8-ХИКМЕТ. Кімдер үшін келді расул? 29-Қаңтар, 2010 | 279 рет қаралған | Авторы: admin
Құдай – Нұры, Алла досы, ол – Мұстафа,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
Хақ мақтауы, Көк жаттауы, ол – Мұстафа,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
Қан ағызды көзінен ол кімдер үшін?
Барды – талақ, өзін кәуап қылды ел үшін,
Үмбет болсаң үлгеріп же бұл жемісін,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
Көрмедің бе, жылай-жылай көзі іскенін,
Жұлынды үзген зіл салмаққа төзіскенін,
Сонда жөн боп көріне ме өз істерің,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
Ей, достарым, үмбет қайда білер мұны,
Табар шексіз нығмет, пайда жігерліні,
Соны ұққанның қияметте күлер күні,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
Расул қадірін ойладың ба тереңірек,
Сүннетіне бойладың ба әдебі көп,
Расул үшін көрдің бе бір зар еңіреп,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
Құл Қожа Ахмет, қылды сені жат күш қапа,
Қылғай опа үмбеттерім жаққыш жапа. –
Үмбеттерге осылай деді хақ Мұстафа,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
9-ХИКМЕТ. Һу Алқасы 29-Қаңтар, 2010 | 302 рет қаралған | Авторы: admin
Һу алқасы құрылды,
Ей, дәруіштер, келіңдер.
Хақ сыпырасы* жайылды,
Одан үлес теріңдер.«Қал»* ғылымын оқыңдар,
«Хал»* ғылымын етіңдер.
Жоқтыққа шым батыңдар,
Барлыққа шын жетіңдер.
Жырт пердесін түнектің,
Тілеп Хақтың Дидарын.
Ашып көзін жүректің,
Көзбен көріп иланың.
Һу арасын алыңдар,
Нәпсі басына салыңдар.
Күні, түні еңіреп
Хаққа құрбан болыңдар.
Алқа ішінде һу деңдер,
Ғашық отына жаныңдар.
Тәкпір айтып бір деммен,
Кәусарына қаныңдар.
«Һу, һу», деп, зар еңіре,
«Һу» демекте мағына бар.
Жетіп Хақтың кеніне,
Ақ жолыңды таңдап ал.
Құл Қожа Ахмет құл болған,
Жол үстінде күл болған.
Одан ғибрат алғанның
Жүрегінде Нұр жанған.