Шығармашыл мұғалім – азаматтық белсенді тұлға. Ол айналасында (ауылында, қаласында, елінде) болып жатқан жағдайларға бей жай қарамайды, ол жағдайларға үнемі өзінің қатысын білдіріп отырады. Қоғамдық өмірдегі өзінің азаматтық рөлін дұрыс түсінетін, саяси сауаттылығы жоғары маман. Оқушыларын да өмірдегі өзгерістерге сын көзбен қарап, объективті бағасын беруге, кемшіліктерге төзімсіз болып, түзету үшін үлестерін қосуға тәрбиелейді.
Шығармашыл мұғалім – бәсекеге төтеп беретін тұлға. Жаңа заманға сәйкес педагогикалық қызмет көрсету аясы кеңейген уақытта шығармашыл мұғалім өзінің шеберлігін үнемі арттырып отырады, өзінің жетістіктері мен кемшіліктері жайлы өзіндік бағасы бар. Әлсіз тұстарын жетілдіру үшін озық тәжірибені шығармашылықпен қолдану, педагогикалық жаңалықтар кешенінен қалмауды басты назарда ұстайды. Жаңа технологияларды меңгеру, қолдану арқылы өз ісінің нәтижелі болуына талпынады.
Шығармашыл мұғалім – мәдениет адамы. Ол белгілі әлеуметтік мәдени ортада өмір сүріп, еңбек етіп жатқандықтан сол ортаның өнерін, тұрмыс-салтын, мәдениетін бойына сіңірумен қатар, оны құрметтеп басшылыққа алады. Өзінің жалпы мәдениетін көтеру – оның айнымас өмірлік қағидаларының бірі.
Осыған орай шығармашылық әлеуеттің акмеологиялық сипаттамасы:
Кәсіби қызығушылықтардың жаратушылық бағыттылығы;
Жаңашылдық әрекетке деген қажеттілік;
Инновацияға бейімділік;
Жалпы және кейбір арнайы интеллектінің жоғарғы деңгейде болуы;
Ассоциациялық байланыстарды қалыптастыруға деген бейімділік,
Жақсы дамыған елестете алушылық;
Мінез-құлық пен әрекетті реттеп отырудағы күшті жігерлік;
Дербестік;
Өзінің ахуалын басқара алушылық, әсіресе шығармашылық белсенділігін ынталандыра білушілік.
Шығармашыл тұлғаның ерекше қасиеттерінің қатарына педагогикалық импровизацияны жатқызамыз. Педагогикалық импровизацияны (суырып салмалық деуге де болады деп ойлаймыз). А.К.Маркова «күтпеген педагогикалық шешімдерді тауып, оны жүзеге асыра білу» деп түсіндіріп, оның төрт кезеңнен тұратынын атап көрсетеді: 1) педагогикалық ойдың жарқ етуі; 2) педагогикалық мақсаттың мәнін бір сәтте ұғынып, оны жүзеге асырудың жодарын жылдам таңдай алу; 3) педагогикалық идеяны жұртшылық алдында нақтылы түрде көрсете алу; 4) ой қорытып, көрсеткен педагогикалық идеяны тез арада талдай білу;
Жаңалық ашу өздігінен келе салмайды, оған алдын-ала жасаған қажырлы еңбек құлшындырады десек, дәл сол сәтті шабытты шақ деп сипаттауға болады. Шабыт – адамның рухани күштерінің ширығып өрлеуі, шығармашылық толғанысы. Шабыт жаңа туындының пайда болуына бастайды.
Педагогикалық шығармашылықтың орын алуына септігін тигізетін тағы бір мәселе – мұғалімнің әртістік қасиеті. Мектеп, әрине, театр емес. Дегенмен мұғалім үнемі халық алдында тұратын танымал адам. Олай болса ол аудиторияны меңгере алуы, иландыра білуі, шабыттандыра алуы тиіс. Әртістік қасиет – педагогтың «образға ене алуы», сыртқы келбетінің тартымдылығы, тілінің түсініктілігі, көркемдігі, жатықтығы, мимикасы мен қимыл қозғалысының айтылып жатқанға сәйкестігі. Әртістік – образдармен ойлай алу, ашықтық, жағдайға терең эмоцианалдық шому, ішкі және сыртқы мәдениет, өзіне тарта алушылық.
Мұғалімнің рефлексиялық қызметінің мақсаты: педагогикалық әрекеттің негізгі компоненттерін есіне түсіріп, олардың мәнін, алынған нәтиженің «дұрыс» не «бұрыс» болғанын дәлелдей алу, қолданылған әдіс пен құралдардың тиімді не тиімсіз болғанына байланысты өзіндік көзқарасын білдіру. Орындалып өткен әрекеттің нәтижесін зерттеу. Тек қана сонда ғана алдағы жұмыстарда дұрыс мақсат қойып, алға қарай шығармашылықпен жылжудың жобасын жасау мүмкін болады.
«Рефлексия» – адамның өз істерінің мәнін түсіну, олар туралы ойлану барысында өзіне өзінің нені, қалай жасағаны туралы толық және анық есеп беруі немесе өзі әрекет барысында басшылыққа алған ережелер мен кестелерді мойындауы не жоққа шығаруы. Бұдан басқа да рефлексия жайында айтылған философиялық ойлар негізінен «адамның өзіне бағытталған зерттеу жұмысы», «өзіңнің ақылың мен рухыңды өзіңнің бақылауың» дегенге келіп саяды.
Психологиялық мұғалімнің шығармашылығын дамытудың қысқаша формуласын «тәжірибе + сол тәжірибенің рефлексиясы= даму» түрінде ұсынады. Г.С. Сухобская мен Ю.В: Кулюткин екеуі бірлесе жазған педагогика оқулығында бұл үрдісті сипаттай отырып, оның мұғалімнің кәсіби әрекетінің өн бойында мына төмендегідей жағдайда байқалатындығы
айтылды: біріншіден – мұғалімнің оқушының ойын, сезімдері мен іс-қимылдарын түсіну бағытындағы әрекеттесуінде; екіншіден – оқушылардың жас ерекшеліктері, даму мүмкіндіктерін ескере отырып оқыту үрдісінің мақсаттарын анықтау мен жобалауда; үшіншіден – оның өз әрекетін, сол әрекеттің субьектісі ретіндегі өзін талдауда. Тек сонда ғана мұғалімнің педагогикалық әрекетінде шығармашылыққа жол ашылады.
№41 ЦИФРЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕГІ ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГ:ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Бүгінде еліміздің экономикасының барлық салаларын цифрландыру күн тәртібінің басты тақырыптарының бірі. Осы бағытта басталып жатқан белсенді жұмыстың алғашқы бағыттардың бірі білім беру деп аталады.
Цифрлік сауаттылық - бұл адамның өмірдің барлық салаларында цифрлік технологияларды сенімді, тиімді, сыни және қауіпсіз қолдануға дайындығы және қабілеті. Цифрлік сауаттылық - ақпараттық қоғамдағы қауіпсіздіктің негізі, ХХІ ғасырдың ең маңызды білімі. Цифрлік сауаттылықты қалыптастыру оқырмандық, математикалық және жаратылыстану сауаттылығымен тең дәрежеде назар аударылуы керек.
Расымен де, адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Цифрландыру технологиялары дегеніміз – бұл бұрын-сонды адамзат бастан кешпеген ғажайып әлемнің жаңа құралдары. Қазіргі күні бұл технологиялар жасақталу үстінде. Олар қазірдің өзінде біз тамсанып айта беретін ақпараттық технологиялардың өзін жолда қалдыра бастады.
Заманауи технологиялар біздің өмірімізге тұрақты түрде енгізілуде, «Цифрлік» тұжырымдамасын тек ғылыми конференцияларда ғана емес, күнделікті өмірде де жиі кездесетін болдық. Кейбір адамдар әлі күнге дейін цифрлау үрдісінің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы пікірталастарда. Цифрландыру процесті және өндіріс кезеңдерін толық автоматтандыруды, өнімнің дизайнынан бастап, оны түпкілікті тұтынушыға жеткізумен аяқтауды, сондай-ақ кейіннен өнімге техникалық қызмет көрсетуді білдіреді.
Ғылымның қарқынды дамуы барысында көптеген корпорациялар өндірістің барлық деңгейлерінде жаңа технологияларды қолдана отырып жұмыс істеуге дайын қызметкерлерді талап етеді және арнайы дағдыларға ие емес қызметкерлер қажеттілігі артта қала беруде. Осы проблемаларды шешу, әрине, білім беру процесін қайта жаңғыртуды талап етуі тиіс.
Цифрландыру тікелей бұрын қол жетімді болмаған жоғары оқу орындары мен мектептер үшін ашылатын цифрлік технологияның оқу құралдарымен байланысты. Олардың ішінде онлайн оқу аса ерекшеленеді.
Мысалы, онлайн оқыту нарығының кестесін қарастырайық (1-сурет). Графиктен көріп отырғанымыздай, онлайн оқыту Солтүстік Америкада (АҚШ, Канада), Батыс Еуропада (Еуропа елдерінің көпшілігі), сондай-ақ Азияда (Қытай, Жапония) ең күшті дамыды. Шығыс Еуропада онлайн оқыту нарығын дамыту бұрын айтылған елдерге қарағанда әлдеқайда аз екенін атап өту маңызды.
Цифрландыру үрдісі, мінсіз білім беру үдерісі мен сапасына әсер етеді. Мектептік білім беру процесіне енгізілген жаңа технологиялар мектеп оқушыларын қарапайым лекцияларға қарағанда әлдеқайда көп қызықтыра алады. Мәселен, мысалы, Англияның Гранж мектебі мектептің ішіндегі «қала» сияқты жасалған. Гранж мектебінде телевизия мен радиостанциялар құрылып, балаларға әлем шынайылығындағы жағдайларды жақсартуға көмектеседі.
Қазір Қазақстан Үкіметінің ақпараттық технологияларды игеруді барынша жылдам дамытуға ұмтылып отырғандығын байқауға болады. Қазіргі ақпараттық технологиялар дегеніміз – цифрлы сана мен технологияларға қол жеткізудің басты алғышарты.
Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғырту өзектілігі әлеуметтік функциясының маңыздылығы – білімді өндіру және түрлендірумен негізделеді, олар қазіргі қоғамдағы еңбек бөлінісінде шешуші рөлді атқарады. Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғыртудағы барынша табыстылыққа тек егер білім беру саясатына негізделген барлық бағдарламалық қондырғылар әлем тәжрибесімен жиналған оң әлеуеттен барлық мүмкін болатынды өзіне жинай алса ғана қол жеткізуге болады. Және де, әсіресе Орталық Азиядағы көптеген елдер үшін, білім беру жүйесін жаңғырту мәселесі әлі де өзекті болып қалуда.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, білім беру процесіне цифрландыру жүйесі өте қажет. Осылайша, көптеген жоғары оқу орындары білім беру жүйесінің ұзақ мерзімді тәжірибесін талдап, осы әдістің артықшылықтарын түсінді. Бұл жүйе білім беру сапасын жақсарту, жаңа ақпараттық технологияларды дамыту, заманауи қағаз процестерін жеделдету, мекеменің әкімшілік және басқарушы қызметкерлеріне қажет.
Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі цифрландыру саласында бірнеше міндеттерді қойды:
- орта білім беру жүйесінде ақпараттандыруды дамыту;
- білім беру мен ғылымды басқару процесін автоматтандыру;
- АТ мамандарын оқыту.
Бірінші бағытта (орта білім берудегі ақпараттандыруды дамыту) министрлік мектептегі информатикаға «Информатика» пәнін ерте енгізуді бастады. Ең дұрысы, бірінші сыныптан объектіні енгізу жоспарлануда. Қазір бұл мүмкіндік сарапшылармен талқылануда.
Әлемдік тәжірибеде, мысалы, ЭЫДҰ елдерінде бағдарламалау негіздері бірінші сыныптан бастап оқытады. Қазақстанда «Информатика» пәні 5-сыныптан, ал биылғы жылы - 3-сыныптан оқытылады. Сондай-ақ балалар робототехникаға қатысады. Бүгінгі таңда 3000-нан астам мектеп және оқушылар сарайында робототехникада элективті курс енгізілді. 100% -ға дейін қамту жоспарлануда - робототехника шкафтары жаңартылады, ал мұғалімдер біліктілік арттыру курстарынан өтетін болады.
Тағы бір мәселе – балалардың денсаулық жағдайына жаңа технологиялардың әсері. Балалардың техникамен жұмыс істеуі үшін рұқсат етілген, қатаң тексерілген санитарлық-гигиеналық нормалар болуға тиіс.
Орта білім берудегі оқу үдерісін автоматтандыру үшін электронды журналдар жүйесі пайдаланылуда. Электронды журналдарды енгізген мектептерде қағаз түріндегісін қолдануға тыйым салынады. Әзірлеушілердің пікірінше, бұл қосарланушылықты тоқтатады және есептілікті айтарлықтай қысқартады.
Жоғары білім беруде «Жоғары білімді басқарудың бірыңғай жүйесі» жұмыс жасайды, ол ақпараттық жүйелерді ықпалдастырудың көмегімен толығады, осылайша әрбір оқушының мәртебесі бойынша өзекті мәліметтерді әрдайым көруге мүмкіндік береді. Ғылым саласында барлық ғылыми гранттарға өтінім беру, есептер қабылдау, мақалаларды есепке алу, электронды мекен-жайлар базасы цифрландырылды.
Екінші бағыт – цифрлық білім беру контенті бойынша мектептер үшін үш тілде 80 мың бейнефильм мен интерактивті сабақтар енгізілді, олар мұғалімге сабақты әлдеқайда жоғары деңгейде жүргізуге көмектеседі. Биыл 7 082 мектеп аталған цифрлық ресурстарға қолжетімді болды.
Аталған цифрлық ресурстар онлайн және оффлайн режимдерде қолжетімді, яғни мұғалім – пәнді жүргізуші дайын бейнематериалды алып, оны сабақ барысында оқу материалын түсіндіру немесе бекіту үшін пайдаланады. Мұғалімге енді сабақтарға қосымша материал іздеудің қажеті жоқ.
Жұмыстың үшінші бағыты IT-мамандарды даярлау болып табылады. Қазақстанда осы мамандық бойынша жоғары білім беру гранттары жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы Президенттің тапсырмасы бойынша қосымша 20 мың грант бөлінді, оның 11 мыңы техникалық мамандықтар үшін, «киберқауіпсіздік» саласына ерекше назар аударылды. Қазақстандық студенттер осы мамандықты шет елдерде игеру үшін стипендия алады.
Үшінші бағыт – білім беруді басқаруды цифрландыру – басқарудың бірыңғай жүйесін құруды қарастырады, оған барлық білім берудің мәліметтер базалары негізінде Big Data құру енгізіледі.
Осы үш бағыттың барлығы бірте-бірте және жүйелі түрде биылдан бастап дамиды, бірақ бүгінгі таңда іске асыру үдерісін баяулататын бірнеше проблемалар бар. Олардың ішінде компьютерлермен / ноутбуктермен, смартфондармен жеткіліксіз қамтылу. Тағы бір кедергі – Интернет желісіне қолжетімдіктің болмауы. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, мектептердің тек 62% интернетке қосылған, ал 37% -ы қосылмаған. Үкімет «Цифрлік Қазақстан» бағдарламасына сәйкес барлық мектептерді біріктіру бойынша ауқымды жоспарды жасады.
Қазақстанда мектептік білім беруді цифрландыру оны реформалау үрдісіндегі басты тенденциялардың бірі болып табылады. Болашақ мектептерінің көрінісі көбінесе барлық пәндердің бұлтты білім беру жүйесіне біртіндеп көшуімен байланысты. Біз онлайн оқулықтар мен виртуалды зертханалар туралы, ашық білім беру мазмұны, әрбір қатысушыға икемді және жеке көзқарас туралы айтып отырмыз. Үй тапсырмаларын оқушылар онлайн режимінде бірге жұмыс істей алады. Мектеп кітапханалары ақпараттық және компьютерлік орталықтарға айналды. Оқу үрдісі әрбір білім алушының идентификаторымен байланыстырылатын болады, бұл бағалау және бағаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
№42 ӘЛЕМДЕ БАЛАНЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕН ИГІ ІС ЖОҚ...
