Жалпы есім мен жалқы есім
Зат есім мағынасына қарай жалпы және жалқы есім болып екіге бөлінеді.
Бір түрлі көп заттың жалпылама атын жалпы есім деп атаймыз. Мысалы: қала, тау, көл, кісі т. б. Бұл сөздердің бәрі жалпы мағыналы, өйткені бұлар бір ғана қаланы, бір ғана тауды, бір ғана көлді, бір ғана кісіні білдіріп тұрған жоқ. Олар – бүкіл қалаға, тауға, көлге, кісіге ортақ атаулар.
Бір түрлі көп заттың ішінен біреуінің арнаулы атын жалқы есім дейміз. Мысалы: Алматы, Алатау, Балқаш, Асқар т. б.
Жалқы есімдерге мыналар жатады:
1) Кісі аттары мен фамилиясы: Абай, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин;
2 ) Географиялық астрономиялық атаулар: Советтік Социалистік Республикалар Одағы, Кавказ, Орта Азия, Күн, Жетіқарақшы;
3) Газет, журнал, кітап, ән, күй аттары: «Социалисті Қазақстан», «Оянған өлке», «Казахстан әйелдері», «Кісен ашқан»;
4) Мекеме, ұйым, колхоз, совхоз, фабрика аттары – Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумы; «Аманкелді», Шымкент қорғасын заводы;
5) Мал мен хайуанаттарға қойылған атаулар: Құлагер, Тайбурыл, Бөрібасар.
49-жаттығу. Тексті оқып, жалпы, жалқы есімдерді, деректі, дерексіз зат есімдерді ажыратыңыздар.
1. Бұл кісінің даңқы, түу сонау Әзірет Сұлтан, Ташкент, Бұхараға дейін кеткен екен ғой, жуырда атын «Ақжол» газетінде көрдім (Ғ. Муст.). 2.«Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін» – қазақ совет әдебиетінің тарихынан іргелі орын алып отырған елеулі шығармалар («Ж.»). 3. Дәркембай Афанасқа үлкен сеніммен, жылы шыраймен қарады. 4. байдың ағасы Тәкежаннан және інісі Ысқақтан қорлық-зомбылық көрген Дәркембай бастаған үш-төрт қарт Абайға кеп, мұңын шағады (М. Ә.). 5. Торғайдың кей ауылдары жаз айларында Жайық, Тобыл, Есіл, Кеңгір, Ырғыз, Қобда сияқты өзендерді жайлап қайтады. 6. Сонымен, Нөке, Бәтеке не істе дедің? – деді Нұрбек Найзабекке (С. М.). 7. Асқар жатқа Гете, Гейне, Пушкин, Блок, Есенин, Абайдан көп өлеңдер оқиды, оқығанда, нәшіне келтіре, ақындарша, әдемі лебізбен айтады (3. Ш.).
№18 практикалық сабақ. Сын есім.
Заттың түрін, түсін, сапасын, белгісін білдіретін сөз табын сын есім дейміз. Мысалы: Қызық (кітап), өнерлі (адам), жақсы (хабар),бойшаң (бала).
Сын есім қандай? қай? деген сұрақтарға жауап беріп, сөйлемде анықтауыш болады. Мысалы: Қызық кітап оқыдым.
Сын есім етістіктің алдынан тіркесіп, пысықтауыш болады. Мысалы: Ол жақсы оқып, жақсы жүреді.
Сын есім сөйлемнің баяндауышы да болады. Мен үлкенмін, сен кішісің.
Тұлғасына қарай сын есім негізгі және туынды болып бөлінеді.
Негізгі сын есім: қызыл, кәрі, жұмыр, сары, күрең, нашар, сұр, үлкен.
Туынды сын есім: ұялшақ, үлгілі, әсемпаз, өнерлі, күзгі, таулы.
Туынды сын есім сын есім тудырушы жұрнақтар арқылы жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |