5-лекция. Сөз тіркестерінің байланысу түрлері 1. Матасу, анықтауыштық қатынастың мағыналары 2. Жанасу, оның жасалу жолдары Матасу. Матасу басыңқы және бағыныңқы сыңарлардың ілік септік жалғауы мен тәуелдік жалғауы арқылы тұлғаласа байланысуы болып табылады. Мысалы: Талғаттың кітабы, оқушының қаламы, мұғалімнің суреті, қарлығаштың ұясы, суретшінің суреті.
Матаса байланысатын сөздер көбінесе зат есімдер болып келеді. Ілік жалғаулы сөздердің әр түрлі құрамда айтылуына қарай байланысқан сөз тіркестері әр түрлі анықтауыштық қатынаста жұмсалып, мынадай мағыналарды білдіреді:
1. Ілік жалғауы жалғанып меншіктілік қатынасты білдіреді. Мысалы: менің көйлегім, ұстаздың кітабы, ағайдың көзілдірігі.
2. Ілік жалғаулы сөздер туған-туысқандық ұғымдағы сөздермен тіркесіп, туысқандық қатынасты білдіреді. Мысалы: менің ағам, Айнұрдың көкесі, Бағланның атасы.
3. Сондай-ақ, зат пен заттың табиғи байланысын білдіреді. Мысалы: ағаштың жапырағы, гүлдің сабағы, теректің бұтағы.
4. Ілік жалғаулы сөз септік ұғымы бар зат есім және тәуелдеулі сан есімдермен тіркесіп, бөлшектеу мағыналарын береді. Мысалы: оқушылардың бірі, саяхатшылардың көпшілігі.
5. Талғау мағынасында жұмсалады: қыздың көріктісі, адамның қуы, аттың жүйрігі.
6. Сын есім матаса байланысқан сөз тіркесінің екінші сыңары болғанда заттық мағынаға ие болады. Мысалы: сенің сұлуың, қаланың бұзығы, адамның ажарлысы.
7. Есімшелер әрі заттық, әрі қимылдық сапа мағынасында жұмсалады. Мысалы: менің жазғаным, сенің көргенің, оның айтқаны.
Меншіктілік ұғымының мендік, сендік не бөгделік болуына сәйкестеніп, тәуелдік жалғаулы сөздер үш жақта жұмсалады.
Сонымен, матасу ілік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің байланысы болып табылады және негізінен есімді сөз тіркесінде жиі жұмсалады.
Жанасу. Жанасу – сөздердің ешбір жалғаусыз, басыңқымен іргелес тұрып та, алшақ тұрып та байланысу түрі. М.Балақаев жанасуды сөздердің орын тәртібі арқылы байланысуының бір түрі есебінде қабысу деп тауып, «алшақ қабысу» деп атайды. Ал сөз тіркестерін зерттеуші белгілі ғалым Т.Сайрамбаев: «Жанаса байланысу формалары үшін ең негізгі критерий – негізгі сөздерге септік жалғаусыз көмекші сөздердің тіркесуі деген анықтама беріп, алшақ орын тәртібінен басқа жанасудың бірнеше түрлі жасалу жолдарын көрсетеді:
1. Негізгі сөз бен шылау сөздің тіркесуі арқылы: не үшін сұрадың, кеш сайын тыңдайды, радио арқылы сөйлесу, келген соң сөйлеспек, өзен сайын салынған. 2. Негізгі сөз бен көсемше тұлғалы көмекші етістік арқылы: Қатені қайталамайтын боп түсіну керек. Көңілін аулайын деп қалжыңдай сөйледі. Төбе-төбе боп үюлі тұр.
3. Негізгі сөз бен модаль сөздің етістікпен тіркесуі арқылы: Естімеген сияқты отыра берді, дос тәрізді араласты, таныс сияқты сәлемдесті, т.б.
4. Түрлі сөз таптарына есе, рет, мәрте, қайтара сөздерінің тіркесуі арқылы: екі рет шабуыл жасады, үш есе көбейді, бірнеше мәрте келді,т.б.
5. Көнеленген септік жалғаулы фразеологиялық тіркес арқылы: бас аманда жету; берсе қолынан, бермесе жолынан алу; бет-аузы шімірікпестен айту; бесіктен белі шығысымен үйренеді т.б.
Сонымен, орын тәртібі арқылы немесе негізгі сөз бен септік жалғаусыз көмекші сөздердің түйдекті түрлерінің және көнеленген септік жалғаулы сөздердің етістікпен тіркесін жанасу деп атаймыз. Жанаса байланысқан сөз тіркестері негізінен әр түрлі пысықтауыштық қатынастарда жұмсалады.
Әдебиеттер:
1. Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис, 1971.
2.Сайрамбаев Т. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі. 1991.
3. Бейсенбаева К.А. Қазіргі қазақ тіліндегі зат есімдердің жалғаусыз тіркестерінің кейбір түрлері. 1974.
4. Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері, 1981.
5. Қазақ грамматикасы. А.,2002.