Байланысты: 1 М дениет тарихында ы философия ж не оны адам мен о ам мірін
10.3 Қазіргі заманғы діни философия Өзінің мәні мен мазмұны жағынан діни философия тарихи дәстүрлі көзқарастар түріне жатады. Әр дәуірдің өзіне тән діни санасы адам өмірі мен қоғам дамуының мәнін, мағынасын ашуға, сол арқылы адам өмір сүруін белгілі бір бағытта дамуына жағдай жасауға ұмтылды. Діни – философиялық көзқарастың бастауында, әрине діни ұйымдар мен діни қайраткерлер тұрды. Философия ерте кезден-ақ ақиқатты іздеуге ұмтылыс жасады, ал философтар, біз «мәңгілік мәселелер мен сұрақтарға жауап іздейміз» деп құлшынды. Егер философиялық сұрақтар мәңгілік болса, онда философияның қажеті не, бәрібір ол сұрақтарға ешқашан жауап берілмейтін болса? Философияның болмыстық формасы болып, оның өзінің тарихы жарияланды, содан біз өткен замандарға үңіле отырып, өмір сүрген ойшылдардың әрқайсысын бір ұлылар деңгейіне көтердік. Егер олар мәңгілік сұрақтарға біржақты жауап таба алмай, өзара айтысып келсе, оларды ұлы деп атауға қандай негіз бар? Олардың пікірінің қазіргі және болашақ уақыт үшін қандай маңызы бар? Егер философия деп жүргеніміз әртүрлі пікірлер жиынтығы болса, біз қандай қорытынды жасауымыз керек? Әлде Сократ хакім сияқты: «Менің бар білетінім, біздің ештеңе де білмейтініміз» дегенді қанағат тұтып, танымдық мүмкіндіктерімізді теріске шығарамыз ба? Міне, осы сияқты сұрақтар дін мен философияның ақиқатты түсінуге деген ұмтылыстарын бір бағытқа бұрып, өзара үйлесімділікте дамуына итермелейтін сияқты. Философиялық көзқарастың сыналар тұсы, логикалық қайшылықтардың болмауы, толық қанды түсінік болу, басқаша айтқанда нақтылық және оның өмірлік-мағыналық идеал қажеттілігіне деген талапқа сай болуы. Осы талап тұрғысынан қарасақ, жер бетінде болған көзқарастар, философиялық концепциялар қандай деңгейде? Бірде біреуі әмбебеп түсіндіруші құдіретке ие емес, олай болса тұтас алғанда шындыққа жатпайды. Барлық көзқарастар бір-біріне қарама-қайшы, сол себептен де түсіндіру мүмкіндіктері шектеулі. Әлемдік философиядағы осы олқылықтарды ХХ-шы ғасырдағы діни философиялық ағымдар жаңа тұрғыдан шешуге, толтыруға ұмтылады. Осы заманғы діни-философиялық көзқарастар ішіндегі кең тараған ілімдердің бірі – неотомизм. Бұл ағымның ірі өкілдеріне жататын ойшылдар: Ж. Маритен, Э. Жильсон, Г. Марсель, Тейяр де Шарден, И. Бохеньский, Г. Мангер, И. Гейзер, Жамал-Аддин-әл-Ауғани, Мұхамед Ықбала т.б. Бұл ілімнің негізгі идеясы орта ғасырда Фома Аквинский, Әл-Фараби, Ибн-Сина және Асыл Ибн-Ата негізін қалаған діни философияның қағидаларына арқа сүйейді. Ол – құдай ең жоғары болмыс, ал табиғат, денелер әлемі оның іс-әрекетінің нәтижесі немесе құдай эманациясы сияқты идеялық көзқарастар болып табылады. Тек қана кейбір ескірген тезистер қазіргі заманғы ғылыми идеялармен үйлестіріліп, жаңа формаға ие болған. Егер Фома философиялық ақиқаттар сенім ақиқатына қайшы келе алмайды десе, қазіргі неотомистер бұл пікірді әрі қарай өрбітіп, сенім мен ақылдың (бұл жерде – «ғылыми піків» деген мағынада) үйлесімділігі концепциясы тұрғысынан алғанда, ақыл өзінің пайымдауларында сенімге қайшы келгенге дейін еркін қалады деп тұжырымдайды. Сонымен қатар, неотомистердің пікірінше, философия ғылымға тәуелсіз болғанымен, діни қағидаларға тәуелді болып қалады. Ал ғылым жалпы көзқарастық мәселелерді көтеріп шеше алмайтындықтан, философияға да, дінге де кері әсер ете алмайды. Бірақ неотомистер кейбір діни тезистерге, қағидаларға түсініктеме беру үшін жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін пайдалану қажеттігін ашық жақтайды. Мысалы, табиғаттағы тепе-теңдік, үйлесімділік заңдылықтарының жаратылыстану ғылымдары деректерінен барынша айқын дәлелдер табуы; адамзаттың табиғатпен арасындағы қарым-қатынасқа деген көзқарасының күрделі өзгеріске ұшырай бастауы, әртүрлі табиғи тылсым күштердің әсерінен; микроәлем мен макроәлемдік зерттеулер нәтижесі берген дүниенің жаңа ғылыми бейнесі діни көзқарасқа тікелей ықпал етті. Өзінің бүкіл тарихында, бүгінгі заманды да қоса алғанда, діни философияның ең бірінші мәселесі, ол – құдай болмысы туралы. Әрине, қазіргі уақытта, кейбір теологтар, егер құдайдың бар екендігі күмәнсіз ақиқат болса, оның барлығын дәлелдеп жатудың қанша қажеттілігі бар деген орынды пікір айтады. Дегенмен, діни ойшылдардың көпшілігі мұндай радикалды ұсыныспен келіспейді. Олардың ойынша адамзат дамуының әрбір кезеңінде пенделердің әлсіздігін жеңіп, құдайға деген күмәнін тудырмау үшін, атеистердің, адасып жүрген жандардың үстірт пікірін айғақты түрде терістеу үшін құдай болмысы туралы біліміміз бен сенімімізді үзіліссіз дамытып отыру қажет, - дейді. Әсіресе, қазіргі заманғы, жалпыадамзаттық әлеуметтік дағдарыстың күшейген кезінде, пенделердің рухани бойкүйездікке салынып немесе материалдық тоғышарлықтың құрбаны болып бара жатқан заманда діни философиялық көзқарастың тарихи-әлеуметтік маңызы ерекше арта түседі.