5. Мемлекеттік басқару органының түсінігі, топтастырылуы және жүйесі. Мемлекетті басқару функциясын лауазымды адамдар мен органдар нақты іс-әрекеті арқылы жүзеге асырады.
Мемлекеттік басқару органы дегеніміз - мемлекеттік билікті жүзеге асырудағы мемлекеттік билік өкілеттігіне ие саяси ұйым. Бір жағынан, атқару билігі органы мемлекеттік билік органдарының бір түрі, ал екінші жағынан, биліктің іс жүзінде және формальды жүзеге асырылуына арналған атқару билігінің субъектісі болып табылады. Олар мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады және олардың төмендегідей белгілері болады:
1) мемлекеттік аппараттың автономдық бөлігі болып табылады;
2) мемлекеттік қызмет атқарып, қоғамдық мүддені жүзеге асырады;
3) мемлекеттің атынан әрекет жасайды, сонымен қатар өз атынан да әрекет жасайды;
4) жеке қызметке ие болады;
5) мемлекет алдында өз қызметі мен әрекетіне жауапты;
6) жоғары тұрған мемлекеттік органдарға тәуелді;
7) мемлекет тарапынан құрылады;
8) олардың құрылымы мен қызметі заңмен көзделген ережелер арқылы реттеледі.
Мемлекеттік басқару органдарын бірнеше белгілеріне байланысты жіктеуге болады.
Олар мынандай белгілер:
1) басқару қызметінің мазмұнына байланысты (реттеуші, бақылаушы-қадағалаушы, үйлестіруші);
2) органның құрылуына байланысты (сайланатын, бекітілетін, тағайындалатын);
3) органның нысанына байланысты (министрлік, агенттік, департамент);
4) мемлекеттің шешімін табатын өз еріктерін білдіру қабілетіне байланысты (ұжымдық және жеке басының шешімі);
5) аумақтық қызмет әрекетіне байланысты республика аумағындағы, жергілікті аймаққа байланысты.
Мемлекеттік орган дегеніміз - бұл мемлекеттің аппараттық дербес бөлігін қамтитын, жеке құзыры бар, публикалық функцияларды орындаушы қызметі мен құрылымы құқықпен реттелген ұйымдасқан ұжым. Атқару органдарында орталық атқару органдарынан бастап төменгі атқару органдарындағы қызметкерлердің барлығы басқарудың әр түрлі функцияларын жүзеге асырады.
6. Мемлекеттік басқару нысандары. Мемлекеттік басқару органдарының атқарушы және жарлықшы қызметі процессінде жүзеге асыралатын нақты іс-әрекетінің сыртқы тәжірбиелік көрінісін басқару қызметінің нысаны деп айтамыз.
Мемлекеттік басқару субъектілері сыртқы іс-әрекеті заңды нәтиже туғызуы не болмаса болдырмауы мүмкін (мысалы, ұсақ бұзақылық үшін ұстау, бұл басқару іс-әрекетіне жатады, заңды нәтижеге әкеп соғады).
Мемлекеттің қоғамдық қатынастарға әсер етуі екі нысанда жүзеге асырылады: құқықтық және құқықтық емес. Құқықтық нысан бойынша мемлекеттік органдар нақты құқықтық салдар туындататын басқару әрекетін жүзеге асырады және соған сәйкес белгілі бір нормативтік-құқықтық акт қабылдайды. Құқықтық емес нысан бойынша мемлекеттік басқару субъектісі құқықтық салдар туындатпайтын басқару әрекетін жүзеге асырады.
Құқықтық нысан құқықтық нормаларды белгілеу мен қабылдауға байланысты болады.
Мемлекеттік басқару нысандарының сыныптары:
а) мазмұнына байланысты: - заң шығарушы, құқық қолданушы, реттеуші және құқық қорғаушы.
ә) мақсатына байланысты: - ішкі,
- сыртқы.
б) жеткізуіне байланысты:
- жазбаша,
- ауызша,
- конклюдентті.
Мемлекеттік басқару әдістері дегеніміз - басқарудың мақсаттары мен міндеттерін орындауға бағытталған басқару субъектісінің басқару объектісіне әсер етуі.
Басқару тәжірибесінде әкімшілік-құқықтық әдістер кеңінен қолданылады. Әкімшілік әдістер арқылы басқарылатын объектілерге, адамдардың жүріс-тұрысына тікелей міндеттеуші және орындалуға тиісті бұйрықтар шығару жолымен тікелей, биліктік әсер ету жүзеге асырылады. Әкімшілік құқықтық әдістер арқылы қоғамдық қатынастарды нормативтік реттеу жүзеге асырылады. Нормативтік реттеу арқылы мемлекеттік органдар азаматтар мен лауазымды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін, олардың қоғам өмірінің әртүрлі салаларындағы жүріс-тұрысының шегін, сонымен қатар, сол жүріс-тұрыс ережелерін бұзғандығы үшін жауапкершілігін айқындайды.
Қазіргі кезде мемлекеттік басқару саласында экономикалық әдістер де кеңінен қолданылуда, бұл әдістер шаруашылық субъектілеріне олардың ұйымдастырушылық-құқықтық нысанына қарамастан өз қызметі үшін тиімді жолды таңдауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік басқарудағы идеологиялық әдістер қоғамдық санаға әсер етуді, жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті мен отаншылдық қасиеттерін дамытуды көздейді.
Мемлекеттік басқару саласында басқарылатын объектілерге қатысты сендіру және мәжбүрлеу әдістері өте жиі қолданылады. Сендіру арқылы кез-келген құқық субъектісінің сана-сезіміне әсер ету арқылы оның басқару субъектісің қалауына сәйкес іс-әрекет жасауын қамтамасыз етуге болады. Адам өмірі материалдық және рухани қанағаттандыруды қамтамасыз етуді көрсетеді. Қажеттіліксіз және өз ісінің тиімділігіне және дұрыстығына сенушіліксіз адамның ешқандай әрекетке ынтасы болмас еді. Көп жағдайларда қоғам өмірінің әртүрлі салаларында сендіру әдісінің іске асуының көмекші құралы ретінде ынталандыру шаралары жүзеге асырылады. Ынталандырулар - адамның мүмкіншілігін арттыратын, адамның әрекеттеріне әсер ету құралы. Ынталандыру - әрекетті жасауға бағыттау, ол адамның қажеттілігін, мүдделерін қанағаттандыру арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік мәжбүрлеу жеке тұлға мен мемлекет мүдделерін қорғау мақсатында, тиісті құқықтық актілерімен белгіленген құқыққа қайшы әрекеттерді жасаған субъектілердің санасына және жүріс-тұрыстарына мемлекеттік органдар (лауазымды тұлғалар) тарапынан, жүйкелік, күш көрсетушілік, ұйымдастырулық немесе мүліктік әсер етуді білдіреді.
Сонымен қатар, өзінің мәні бойынша біртұтас болып келетін мемлекеттік мәжбүрлеу жүйесі, өз ішінде мынадай жекеленген түрлерге бөлінеді:
- әкімшілік-құқықтық мәжбүрлеу;
- тәртіптік мәжбүрлеу;
- азаматтық-құқықтық мәжбүрлеу;
- қылмыстық-құқықтық мәжбүрлеу.
№5. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығының негіздері