Педагогикалық үдерістің үшқұрылымы болады: педагогикалық, психологиялық, әдістемелік.
1. Педагогикалық үдерістің құрылымы: мақсат, принциптер, мазмұн, әдістер, құралдар, түрлер, іс-әрекеттер, нәтижелер.
Оқытудың мақсаттылығы - мұнда мұғалімнің өтілетін тақырыптың мақсат-міндеттерін айқын қарастыруы көзделеді. Мақсат – ұстаз бен шәкірт арасындағы педагогикалық қатынастардың нәтижесі. Оқыту - екі жақты сипатта болады. Ол мұғалім мен оқушылар арасында оқытудың мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға байланысты бір мезгілде өзара қарым-қатынастары мен оқу әрекеттерінен тұрады. Оқыту әрекеті - мұғалімдер тарапынан білім беру қызметіне басшылық болса, ал оқу – оқушылар тарапынан білімдерді белсенді түрде меңгеруі, таным әрекеті. Мұғалім оқушыларға білім беруде қаншалықты белсенділік танытқанымен, егер ондай белсенділік оқушылар тарапынан қолдау таппаса оқыту нәтижелі болмайды.
Принциптер - мақсатқа жету жолдарын анықтайды.
Мазмұнда мақсат пен міндеттердің мәні, мағынасы көрсетіледі.
Мазмұн - мақсатқа жету жолында оқушыларға берілген тұлғалар тәжірибесінің бөлігі.
Әдістер – мұғалім мен оқушының мазмұнды қабылдауға арналған іс-әрекеттері.
Оқыту формалары мен тәсілдері – оқыту мазмұнын қандай амал-тәсілдермен, нақтылы практикалық жолдармен меңгеруді баяндайды.
Құралдар – мазмұнмен жұмыс жасайтын материалдық тәсілдер мен әдістер.
Іс-әрекеттер – оқытушы мен оқушының қарым-қатынасы, бірге жұмыс істеуі.
Нәтижелік – қойылған мақсатқа байланысты қол жеткен жетістіктердің әсерлілігін және сапасын көрсету.
Оқыту нәтижесін талдау және бағалау – мұғалімнің және оқушының оқу әрекетінің құрылымын бірлесе отырып сараптама жұмыстарын жүргізуі, оқушылардың оқу әрекетінің сапасына көзқарасын білдіріп, бағалап және білім деңгейін тексеріп отыруы. Оқушылардың өзін-өзі қадағалап, тексеріп отыруы.
Талдау – педагогикалық шеберліктің шыңына қарай жүретін дұрыс жол.
2. Психологиялық үдерістің құрылымы: танымдық үдерістер (қабылдау, түйсік, ойлау, ұғыну, есте сақтау, меңгеру, бекіту); оқуға қызығушылық (оқуға қызығуды, қабілетті, ынтаны айқындау); қуат (көтеріңкі не түсіңкі дене мен күш-қуаты, белсенділік, еңбекқорлық не шаршау динамикасы).
Оқыту, білімдер жүйесін оқушылардың меңгеруі белгілі бір дидактикалық буындардан немесе кезеңдерден тұрады:
оқушыға берілетін білім мақсаты мен қажетін түсіндіру және оларды әрекетке бағыттайтын мотивтерді туғызу. Осыған орай оқу міндеттерін (тапсырмаларды) анықтау;
оқушыға жаңа берілетін білімді баяндау және оны қабылдауға жағдай туғызу;
оқушының білімді қабылдауы және оның санасында жаңа білімнің қорытылып, ғылыми ұғымдар мен тұжырымдардың қалыптасуына мүмкіндік беру;
оқушының білімі мен дағдысының сапасы және деңгейін есепке алу, тексеру және бағалау;
оқыту үдерісінде мұндай басқару жүйесі оқушылардың білім алудағы таным әрекетінің ерекшеліктеріне байланысы, білімді жүйелі түрде ұғынуға мүмкіндік туғызады;
Демек, білімді бекіту кезінде жаңа білімді қайталау, жаттығу, практикада қолдану т.б. оқыту үдерісінің элементтері қолданылады. Ұйымдастыру кезінде дидактикалық әр кезеңнің өзіне тән ерекшелігі болатынын ұмытпаған жөн.
