1 Мәдениет тарихындағы философия және оның адам мен қоғам өміріндегі алатын орны



бет2/50
Дата12.04.2023
өлшемі302,06 Kb.
#81791
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50
Философтардың философия туралы түсініктері



Философ немесе философиялық бағыт

Философия пәні туралы түсінік

1

Пифагор

Даналыққа кұштарлық

2

Гераклит

Философ – зерттеулермен айналысатын адам

3

Сократ

Ізгілік пен зұлымдықты тануға бағытталған ерекше ғылым

4

Платон

Мәңгі ақиқат болмысты тануға бағытталған ерекше ғылым 

5

Аристотель

Заттардың себептері мен қағидаларын зерттеу

6

Эпикур

Ой арқылы бақытқа жету жолы

7

Сенека

Философия – ізгі кеңес

8

Ортағасырлық христиандық философия

Құдайлардың бар екенін дәлелдеу және рационалды таным құралы. Киелі жазбалардағы ақиқатты түсіндіру

9

Әбу Насыр әл – Фараби

Мақсаты әсемдікке жету болып табылатын - өнер

10

Ф.Бэкон, Р.Декарт

Ұғымдық форма арқылы берілген тұтас ғылым

11

Кант

Дүниені абстрактылы метафизикалық ұғымдар арқылы тану құралы

12

Гегель

Өзін-өзі танитын Абсолютті ақыл туралы ғылым

13

Шопенгауэр

Философия – дүниені жалпы, абстрактылы ұғымдар түрінде бейнелеу түрі

14

Жанды Этика ілімі

Рухани интуиция мен ақылға негізделген дүниені тану құралы, адамды рухани жетілдіру жолы

