; толық, сұрағы – қандай ?, сын есім; ендеше –ық (тол деген) етістіктен (толық деген) сын есім тудырушы жұрнақ.
Ескерту: жұрнақ арқылы зат есімнен зат есім жасалғанда түбір мен туынды сөзге бір сөз табының сұрағы қойылады. Мысалы, қой – қойшы, бала –балалық, т.б. Алайда сұрақтардың мазмұны әр басқа: біріне адамзат есімінің, екіншісіне ғаламзат есімінің сұрақтары қойылады, немесе керісінше. Бұл – олардың екі басқа лексикалық бірліктер екенінің дәлелі.
Негізінен, талдау барысында сөз тудырушы қосымшалар кездескенде түбір мен туынды сөздің лексикалық мағыналарына үңіліп, талдау жасатып, оларды салыстырып отыру орынды.
Егер түбір мен қосымшалы сөзге қойылатын сұрақтар екі басқа сөз табының сұрақтары болмай, бірінен-бірі өрбіген сұрақтар болса, морфема сөз түрлендіруші қосымша болғаны. Мысалы, үйлердің: үй – үйлер – үйлердің . Жіктелген тұлғаларға қойылатын сұрақтар – не? – нелер? – нелердің. Қозғалтпайды: 1) Қозға – 2) қозғал – 3) қозғалт – 4) қозғалтпа – 5) қозғалтпай – 6) қозғалтпайды. Сұрақтардың қойылуы: 1) не істе? – 2) не істе? – 3) не істе? – 4) не істеме – 5) не істемей? (қалай?) – 6) не істемейді. Бірінші мысалдағы -лер, -дің, екінші мысалдағы -л, -т, -па, -й, -дысөз түрлендіруші қосымшалар.
Ескерту: зат есім көлемдік (барыс, жатыс, шығыс, көмектес) септіктерінде тұрғанда, етістік есімше, көсемше, тұйық етістік тұлғаларында тұрғанда, олардың сөйлемдегі синтаксистік қызметіне байланысты сұрақ түбірге қойылатын сұрақтан өрбімей қайда?, қайдан?, қалай?, қандай немесе қай?, не? түрінде, басқа сөз таптарына тән сұрақтар қойылады. Бірақ бұл – ол сөздердің басқа сөз табына ауысқанының белгісі емес, сөздің түрлену ерекшелігі және синтаксистік қызметімен байланысты құбылыс.