Білім алудың мотиві мен мақсатын анықтау – белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталады. Сөйтіп, ол оқушының білім алудағы әрекеті де мотив пен мақсатқа сәйкес іске асады. Түрткі - әрекеттің себебін, оны неге жасау керектігін анықтайды. Мақсат - әрекеттің нәтижесі қандай болуға тиісті екенін анықтайды.
Баланың оқудағы негізгі түрткісінің бірі – қызығу. Оқу жұмысының жемісті болуы, ең алдымен балада білімге деген қызығушылықтың нәтижесі болып табылады. Бала өзі оқуға талпынбаса, күшпен зорлап оқыту мүмкін емес. Қызығуды туғызу үшін оқушыларға берілетін білімнің мақсаты мен қажетін түсіндіріп, оларға нақты оқу міндеттерін үйрету керек. Қызығуды туғызудың шарттары мен амалдарының мынандай негізгі үш түрін атап көрсетуге болады:
Оқу материалының мазмұны (ондағы жаңалықтар, қазіргі ғылым мен техникадағы жаңа табыстар, оның практика үшін пайдасы т.б.);
Оқуды ұйымдастыру, басқару үдерісінің ерекшеліктері (оның әдістері мен формалары т.б.). Мысалы, оқытудың проблемалық сипаты, оқушылардың шығармашылық және практикалық жұмыстарды өздігінен орындауы, көрнекі құралдар мен техникалық құралдар т.б.
Мұғалім мен оқушылар арасындағы қарым-қатынастың ерекшеліктері. Мысалы, сабақта мұғалім мен оқушылар арасында жылы шырайлы педагогикалық қарым-қатынастың болуы, еркін, жағымды ерекше жағдай, мұғалімнің көңіл-күйі, ақжарқын болуы, оқушылардың бір-біріне көмек беруі, өзара ойын-жарыс ұйымдастыру т.б.
3. Педагогикалық үдерістің әдістемелік жүйесін жасау үшін мақсат бірнеше міндеттерге бөлінеді, ал әрбір міндет оқытушы мен оқушы іс-әрекеттерінің кезеңдерін анықтайды: дайындық, негізгі, қорытынды.
Дайындық кезеңінде: мақсат қою, негіздеу, диагностикалау, болжау, жоспарлау т.б. жұмыстары жүргізіледі. Педагогикалық үдерістің кезеңдері : дайындық, негізгі, қорытынды – бұл үдерістің даму реті.
1)дайындық кезеңінде мынандай мәселелер шешіледі: үдерістің даму барысында мақсат қою, негіздеу, жағдайларды диагностикалау, болжау, жобалау, жоспарлау, педагогикалық үдеріске жағдай жасау ; 2)негізгі кезеңге кіретін бір-бірімен байланысты элементтер: алдыда тұрған істің мақсаты мен міндеттерін белгілеу және түсіндіру, оқытушы мен оқушылардың қарым-қатынасы, педагогикалық үдерістің белгіленген әдіс-тәсілдерін, түрлерін қолданып, ыңғайлы жағдайлар тудыру, педагогикалық үдерістің басқа үдерістермен байланысын қамтамасыз ету, оқушылардың іс-әрекеттеріне ықпал жасаудың түрлі әдіс-тәсілдерін жүзеге асыру;
3)педагогикалық үдеріс қол жеткізген нәтижені талдаумен аяқталады. (Мысалы, сабақтың әдістемелік құрылымы: сабаққа дайындалу, сабақты өткізу, сабақты талдау; Ал, экскурсияның әдістемелік құрылымы: дайындық, керекті объектіге бару, бақылау, теорияның практикалық көрінісін табу ( көргенді бекіту), көрген нәтижені талдау).