2. Қазақстан Республикасының Әділет органдары Құқықтық қамтамасыз ету саласында мемлекеттің саясатын іске асыруды қамтамасыз ететін орталық атқарушы билік органы Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі болып табылады. Әділет органдарының біртұтас жүйесіне:
- Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі;
- Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің комитеттері;
- аумақтық әділет органдары мен мекемелері;
- қылмыстық атқару жүйесінің органдарын қамтитын әділет органдары;
- мекемелер және өзге де бағынышты ұйымдар кіреді.
Қазақстан Республикасының Әділет минитрлігінің құрамында:
- ұйымдастыру- бақылау;
- заңды тұлғаларды тіркеу;
- халықаралық құқықтық қамтамасыз ету;
- заң қызметі және құқықтық тәрбиелеу;
- құқықтық актілерді жүйелендіру;
- нотариат, Азаматтық Хал Актілерін Жазу және адвокатура;
- шағымдарды қарау және тағы басқа басқармалар мен бөлімшелер бар.
Әділет министрлігінің келесідей ведомствалары бар: Тіркеу қызметі комитеті, Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитет, Қылмыстық атқару жүйесі бойынша комитет, Халыққа құқықтық көмек көрсету және құқықтық көмекті ұйымдастыру комитеті, Дін істері жөніндегі комитет.
Әділет министрлігінің қарамағына: «Сот сараптамасы орталығы» мемлекеттік мекемесі, «Қазақстан Республикасының Әділет минитрлігінің Заң шығару институты» АҚ, «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК, «Қазақстан Республикасының әділет органдары, мемлекеттік және өзге де ұйымдар қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты» АҚ, «Медиа-корпорация «ЗАҢ» ЖШС, «Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің шаруашылық басқармасы» қазыналық кәсіпорны, «Дін істері жөніндегі ғылыми-зерттеу және аналитикалық орталық» мемлекеттік мекемесі, әр аудандағы және қаладағы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемелері кіреді.
Адвокатура - азаматтар мен ұйымдарға заң көмегін көрсету үшін құрылған кәсіптік, өзін-өзі басқаратын ұйым. Ол құқық қорғау органы болып табылмайды, заңды бұзуға жол берген адамдарға мемлекеттік мәжбүрлеу құқығы жоқ, оның іс-әрекеті мен шешімі жалпыға міндетті сипатта емес, алайда, адвокатураның қызметінің азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың мүдделерін қорғауда маңызы зор. Адвокат - Қазақстан Республикасының азаматы, міндетті түрде адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және заң көмегін көрсететін адам.
Қазақстан Республикасындағы нотариат - құқықтар мен фактілерді куәләндіруге, сонымен қатар, заңда көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған нотариаттық іс-әрекеттерді жасау арқылы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың заң жүзінде бекітілген жүйесі. Жоғарғы заң білімі, әдетте, заң мамандығы бойынша кем дегенде екі жыл жұмыс өтілі бар, мемлекеттік немесе жеке нотариуста тағылымдамадан өткен, әділет біліктілік алқасына біліктілік емтиханын тапсырған және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы нотариус бола алады.