Қазіргі таңдағы әлемде болып жатқан үлкен өзгерістер ұстаз-тәрбиешілерге (педагогтарға) мынадай міндеттер жүктейді: білімді, саналы, жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру. Бала бойындағы қабілеттерді ашып, заман талабына сай құзыретті тұлға ретінде қалыптастыра білсек, бұл мақсатымызға біршама жақындағанымызды көрсетеді. Жас баланың жаңаша ойлауына, дүниетанымының қалыптасуына әлемдік деңгейдегі білімді меңгеруіне, сонымен қатар жаңаша білім мазмұнын игере білуіне жағдай жасап, оны өмірде толық пайдалануына ықпал ету бұл да тәрбиеші мен ата-анаға жүктелген міндет. Үшінші мыңжылдықтың сан түрлі өзгерістері мен қызыққа толы жаңалықтары жас ұрпақты заманға сай дамытып, қалыптастыруға итермелеуде. Баланы тәрбиелей отырып, оған ықпал ететін жаңаша жаңалықтар енгізу, құзыретті ұрпақ қалыптастыру білім беру жүйесіндегі ең өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі кезде кез-келген салада «құзыреттілік» сөзі кеңінен қолданылуда. Бұл сөздің педагогика саласындағы өзіндік анықтамасы мынадай; құзыретті ұрпақ – әлемде болып жатқан әр қилы жаңалықтарға қызыға қарап, тамсанатын, өз ұлтымен қоса өзге ұлттың тілін, дінін, салт-дәстүрін меңгеруге дайын бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған тұлға.
«Кішкентай бүлдіршіндердің дамуына ықпал ететін үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретінде мектепке дейінгі білім беруге баса назар аударған жөн және бұл сатыны олардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға арналған тиімді бағдарламалармен қамтамасыз ету қажет. Әрі балалардың білім алуға, еңбекке және қоршаған ортаға бейімі, қарым-қатынасы нақ осы кезеңде қаланатынын естен шығармауымыз қажет», сонымен қатар, «2020- жылға дейін Қазақстан жерінде тұратын қалалық және ауылдық балалардың барлығы мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етілетіндігі жайлы » Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында атап көрсеткен. Сондықтан жас ұрпақтың дамуына ықпал ететін үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретінде мектепке дейінгі білім беруге баса назар аударған жөн. Ғалымдардың зерттеу нәтижелеріне сүйенетін болсақ, адам бойындағы бәсекелестік қабілет 3-6 жас аралығында қалыптасатынын анықтаған. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» -дейді халық даналығы. Мектепке дейінгі тәрбие – балаға тәрбие мен білім берудің алғашқы баспалдағы іспеттес. Бұл кезеңде тәрбие мен білімнің негізі қалай қаланса, сол бағыт бойынша кішкентай бүлдіршіннің өмірге қабілеттілік немесе өмірге деген өзіндік көзқарасы жоқ тұлға ретінде қалыптасуы да осы мектепке дейінгі тәрбиеге байланысты. Себебі, үйдің негізі қалай қаланса, үйдің болашақтағы жарамдылығы мен жарамсыздығы соған байланысты болатыны анық.
Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтергенімізде қолға алар ісіміздің өзі ұрпақ тәрбиесі. Қазіргі замандағы ең басты мәселе –бала тәрбиесі. «Әркім өз жолын тауып кететіндей бала тәрбиесі жеңіл нәрсе ме? Деген сұрақ туындайды. ЖОҚ, әрине. «Бала тәрбиесі – өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер.» – деген екен М. Жұмабаев. Тұлғаның білімді болып қалыптасуы, елдің тірегі болуы – тәрбиенің нәтижесі. «Тәрбие-адам тағдырын шешетін ұлы іс» деп, дөп басып айтқан екен Белинский В.