1.2 Философиялық дүниетаным және дүниетанымның тарихи түрлері
Дүниетаным – дүние және ондағы адам орны туралы тұтас көзқарас. Тарих дамуында адамзат дүниетанымының үш тарихи түрі қалыптасты:
1) мифология;
2) дін;
3) философия.
Мифология (гректің «миф» - «аңыз» сөзінен) - қоршаған дүние туралы реалды түсінікпен қатар фантастикалық қиялдың қосындысынан тұратын ежелгі қоғам дүниетанымы, қоғамдық сананың формасы.
Ең алғашқы дүниеге көзқарастың формасы – миф болып табылады. Миф – белгілі бір кеңістіктегі халықтардың дүние мен адам хақындағы пікірлері мен түсініктерінің мазмұн арқылы берілуінің және рәміздік, образды, тұспалды тілмен жеткізілуінің мәтіндік бір көрінісі. Ол алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі адамдардың санасына байыпты орнығып, дүниеге көзқарастың бірден-бір формасы ретінде қалыптасты. Көне замандардағы адамдардың ойлау машығы қазіргіден әлдеқайда өзгешерек болды. Сондықтан мұны қисындылыққа дейінгі (прологикалық) немесе арғытектік (архаикалық) ойлау деп те атайды. Миф қазіргі біздің түсінігіміз бойынша барынша жалпы ұғым, оған: әфсана, аңыз, ертегі т.б. шындыққа тура сәйкес келмейтін мазмұнды мәтіндер кіреді.
Мифтік дүниеге көзқарасты толығырақ ашу үшін арғытектік ойлаудың кейбір ерекшеліктерін былайша түсіндіріп өту керек. Бірінші, дүниедегі жансыз заттар мен басқа да тіршілік иелерін адам кейіптеу, яғни, адами қасиеттерді оған апарып таңу. Бұны ғылыми терминдік салада «антропоморфтау» деп те атайды. Мәселен, түркі халықтарындағы мәдени мұра батырлар жырындағы баһадүрлердің мініс аттарының сөйлеуі, адамша тіл қатуы. Ал жансыз табиғат құбылыстарын адам кейіптеуге – таулардың сөйлеуін мысалға алуымызға болады. Екінші, уақыт пен кеңістік өзінің тұрақты қалпынан ауытқып, өзгермелі (динамикалы) сипат алады. Мәселен, батырлар жырындағы «алты айшылық жолды алты күнде аттау» - кеңістік пен уақыттың сығылуын, қазақ ертегілеріндегі «темір етігі теңгедей, темір таяғы тебен инедей» болғанша жол жүру – уақыт пен кеңістіктің созылуын білдіреді. Демек, қалыпты уақыт өзінің өлшемдеріне бағынбай кетеді. Үшінші, субъективті көңіл-күйді объективтендіру – ішкі психологиялық сезімдерді шынайы өмір сүретін бейнелерге айналдырады. Мәселен, Қызыр Ата – дүниедегі барлық жақсылықтың, ал дәу –барлық зұлымдықтың жиынтық образын білдіреді.
Осындай мифтік дүниеге көзқарас өз дәуірінде әлем мен адам және оның тіршілігі хақында белгілі бір таным көкжиектерін қанағаттандырып отырды.
Миф жауап беруге тырысатын негізгі сұрақтар:
1) Әлемнің, Жердің және адамның жаратылуы.
2) Табиғи құбылыстар туралы түсінік.
3) Адам өмірі, тағдыры мен өлімі, әрекеті, жетістіктері, т.б.
4) Борыш, ар-намыс, имандылық мәселелері.
Мифтің белгілері және жалпы сипаты:
1) табиғатты жанды тіршілік ретінде қабылдау;
2) фантастикалық құдайларға, олардың өзара қатынасына, байланыстарына сену;
3) абстрактылы ойлаудың (рефлексияның) болмауы;
4) мифтің нақты өмірлік міндеттерді (шаруашылық, стихиядан қорғану,т.б) шешуге бағытталған практикалық сипаты;
5) мифологиялық сюжеттердің біркелкілігі мен тереңге бойламайтын үстірт, жеңіл мағыналылығы.
Дін – (латынның «религия»-«құдайшылдық» сөзінен) - сенімге негізделген, адам өмірі мен қоршаған дүниені басқаратын, жарататын құдіретті күштердің барын мойындайтын дүниетаным түрі. Діни дүниетаным адамнан дүние туралы сезімдік, образды- эмоцианалды түсінікті талап етеді. Діннің мақсаты мен мағынасы – қоғам мен жалпы адамзаттың назарын Құдайға бағыттау арқылы бір бағытқа жұмылдыру, орталықтандыру, сол арқылы адамды және осы дүниелік болмысты мәртебелендіру.
Дүниеге көзқарастың келесі бір мифтен кейінгі қалыптасқан түрі – дін. Қазіргі кездегі бір ғана құдайға сенетін монотеистік діннің пайда болуына дейін оның бастапқы нышандары осыдан жүздеген мың жылдар бұрын қалыптасқан. Оларды алғашқы діни сенімдер деп атайды: тотемизм, фетишизм, анимизм, магия, политеизм, генотеизм т.б. Тотемизм – белгілі бір халықтың немесе этностың шығу тегін хайуанаттармен немесе өсімдіктермен туыстық байланыста құрастыру. Мәселен, біздің арғы ата-бабаларымыз ғұндардың таным түсінігінде өздерінің шығу тегін бөрімен байланыстырады. Ол – түпкі ұрпақтарын қасқыр асырап алып, одан бүкіл түркі жұртының өркендеуі туралы аңыздармен көмкерілген. Фетишизм – табиғаттағы жеке құбылыстарға табыну және оны құрмет тұту. Мәселен, жер-суға, жалғыз ағашқа, тау мен тасқа табынуды атап өтуге болады. Анимизм – адамды тән мен жанға ажырата отырып, тән өлген соң жанның мәңгі өмір сүретіндігі туралы түсінік. Ол да әрбір халықта әртүрлі деңгейде түсіндіріледі. Мәселен, көне Грек ойшылы Платон өзінің «Еске алу теориясы» деп аталатын тұжырымдамасында: адам осы өмірге келгенге дейін «жан», «рух» түрінде өз бетінше өмір сүреді, осы жан тәнге енгеннен кейін кәдуілгі өмір басталып, жан бұрынғы көрген-білгендерін есіне түсіреді. Сонда адамның өмірі жанның бұған дейінгі көргендерін есіне түсіру ғана болып шығады деген пікірлермен тиянақталады. Немесе, көне үнді сенімдерінен бастау алған реинкарнация деп аталатын түсінікте адамның жаны өлгенне кейін тек басқа адамға ғана емес, жан-жануарлар мен өсімдіктердің жанына барып қоныстануы мүмкін екендігі айтылады. Сондай-ақ қазіргі монотеистік діндердегі жұмақ пен тозақ туралы ұғымдар да осының куәсі. Қазақ халқында жан, рух «аруақ» түрінде мәңгі өмір сүре отырып, кейінгі ұрпақтарын желеп-жебеп, өзінен кейінгі өмірге де белгілі бір деңгейде тәртіп орнатып отыратын құдыретті күш болып саналады. Магия – сиқыр деген мағынаны білдіретін сенімдердің бірі. Оны зиянкестік магиясы, ізеттілік магиясы, шаруашылық магиясы, мантика, хиромантия сияқты салаларға жіктейді. Зиянкестік, яғни, қара магия – қарғыс, көз тию, тіл тию сияқты жағымсыз әрекеттер арқылы жүзеге асса, ізеттілік магиясы бұған керісінше жақсылыққа ғана бағдарланады. Магияның бір саласы мантика – бал ашу түрінде анық көріне алады. Мәселен, құмалақ ашу, жауырынға қарап болжау, карта ашу т.б. атап өтуімізге болады. Ал хиромантия алақанға қарап адам тағдыры мен болашағын болжау туралы арнайы ілім болып қалыптасқан. Политеизм деп аталатын сенім (поли-көп, тео-құдай деген мағынада) көпқұдайға сенушілік туралы ұғым. Бұл әлемдегі әрбір құбылыстың, әрбір нәрсенің өзінің құдайы бар деп түсінушіліктен туған. Мәселен, көне Грек мифологиясындағы Олимп тауында басты он екі құдай Пантеонға, яғни, құдайлардың мәртебесін айқындайтын орнына орналастырылған. Афродита – сұлулық пен махаббаттың, Посейдон – теңіздің, Гермес – сауда мен егіншіліктің т.б. құдайы болып тағайындалған. Осы құдайлар адамша өмір сүріп, қоректеніп, үйленіп, өзара соғысатын да болған. Бұндай кикілжіңдердің нәтижесінде бір құдай басымдылыққа шығарылған. Бұны генотеизм деп атайды, демек, бұл – көпқұдайға сене отырып, бір құдайды басымдылыққа шығару сенімі.
Осындай алғашқы діни сенім формаларынан кейін «монотеизм» деп аталатын қазіргі күнгі бір құдайға табынушылық пайда болды. Бүгінгі күні мынадай әлемдік діндер белгілі: Будда, Христиан, Мұсылман. Әлемдік деп аталу себебі, олар белгілі бір этностың немесе ұлттың шеңберінен шығып, өзінің өрісін кеңейтіп, бүкіл дүние жүзіне тараған. Осы діндердің рухани қайнар бұлақтары қасиетті деп саналған кітаптар: Буддизмде – Трипитака, Христиан дінінде – Жаңа өсиет, Мұсылман дінінде – Құран. Осы кітаптарда әлем мен адамзаттың тіршілігі хақында, жаратылу мен әлемнің пайда болуы жөнінде, өмірдің мағынасы туралы байыпты пікірлер айтылады. Осыдан дүниеге көзқарастың мифке қарағанда барынша жүйеленген формасы қалыптасты. Дүниеге діни көзқарас тұғыры осылай құрылған.
Дін де миф ізденетін сұрақтарға жауап береді:
1) әлемнің, Жердің, Жердегі тіршіліктің, адамның пайда болуы;
2) табиғи құбылыстарға түсінік; 
3) адам әрекеті тағдыры;
4) адамгершілік мәселелері;
5) қарым-қатынас мәселелері.
Дін мынадай қызметтер атқарады:
1) дүниетанымдық - дүние туралы жалпы түсінікті қалыптастырады;
2) біріктірушілік - қоғамды қандай да бір идея үшін немесе идея төңірегіне топтастырады;
3) мәдени - мәдениетке ықпал етеді немесе мәдениеттің таралуына жағдай жасайды;
4) адамгершілікке тәрбиелейді, адамгершілікті насихаттайды (мейірбандылық, инабаттылық, жанашырлық, адалдық, сыпайылық, төзімділік, борыш идеяларын жоғары бағалайды, уағыздайды);
5) компенсаторлық - адамның табиғат, әлеуметтік проблемалар, т.б. жағымсыз сипаттағы басқа да факторлар алдындағы әлсіздігін, қорғансыздығын басқа сипаттармен толықтырады;
6) жүйелеушілік - адамдардың тәртіптері мен өзара қатынастарын идеялар, нормалар, дәстүр, ритуал, құқық, мораль, қағидалар,т.б. арқылы жүйелейді;
7) мәдениет жалғастылығы - ұрпақтар арасындағы ой жалғастылығын қамтамасыз етеді;
8) интеграциялық, дезинтеграциялық - индивиттерді топқа немесе әлеуметтік институттарға бөлу-біріктіру.
Философия - дүниетанымның ғылыми - теориялық түрі. Философиялық дүниетанымның діни және мифологиялық дүниетанымдардан айырмашылығы:
1) нақты ұғымдар мен категориялардан құралады;
2) қиялға, сенімге емес, білімге сүйенеді;
3) рефлексивті (ойдың өз- өзіне бағытталуы);
4) қисындылығы (ішкі тұтастық пен жүйелікке негізделеді).
Осылайша философия - рационалдылықпен, жүйелілікпен және қисындылығымен ерекшеленетін дүниетанымның жоғарғы деңгейі мен түрі.
Философияның дүниетаным ретіндегі эволюциясы 3 кезеңнен өтті:
1) космоцентризм; 
2) теоцентризм; 
3) антропоцентризм.
Космоцентризм - Әлем, табиғат құбылыстары-сыртқы күштердің-Космостың күшімен, әсерімен, шексіздігімен түсіндірілетін, бүкіл тіршіліктің космостық циклдарға тәуелділігін тұжырымдайтын философиялық дүниетаным (Ежелгі Үнді, Ежелгі Қытай, т.б. шығыс елдеріне және Ежелгі Грецияға тән).
Теоцентризм - бүкіл болмыс, тіршілік - тек қана құдіреттің, Құдайдың үстемдігімен түсіндірілетін пікірге сүйенетін философиялық дүниетаным түрі (ортағасырлық Европаға және таяу Шығыс елдеріне тән).
Антропоцентризм - орталығында адам мәселесі тұрған философиялық дүниетаным түрі (Қайта Өрлеу дәуіріндегі Европаға, Жаңа Заманға, қазіргі заманғы философиялық мектептерге тән).


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет