Шығармашыл мұғалім – зиялы тұлға. Оның сыртқы келбеті ұқыптылық пен жарасымдылықпен сипатталады, педагогикалық әдебі жоғары, басқаны түсіне біледі. Прогрессивті алдыңғы қатарлы ойларды уағыздаушы, сыни ойлау деңгейі жоғары, өзгенің ойын, өзгенің пікірін құрметтей біледі, ұстамды. Өз білімін тұрақты көтеріп отырумен жүйелі айналысады, өз жұмысына рефлексия жасауға қабілетті. Эрудициясы, жалпы мәдениеті жоғары, эстетикалық талғам және көркемдік мәдениеті жинақталған. Ол саясаттағы, ғылымдағы, өнердегі барлық жаңалық пен озық ойларға қызығушылық танытып отырады. Зиялы тұлға ретінде өз бойына адамзат мәдениетіндегі ең жақсы үлгілерді жинақтайды.
Шығармашыл мұғалім – рухани бай тұлға. Оның рухани байлығы алдымен балаға деген махаббатында, жоғары адамгершілігінде және арлылығы мен ұяттылығында байқалады. Өмірдің мәнін және мақсатын түсінуге, өзінің кәсіби орынын анықтауға ұмтылыста оның руханилығы көрінеді. Ол әлемдегі және адами қарым–қатынастағы сұлулықты өте жоғары сезінгендіктен онда эмпатия және талдай алушылық жоғары дамыған. Өсіп келе жатқан баланың ішкі жан-дүниесінің байлығын түсінуге үнемі тырысатындығы оның өзінде планетарлық ойлауды дамытуына негіз болады.
Шығармашыл мұғалім – жаңашыл тұлға. Ол бірсарындылық пен біртүрлілікті қабылдамайды, сондықтан жаңалыққа жаны құмар. Шығармашылыққа деген мотивтері жоғары болғандықтан ойлап табу, тудыру, жасап көру – оның күнделікті кәсіби жағдайы.
Шығармашыл мұғалім – еркін тұлға. Оның еркіндігі өмірдегі, кәсіби әрекеттегі мәдени әлемдегі өз орнын анықтай алу қабілетінде жатыр. Оның ойлау, пайымдау және әрекеттену еркіндігі жеке кәсіби жауапкершілікті сезінумен сәтті байланысады. Рухани және материалдық құндылықтар әлемінде еркін бағдарлай алады, педагогикалық, пендешілік догмалардан еркін. Ол өз ісіне өте жауапты, кейде тіпті тәуекелді талап ететін шешімдерді өз мойнына алады. Өзінің өмірлік позициясы, ұстанымы бар.
Шығармашыл мұғалім – ізгілікті тұлға. Оның ізгіліктілігі, қайрымдылылығы, барлық тіршілік иелеріне, ең алдымен балаларға деген сүйіспеншілігінен байқалады. Ол кезкелген уақытта өз оқушыларына, жалпы балаларға көмекке келуге әзір. Өзгеше ойлайтын адамдарды құрметтейді, өз көзқарасына сәйкес келмесе де ол адамдардың қалыптан тыс ойларын түсінуге деген төзімділігі шексіз. Әртүрлі ұлт, дін, мәдениет өкілдеріне бірдей сыйластықпен қарайды. Оның тек оқушылармен ғана емес,ата-аналармен, әріптестерімен ынтымақтаса алу қабілеті зор.