Шартты рай негізгі шарт мағынасынан басқа мынадай мағыналарды білдіре алады:
1) Мезгіл мағынасын береді. Мысалы:
Жайлауға ерте көшсе, Керейдің қонысын көздейтін (М. Ә .).
2) Салыстыру мағынасын береді. Мысалы:
Ежелден мәлім: қай ауылдың үстінде сияз болса, сол ауыл мол шығасылы болмақ (М. Ә.).
3) Қарсылық мағынасын білдіруге қатысады. Мысалы:
Ербол ат ауыстырып мінсе де, күрең төбелдің екпіні әлі басым (М. Ә.).
Шартты рай көбіне құрмалас сөйлем жасайды. Мысалы:
Енді аз бөгелсе, жұрт тағы кернеп кететін сияқты (М. Ә.).
Шарт мағынасын бермегенде, шартты райдағы етістік жай сөйлемде қолданыла береді. Мысалы:
Осы мен тегі ақын болсам керек! (М. Ә.) –
Жесеңші, Абай! (М. Ә.) –
Айтса екен, айналайын (М .Ә .).
75-жаттығу. Шартты райдың қандай мағынада қолданылып тұрғанын айтыңыздар.
1. Бірақ бұл қанша мақұл көрсе, Асылбек соншалық жатырқап, қарсы шыкты. 2. – Бірақ сол елің мен өзіңнің қамыңды шын ойласаң, білім жарығына ұмтыл! – деді. 3. – Сен жиырма болсаң, ол жүз, сен жүз болсаң, ол мың болады, әке! – деп ауылға қарай иек қақты. 4. Ол оның шешесі болса, сенің де шешең. 5. Тәкежан Құнанбай баласы болса, менің де жөнім сол. 6. Жігіт болсаң, жігерің болса, мынау шұбырған елге пана болыңдар. 7. Көпшілік осы қарбаласта болса, Құнанбайдыд Қарашоқыдағы аулы ас берген ауылдай, өз әлегімен өзі ұйқы-тұйқы боп жатыр (М. Ә.).
Ашық рай. Іс-әрекеттің осы шақта, өткен шақта және келер шақта болғанын, болатынын көрсетіп, үш жақта жекеше,көпше түрде айтылатын райды
ашық рай дейміз.
Мен келіп отырмын – Мен келдім – Мен келермін.
Сен келіп отырсың – Сен келдің – Сен келерсің.
Сіз келіп отырсыз. – Сіз келдіңіз – Сіз келерсіз.
Ол келіп отыр – Ол келді – Ол келер.
Біз келіп отырмыз – Біз келдік — Біз келерміз т. б.
Ашық рай көсемше, есімше түрлеріне және шақ жұрнақтарынан кейін жіктік жалғаулардың жалғануы арқылы жасалады. Дара және күрделі етістіктер ашық рай тұлғасында тұра береді:
Айтамын – айта беремін – айтып беремін.
76-жаттығу. Тексті оқып шығыңыздар да, ашық райда тұрған етістіктерді теріп жазып, қай шақта, қай жақта тұрғандығын, жасалу жолын талдап айтып беріңіздер.
Ауыл реңі өзгеше жүдеу еді. Далада бұттары жылтырап, жалбыр-жұлбыр киініп бүрсеңдеген, күс басқан аяқтары қызарған кедей балалары көрінді. Бай үйінің сыртын жағалап, жүк жиылған күнес жақта ақырын күбірлеп ойнайды. Қойшының қоңыр лашығының бір үзігі сыпырылған. Қолы-беті жарылған жұмыскер әйел үйінің жыртығын жамап отыр. Жалаңаштанған үйдің керегесінен жүдеу, шоқпыт жоқшылық көрінеді. Арқасына ала қап жамылған, басына шоқпыт тымақ киген кәрі кемпір сол шала жағылған үй ішінде, қара суық астында малма сапсып отыр (М. Ә.).
№ 22 практикалық сабақ.Үстеу.
Қимыл, амал-әрекеттің жай-күйін, мекенін, мезгілін, мөлшерін, түрлі белгілерін білдіретін сөз табын үстеу дейміз. Мысалы:
Оқты жаңбырша жаудырды. Мұндағы
жаңбырша деген үстеу қимылдың қалай жасалғанын білдіріп тұр.
Мен бағана келдім дегендегі
бағана қимылдың мезгілін білдірген.
Сен жоғары шық дегендегі
жоғары қимылдың мекенін білдіреді.
Үстеулер қимыл-әрекеттің түрлі белгісін білдіріп сөйлемнің пысықтауыш мүшесі болады.
Үстеулер түрленбейді, өйткені үстеудің сөз түрлендіруші қосымшалары жоқ. Үстеудің кейде заттанып, зат есім сияқты түрленуі кездеседі, бірақ ол өте сирек. Мысалы:
Ертеңді қой, бүгін бітір.
Достарыңызбен бөлісу: