42)Қазіргі заманғы математика сабағының функциялары және сабаққа қойылатын талаптар
Математика сабақтарының нәтижелі болуы, ең алдымен оған қойылатын негізгі талаптарды ескеруге тікелей байланысты болып табылады. Сабаққа қойылатын негізгі талаптар әдістемелік әдебиетте ашып көрсетілген.
Жалпы алғанда, «Сабаққа қалай дайындалу керек? және «Сабақтың жоспарын қандай түрде жазу керек?» деген сұрақтарға бір мәнді жауап беру мүмкін емес. Біздің ойымызша, ол, ең алдымен, мұғалімнің теориялық және әдістемелік тұрғыдағы дайындық деңгейіне, шеберлігіне, шығармашылық ізденісіне байланысты түрліше шешілетін мәселе. Соңғы жылдардағы педагогикалық әдебиет пен озат мұғалімдердің іс-тәжірибесін зер сала зерттеу математика мұғалімінің сабаққа дайындалуының мына сияқты жалпы сатыларын анықтауға мүмкіндік береді: 1) Мұғалімнің оқу жылына дайындығы; 2) Күнделікті сабаққа дайындық.
Мұғалімнің математика сабағы бойынша оқу жылына дайындығы математикалық білімнің мемлекеттік стандарты, оқу жоспары мен оқу бағдарламасы сияқты нормативтік құжаттарды оқып-үйренуден басталады. Осылардың негізінде оқу жылына немесе жарты жылдыққа арналған ұзақ мерзімді жоспар жасалады. Мұнда мұғалім мемлекеттік құжаттарда көрсетілген қағидаларды басшылыққа алады.
Математика сабақтарына дайындалудың аса маңызды кезеңі күнделікті сабаққа дайындалу болып табылады. Осының нәтижесінде қысқа мерзімді сабақ жоспары жасалады. Күнделікті сабаққа дайындалу мұғалімінен көп уақыт пен қажырлықты талап ететіндігі белгілі. Ал, математика мұғалімі күніне бірнеше сабақ беретіндігін ескерер болсақ, сабақ дайындалудың ол үшін оңай жұмыс болмайтындығы айқындала түседі. Сондықтан мұғалім сабаққа әзірлену барысында өзінің педагогикалық еңбегін ғылыми негізде дұрыс ұйымдастыра білуі аса маңызды болып табылады.
43. Жаратылыстану-математикалық бағыттың 10-11 сыныптарында «Алгебра және анализ бастамалары» пәнін оқытудың мақсаты мен міндеттері
Жаратылыстану-математика бағытындағы 10-11 cыныптардың «Алгебра және анализ бастамалары» курсының оқу бағдарламалары ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығына қосымша ретінде енгізілген. Ол мынадай тараулардан тұрады: 1. Жалпы ережелер; 2. ««Алгебра және анализ бастамалары» пәнінің мазмұнын ұйымдастыру; 3.Оқыту мақсаттарының жүйесі. Бағдарламаға қосымша ретінде «Ұзақ мерзімді жоспар» деген тақырыппен күнтізбелік-тақырыптық жоспар үлгісі келтірілген.
Жалпы орта білім беру деңгейінде «Алгебра және анализ бастамалары» пәнін оқытудың мақсаты: практикалық іс-әрекетте қолдануға, басқа пәндерді игеруге, білім алуды жалғастыруға қажетті математикалық білімді оқушылардың меңгеруі; жалпы адами құндылықтар және ұлттық мәдениеттің озық салт-дәстүрлер негізінде оқушылардың зияткерлігін дамыту.
«Алгебра және анализ бастамалары» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі: 10-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 136 сағат; 11-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 136 сағат.
Достарыңызбен бөлісу: |