Лекция 2.Педагогикалық кәсіп пен іс-әрекеттің жалпы сипаттамасы 1. Педагогикалық мамандыктың пайда болуы және қалыптасуы. 2. Кәсіби-педагогикалық іс-әрекеттің мәні, құрылымы мен мазмұны https://youtu.be/31u8Wl8_qbY
Кәсіп және мамандық туралы түсінік. Кәсіп – бұл адам белгілі бір білім мен дағдыны меңгеруін және оған сәйкес қабілеттер мен кәсіби маңызды қасиеттер болуын қамтамасыз ету үшін қоғамға қажетті іс-әрекеттің тарихи пайда болу формасы.
Мұғалім – өскелең ұрпақтың интеллектуалдық негізін және рухани дүниесін қалыптастырушы, сонымен катар ол халқымыздың болашағы болып саналатын балалар тәрбиесіне жауапты қоғамның сенімді өкілі.
Педагог – өз кәсібін, өз пәнін, шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін маман. Тез өзгермелі қоғамдағы білікті педагог – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіріп отыратын, рухани жағынан дамыған, шығармашыл креативті тұлға. Мұғалім адам жанының инженері, мінез-құлық сәулетшісі, ауру шипагері, ақыл-ой мен естің жаттықтырушысы, ой мен сезім дирижері, адамның алғашқы әділ қазысы, жас өркенді мәпелеуші бағбаны. Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Ал педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады (В.А.Сухомлинский).
Педагогикалық мамандықтың пайда болуы және қалыптасуы. Адамзат тарихында мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағдайларына байланысты өзгеріп отырған. Мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар Ежелгі Грек, Мысыр, Рим философтары Демокрит, Аристотель, Сократ, М.Ф.Квинтилиан және т.б. ғалымдардың еңбектері мен идеяларында көрініс табады.
С.И.Ожеговтың сөздігінде: «Педагог – бұл біреудің тәрбиесімен айналысатын, адамды тұлғалық жағынан дамытуға бағытталған адам» –деген анықтама береді.
Дүние жүзінде Аристотельден кейінгі «Екінші мұғалім» атанған кемеңгер, шығыс ойшылы, ғалым-энциклопедист әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) орта ғасырда тәлім-тәрбие беру бойынша 200-ге жуық еңбек жазып, баға жетпес мұра қалдырды, ол педагогиканы жеке ғылым деп қарастырмаса да, өз трактаттарында оқу, тәрбие, білім беру және т.б. ұғымдарға анықтама беріп, педагогикалық мамандықтың мағынасын жан-жақты ашты. Мұғалімдердің моральдық-психологиялық, этикалық сапалары туралы Әбу Насыр әл-Фараби еңбектерінде былай делінеді: «Мұғалім бойында шыншылдык, шәкірттеріне де, өзіне де талап қоя алушылық, ықыластылық, қаталдық, күш-жігер және педагогикалық такт сияқты қасиеттер сақталуы қажет. ... Ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – ұстаздық қадірін кетіреді. Оның берген сабағы мен ғылымға шәкірті селқос қарайтын болады». Еуропада ең бірінші болып балаларға және мұғалімдерге арналған оқу құралдарын жазған неміс педагогы В.Ратке (1571-1635 жж.) болды.
Чех педагогы Я.А.Коменский: «Мұғалімдерге ең тамаша міндет жүктелген, күн астында одан жоғары тұрған еш нәрсе жоқ» –дей отырып, балаларды оқыту-тәрбиелеу барысында мұғалімдерден табиғатқа сәйкестілік және дидактикалық принциптердің орындалуын талап еткен.
Педагогика тарихында мұғалім тұлғасына қойылатын талаптарды А.Дистерверг, К.А.Гельвеций, К.Д.Ушинский, П.Ф.Каптерев, А.С.Макаренко, Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаев, В.А.Сухомлинский сынды белгілі педагогтар өз еңбектерінде жан-жақты қарастырылады.
К.Д.Ушинский: «Мұғалім мамандығы сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істердің бірі» – десе, П.Ф.Каптерев мұғалімдердің адамгершілік қадір-қасиеттерінің маңыздылығына көңіл бөле отырып, оқыту мен тәрбиелеу процестерінің тұтас жүргізілуі барысында «оқыта отырып тәрбиелеу, тәрбиелей отырып оқыту» кағидасының сақталуын қатаң талап етеді.
Я.А.Коменскийдің ізбасары К.Д.Ушинский (1824-1870 жж.) «Орыс мұғалімдерінің мұғалімі» атанды.
Ы.Алтынсарин (1841-1889 жж.) – көрнекті ағартушы-педагог, орыс алфавитіне негіздеп, қазақ алфавитін шығарушы. Ол мектеп жұмысын сабақ уақытымен ғана шектеп қойған жоқ, сабақтан тыс сағатты енгізді.