1.2 Қысқа тұйықталудың пайда болу себептері Көптеген жағдайларға байланысты қысқа тұйықталулардың бірнеше түрін қарастыруға болады:
1) электр жабдықтың оқшауламасының бұзылуы, оның ескіруі және оқшауламалардың бүлінуі;
2) электрлік жүйедегі элементтердің механикалық бүлінуі (электр беріліс желісінің үзілуі, тіреудің құлауы және т.б.);
3) тоқ өткізу бөлшектердің құстардан және аңдардан оқшауланбауы;
4) қайта қосу кезінде оперативті персоналдың жіберген қателігі.
Қысқа тұйықталудың санын азайту электр жүйесіндегі техникалық эксплуатация ережесін қатал сақтау кезінде ғана жүзеге асады.
1.3 Қысқа тұйықталудың салдары Қысқа тұйықталудың келесі салдарын қарастырамыз:
- Жүйелік апат, жүйенің орнықтылығының бұзылуына әкеледі. Бұл қысқа тұйықталудың ішіндегі ең қауіптісі, ол техника-экономикалық шығынға әкеліп соқтырады.
- Қысқа тұйықталу тогының шектен тыс қыздыруы әсерінен электр жабдықтардың термиялық зақымдалуы.
- Тоқ өткізгіш бөлшектер арасындағы электр динамикалық күштің әсерінен электр жабдықтардың механикалық істен шығуы.
- Тұтынушылардың жұмыс істеу мүмкіндігінің төмендеуі. Кернеудің төмендеуіне байланысты (1с және одан артық уақыт ішінде), өнеркәсіптік кәсіпорнында 60-70%-ға дейін қозғалтқыштардың тоқтауына әкеліп соқтырады, бұл өз кезегінде технологиялық процестің бұзылуына, яғни экономикалық жағынан шығынға ұшыратуы мүмкін.
- Симметриялық емес қысқа тұйықталу кезінде, қатар орналасқан байланыс және белгі беру желілерінде, ЭҚК-ң туындауы қызмет көрсетуші персоналға қауіпті.
Қысқа тұйықталу кезінде, ҚТ нүктесіне жақын маңда орналасқан жүйенің элементтеріне ең үлкен қауіп туындайды. Қысқа тұйықталудың қай жерде болуына, ұзақтығына байланысты оның әсері жергілікті сипат алуы немесе бүкіл жүйенің жұмысына зиян келтіруі мүмкін.
1.4 Қысқа тұйықталуды есептеудің қажеттілігі Электр қондырғылар мен жүйелерді жобалау және эксплуатациялауда көптеген техникалық сұрақтар мен есептерді шешу үшін, алдын ала бір қатар есептеулер жүргізу қажет. Есептеулердің ауқымды бөлігін электрмагниттік өтпелі процесстер алады. Соның ішінде қысқа тұйықталу кезіндегі процесстерді есептеу ерекше орын алады.
Электрмагниттік өтпелі процесстерін есептеу кезінде, қарастырылып отырған сұлба мен берілген шарттар үшін, токтар мен кернеулер анықталады. Есептеулердің неге арналғанына байланысты, көрсетілген шамалар берілген уақыт мезетіне табылады, немесе өтпелі процесстің өту барысындағы өзгерулері анықталады.