Г. Тәрбие – құнды байлық, себебі, жас ұрпақтың тәрбиесі халықтың ең қымбат қазынасы. Балалар тәрбиесіне, келер ұрпақ тәрбиесіне қай кезеңде болмасын, қай ұлтта, мемлекетте болсын үлкен мән беріледі. Тәрбие адамдардың пайда болуымен туындаған. Ол адами қоғамның дамуымен бірге дамып және өмір сүреді. Балаға әсер етудің түрлі әдістері бар, бірақ тәрбиемен кешігуге болмайды. Баланы қалыптастыру мен дамытуда ұлттық тәрбие (халықтық жүйе) үрдісін қолдану, ұлтжанды азаматтарды өсіріп жеткізуге мүмкіндік береді. Халықтық жүйеде қайта тәрбиелеу әдісінің орталығы ата-аналар және жанұядағы басқа ересектер үлгісі. Халық баланың жас ерекшеліктерін және психологиясы туралы білімді ғасырлар бойы зерттеп жинаған. Халық балаға тәрбиені мақал-мәтел арқылы беруді қарастырған. «Бала тәрбиесі – бесіктен» демекші. Баланы халық дүниеге келгеннен бастап тәрбиелеу керек деген. Баланың болашақта қалыптасуы біріншіден үлкендермен қарым-қатынасына байланысты болады. Зерттеуші ғалым-педагогтар және психологтар жылдар бойы бақылаған баланың ойын іс-әрекетіне байланысты бірнеше қорытынды жасады. Ата-ананың тәрбиелеу әсеріндегі маңызды ерекшелігі, баланың дидактикалық ойындарға ойнауы, рухани және ақыл-ой тәрбиесіндегі маңызы көп және сол үрдісте баланың еңбек құралдары, мамандықтары туралы түрлі заттардың ерекшеліктері туралы біліп, білімде, жұмбақта және жаңылтпашта жарысады. Халық педагогикасы өзіне баланың өмірінің түрлі жақтарын қосып алды, соған қоса олардың денсаулығы, мінез-құлқы, мінез ерекшеліктері және т.б.
Ел болып еңсемізді тіктеп, етек- жеңімізді жиғалы да жиырма үш жылға аяқ басты. Тәуелсіздіктің, Азаттықтың туы желбірегені қандай-ды! Өшкеніміз жанып, салт- дәстүріміз жаңғырды. Десек те ата дәстүрі дегеніміз не? Бабалар мирасы дегенді бүгінгі жас қалай түсінеді?Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, озық өнегелі дәстүрлерді, адамгершілік асыл қасиеттерді жас ұрпақ бойына қалыптастырып, оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз. Сондай-ақ, ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тағдыры мен болашағы да мектептегі жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Тәрбиедегі басты бағыт делінген тәлім-тәрбие тұжырымдамасында: “Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттық болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көмектеседі, солар арқылы ол жалпы азаматтық мәдениетке аяқ басып, өз халқының мәдени игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады. Сондықтан әрбір ұрпақ өз кезімен өткеннің тағдыры мен талаптарын, объективті факторлар ретінде ұсынып, сол арқылы ұрпақты өмірге даярлап, оларды жинақталған бай тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-аналарының рухани мұрасын игере түсуі керек” екені айтылған. Көне заманнан келе жатқан таным-түсінік, әдеп-тағылымдарын ұғыну, білу және өмірге үйлесімдерін қажетке жарату – жас ұрпақтың туған халқына деген құрметінің артып және өнегенің рухани түлей түсуіне ықпал етеді. Былайша айтқанда, елінің тарихи өткен жолы мен бұраң бұлтарысы көп болмыс-білімін ұғыну халқына деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімінің қарқынды түрде жетіле түсуіне әсерлі ықпал етумен қатар, бұл нәтижелі сапаға айналады.
Әрбір жас ұрпақ қай жағынан болсын келісті, тамаша азамат болып қалыптасуы керек. Жемісті тәрбиенің сыры шәкіртті дұрыс тәрбиелеуде. В.А.Сухомлинский «Біздің балалар-біздің қарттығымыз. Жаман тәрбие-болашақтағы қайғымыз,бұл-біздің көз жасымыз,бұл-басқалар алдындағы,бүкіл еліміз алдындағы біздің кінәмыз.» Тоғыз сөздің тобықтай түйініне тоқталатын болсақ, тәрбие – адам өміріндегі негізгі, ең маңызды заттың бірі. Тәрбие беруде бағыттан жаңылысу баланың, одан бөлек қоғамды жарамсыз адаммен қамтамасыз ету болып табылады.
№43ЕГЕР МҰҒАЛІМДЕ ӨЗ ІСІНЕ ТЕК СҮЙІСПЕНШІЛІК БОЛСА,ОЛ ЖАҚСЫ МҰҒАЛІМ БОЛА АЛАМА?
Достарыңызбен бөлісу: |