2. Бейнелеуіш сөздер. Табиғатгағы түрлі-түрлі құбылыстардың бейнесін елестетуден туған сөздерді бейнелеуіш сөздер дейміз. Олар: жарқ, жарқ-жарқ, жарқ-жұрқ, жалт, жалт-жалт, жалп-жұлп, жалп, жалт-жұлт, жалп-жалп, арбаң-арбаң, едірең-едірең, маң-маң, митің-митің, жылт-жылт, желп-желп т. б.
78-жаттығу. Төмендегі еліктеу сөздердің дыбыстық еліктеуішін бір бөлек теріп, бейнелеуіш сөздерді екінші топ етіп теріп жазыңыздар.
Арбаң-арбаң, селтең-селтең, сақ, сырт-сырт, жарқ, ербең-ербең, қарқ-қарқ, тық-тық, жалп-жалп, жалт-жұлт, тарс-тарс, арс, дік, лып, дүңк, сатыр-күтір, бүрк-сарқ, лап, мыңқ, сарқ-сарқ, шіңк-шіңк, шыңқ-шыңқ, қарш-қарш, қырш-қырш, борт-борт, талтаң-талтаң, тарбаң-тарбаң, одыраң-одыраң, зор, күмп, дыр, гүрс, қалт-құлт, тылтың-тылтың, баж, даң-дұң, бақ, борт, ыңқ.
№ 24 практикалық сабақ.Көмекші сөздер
Көмекші сөздерге өзінің лексикалық мағынасынан айрылған сөздер жатады. Бұлардың біразы тұлғасы яғни дыбыстық кұрамы жағынан да үлкен өзгеріске ұшыраған.
Сөйтіп, көмекші сөздер – негізгі сөздерден грамматикалық қызметке ауысқан сөздер. Мысалы: Мені де қамауға отырғызуға болмас па екен демекші едім (А. Мак.). Осы сөйлемдегі де, па, екен, едім дегендер толық мағыналы сөздерге түрлі грамматикалық мағына үстеп тұр.
Қазақ тіліндегі көмекші сөздер мағынасына, тіркесетін сөз табына, қызметіне қарай үш топқа бөлінеді:
1. Көмекші етістіктер.
2. Көмекші есімдер.
3. Шылау.
Көмекші етістік
Көмекші етістік сөзге грамматикалық мағына үстейді. Мысалы: Ол келе жатыр дегенде, жатыр көмекші етістігі етістікке осы шақтық мағына беріп тұр.
Көмекші етістік көбіне етістіктің құрамында қолданылады, беретін мағынасы да, атқаратын қызметі де етістікпен байланысты. Сондықтан олар етістіктің құрамына жатады. Бұлар тілдегі грамматикалық қызметке ауысқан басқа сөздермен ортақ белгіcіне байланысты көмекші сөздер тобына кіреді.
Көмекші етістіктердің көбі тұлғасын, дыбыстық құрамын сактаған. Мысалы: ал, бұр, бер, бол, кел, кет, кір, көр, қал, шық, тұр, жүр, отыр, жатыр, сал, таста, баста, қой, түс т. б. Мысалы: Жас жігіт құр күле береді (М. Ә.). Ғазизға сол бетімен жүгіріп, екінші қораның есігінен шыға бергенде, есік алдында екеуінің сөзін естіп тұрған Ақап ұстай алды (М. Ә.).
Кейбір көмекші етстіктердің дыбыстық құрамы өте ықшамдалған. Олар: е, еді, ет, екен, емес, жазда, де. Мысалы: Содан бері ол біздің үйге кірген жоқ еді (Ғ.С.). Бір жері үзіліп кетер я шарт етіп, сынып кетер ме екен деп едім (Ғ.С.). – Е, мен соны барып, біліп жүр деймісің (М. Ә.).
79-жаттығу. Тексті оқып шығып, негізгі және көмекші етістіктерді бір-бірінен ажыратыңдар.
Көл сұлуы тап осындай-ақ болар, шіркін! Өтірік, шынын кім білсін, Жасыбайдың терең жері бес жүз метрден кем емес деседі; қейбіреулер тіпті одан да тереңі бар дегенді айтады... Суы тұнық мөп-мөлдір. Жағадағы тайыздау жерінен түптегі деңбек тастар да ақ топырағы да ап-айқын көрініп жатады, әсірелеп айтсақ, ине де көрінеді. Одан көрі, тереңіткен сайын қара күреңдене береді де, шұңғыма жеріне үңілсең, зәрең ұшқандай қап-қара бір дүлей елестейді... (Ғ. С.).
Достарыңызбен бөлісу: |