1 Мәслихаттардың құзыретілігі Мәслихаттардың құзыретіне мыналар жатады:
1) тиісті аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту, соның ішінде қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімдері іске асыратын (әрбір қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ бойынша жеке-жеке) бюджеттік бағдарламаларды бекіту;
2) тиiстi аумақтарда қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдалану жөнiндегi бағдарламаларды және қоршаған ортаны қорғау, сауықтыру жөнiндегi шығыстарды бекiту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мәселелердi шешу;
3) Қазақстан Республикасының Үкіметі жергілікті мемлекеттік басқарудың үлгі құрылымдары негізінде қалыптасқан әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару сызбасын әкімнің ұсынысы бойынша бекіту ;
4) өздерiнің қарауына жатқызылған әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу;
5) әкімнің ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының шешiмімен тиісті әкімдіктің дербес құрамын келісу;
6) атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау және тиісті органдарға мәслихат шешімдерін орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдарды жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізу;
7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыру;
Мәслихаттың өз құзыретiндегi мәселелер бойынша шығаратын шешiмдерi мәслихаттың актiлерi болып табылады. Мәслихаттардың жергiлiктi бюджет кiрiстерiн қысқартуды немесе жергiлiктi бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздейтiн шешiмдерiнiң жобалары әкiмнiң оң қорытындысы болған жағдайда ғана қарауға енгiзiлуi мүмкiн.
Мәслихат қызметiнiң негiзгi нысаны сессия болып табылады, онда мәслихаттың қарауына заңдармен жатқызылған мәселелер шешiледi. Егер мәслихат депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсi сессияға қатысса, мәслихат сессиясы заңды болады. Мәслихат сессиясының төрағасы ашық дауыс беру арқылы мәслихат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен сайланады. Мәслихат сессиясының төрағасын сайлау тәртiбi мәслихат регламентiнде белгiленедi. Мәслихаттың кезектi сессиясының төрағасы мәслихаттың алдыңғы сессиясында сайланады. Сессияның төрағасы болмаған жағдайда оның өкiлеттiгiн мәслихат хатшысы жүзеге асырады. Мәслихат депутаты мәслихат сессиясының төрағасы болып күнтiзбелiк жыл iшiнде екi реттен артық сайлана алмайды.
Мәслихат өз өкiлеттiгi мерзiмiне тұрақты комиссиялар құрады. Олардың саны жетеуден аспауға тиiс.
Қажет болған жағдайда, мәслихат тұрақты комиссияларды жаңадан құрып, таратып және қайта ұйымдастыра алады. Көпшiлiктiк тыңдаулар депутаттардың, атқарушы органдар, өзiн-өзi басқару органдары, ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң, азаматтардың қатысуымен осы комиссиялардың кеңейтiлген отырыстары түрiнде тұрақты комиссияның қарауына жататын мейлiнше маңызды және қоғамдық мәнi бар мәселелердi талқылау мақсатында өткiзiледi.
Мәслихат жергiлiктi бюджеттiң атқарылуын бақылау үшiн өз өкiлеттiгi мерзiмiне тексеру комиссиясын сайлайды. Тексеру комиссиясы мүшелерiнiң санын мәслихат белгiлейдi. Тексеру комиссиясының төрағасын мәслихат депутаттар арасынан сайлайды. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалық және астаналық), аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) мәслихаттардың тексеру комиссиясының төрағасы өз қызметiн басқа жұмыстан босатылған негiзде жүзеге асырады. Тексерулер мәслихаттың, тексеру комиссиясының не мәслихат хатшысының шешiмдерiмен, мәслихаттың сайланған депутаттары санының кемiнде үштен бiрiнiң талап етуi бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де жағдайларда жүргiзiлуi мүмкiн. Тексеру нәтижесi бойынша тексеру комиссиясы акт жасап, ол туралы мәслихат пен әкiмдікке хабарлайды. Тексеру жылына кемiнде бiр рет жүргiзiледi.
Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен әкімге сенімсіздік білдіруге және тиісінше Қазақстан Республикасы Президентінің не жоғары тұрған әкімнің алдына оны қызметінен босату туралы мәселе қоюға құқылы. Әкім ұсынған аумақты дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуы, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептерді мәслихаттың екі рет бекітпеуі мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіруі туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады.
2 Әкімнің атқаратын қызметтері Әкімнің атқаратын қызметіне мыналар жатқызылады:
аумақтық дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті әзірлеу және олардың атқарылуын қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының өндіргіш күштерiн орналастыру сызбасына сәйкес облыстың аудандық жоспарлану сызбасын, облыс орталығын, республикалық маңызы бар қаланы және астананы салудың бас жоспарларын әзiрлейдi, оларды облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) мәслихаттың қарауына енгiзедi;
облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) коммуналдық меншiктi басқарады, оны қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктiң сақталуын қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес жер қатынастарын реттеудi жүзеге асырады;
ауданаралық (қалааралық) жолаушылар көлiгi қатынасын ұйымдастырады және т.б.;