7-лекция. Сөз тіркестерін басыңқы сыңарына қарай топтастыру
1. Есімді сөз тіркесі және оның байланысу түрлері
2. Етістікті сөз тіркесі және оның байланысу жолдары
3. Ортақ басыңқылы сөз тіркестері
Сөз тіркесіне қатысты негізгі мәселенің бірі оның басыңқы сыңары болып табылады. Сөз тіркесінің байланысу формалары, тәсілдері мен синтаксистік қатынастары оның бағыныңқы сыңарына қарай айқындалады, ал сөз тіркесінің түрлері оның басыңқы сыңарына қарай айқындалады.
Сөз тіркесінің басыңқы сыңары қызметінде кез келген сөз табы қолданыла бермейді, барлық сөз таптарының ішінен тіркес жасауға ұйтқы болатын сөз таптары ғана қатыса алады. Сондықтан басыңқы сыңар туралы сөз болғанда көбіне етістік пен есімдер сөз болады.
Соңғы кезге дейін қазақ тілінде сөз тіркестері сөздердің өзара тіркесу қабілетіне қарай есімді және етістікті тіркестер болып екіге бөлііп қарастырылып келді. Есімді сөз тіркесінде есім сөздердің бірі басыңқы болады да, етістікті сөз тіркесінде басыңқы сыңар қызметінде етістік жұмсалады. Есімді, етістікті сөз тіркесінің құрамы әр түрлі. Сөз тіркесіндегі сөздердің басын құрайтын негізгі тірек – сөздердің байланысу формалары. Есімді, етістікті сөз тіркестері сол байланысу формаларына қарай өзара бірнеше топқа бөлінеді.
Есімді сөз тіркестері қабыса, матаса және меңгеріле байланысады, етістікті сөз тіркестері жанаса және меңгеріле, қиыса байланысады. Есімді сөз тіркестеріне мысалдар: түлкі тымақ, киіз үй, мына бала, ауыз үй, қалың орман. Етістікті сөз тіркестеріне мысалдар: жолдасым келді, таудан қайтты, ауылға барады. Етістіктердің сөз тіркесін құрау қабілеті күрделірек, басқа сөз таптарына қарағанда толығырақ болып келеді.
Сөз тіркесінің басыңқы, яғни тиянақтаушы сыңары көбіне есімді және етістікті деп қарастырылса, ал сөйлемдегі тиянақты баяндауыштар есімді, етістікті және құрама баяндауыш деп бөліп қарастырылып жүр.
Сөз тіркесін құрауда сөйлемді тиянақтайтын сөздер үш формада жұмсалады:
1. Таза етістік: Ол орыстың және дүние жүзі әдебиетінің классиктерін көп оқыған.
2. Таза есім: Адамға адам баласының бәрі дос. Тарбағатай тауы – нағыз қой малының қонысы.
3. Есім мен етістік: Көрмеге келушілер жас өнертапқыштардың шеберліктеріне қатты риза болды. Бұл жердегі қатты риза болды – ортақ басыңқылы қабысу, ал шеберліктеріне риза болды – ортақ басыңқылы меңгеру.
Достарыңызбен бөлісу: |