Дүниежүзіндегі елдердің табиғат ресурстарымен қамтамасыз етілу дәрежесі әркелкі. Табиғат ресурстарымен қамтамасыз етілу көрсеткіші алуан түрлі ресурстардың қор мөлшерінің арақатынасымен және оның пайдаланылу ауқымымен байланысты. Дүниежүзілік шаруашылықтың күрделі жүйесінде және еңбектің халықаралық үлестірілуінде экономикасы дамыған елдер, негізінен, тұтынушы болса, ал дамушы елдер — шикізат ресурстарын өндіруші әрі экспорттаушы болып табылады. Дегенмен көптеген жоғары дәрежеде дамыған елдер де ресурстардың ірі қорына ие, олар кейбір ресурс түрлерін өндіруден әлемдік жетекші болуы да мүмкін. Жалпы алғанда, осы айтылғандай дүниежүзілік экономикада мамандану бір жағынан, дүниежүзіндегі елдердің тарихи және әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен, екінші жағынан, жекелеген ресурс түрлерінің Жер шарындағы таралу ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Ресурстардың көпшілігі дамушы елдердін, аумақтарында орналасқан.
Қазақстандағы табиғи қорларды тиімді пайдалану республиканың даму болашағы үшін маңызы зор. Алайда аумақты игеруге қатаң табиғат жағдайлары кедергі келтіреді. Табиғи қорларды игеру мәселесі табиғатты қорғаудың түйінді мәселелерін де туғызады. Табиғи қорларды игерудегі жіберілген қателіктер табиғаттың қай қоры болмасын таусылмайды деген жаңсақ ұғымның үстем болуына байланысты болды. Осының салдарынан табиғаттағы тепе-теңдік бұзылды. Мұны су қорын пайдалану мысалынан айқын көруге болады. Республика үшін су қорын тиімді пайдаланудың маңызы зор. Өйткені дамып келе жатқан өнеркәсіп пен суармалы егіншілік алқаптарының ұлғаюы суды көп қажет етеді.