Бұлтты есептеулерқағидаттары Cloud computing. Бұлттық есептеулерді (cloud computing) қарапайым сөзбен былай түсіндіруге болады: тұтынушы өз компьютерінде белгілі бір бағдарламаны іске қосқанда негізгі есептеулер мен ондағы дереккөздер интернеттегі шалғай серверлерде орындалып, сол жерде сақталады да, ал жұмыс нәтижесі жаңағы тұтынушының компьютерінде стандартты веб–браузердің терезесіне шығарылып көрсетіледі.
Сloud computing–ті жүзеге асыратын серверлерді «есептегіш бұлттар» деп атайды. Бұлттық технологияда жұмыс істеудің әдеттегі бағдарламалармен жұмыс істеудегі басты айырмашылығы – тұтынушы өз компьютерінің ресурстарын емес, өзіне интернет–қызметі ретінде берілген шалғайдағы мықты серверлердің ресурстарын пайдалануында.
2–ші суретте көрсетілгендей бұл жүйе үлкен есептеулерді қатар жүргізіп, әр түрлі құрылғыларға бір уақытта қызмет ете алады. Әрі қызмет көрсету үшін қажетті құрылғыларды таңдаудың да әр түрлі нұсқалары бар.
Қолданушы мәліметтерін сақтау компанияға тәуелді болуы негізгі кемшіліктерінің бірі болып табылады.
Бұлттық есептеулер негізгі 5 сипаттамаға ие болуы қажет:
1) талап бойынша өз өзіне қызмет көрсету;
2) кеңжолақты желілік ену;
3) ресурстар пулы;
4) кеңейту не қайта құру мүмкіндіктері жоғары;
5) өлшенген қызмет көрсету.
Бұлттық есептеудің негізгі сипаттамалары:
1) масштабтылығы;
2) икемділігі;
3) ресурстар;
4) өзіне өзі қызмет көрсету;
5) әртүрлі қолданушылардың тобы, түрлі ұйымдарға қызмет көрсету үшін ресурстарды максималды пайдалану есебінде шығындарды азайту тәсілі.
Тұтынушыларға қызмет көрсету моделі мақсаты мен құрамына байланысты мынадай негізгі үш түрге бөлінеді (IaaS, PaaS, SaaS). Бағдарламалар сервис ретінде (Software as a Service, қысқаша SaaS) дегеніміз – тұтынушы “бұлттарда орналасқан” бұлт иелерінің меншігіндегі бағдарламалармен жұмыс істеу мүмкіншілігіне ие болатын бизнес–модельдің бір түрі. Тұтынушы кез–келген жерден интернетке қосылған кез–келген компьютерлік құралғымен өз дереккөздерімен жұмыс істей алады.
Бағдарламаның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, және оған кететін шығындарды толығымен бұлт иелері өз мойнына алады да, ал тұтынушы (егер сервис ақылы болса) тек сол бұлтты сервисті қолданғаны үшін ғана айлық жарнақы төлеп тұрады. Осылайша, тұтынушы өзіне керекті бағдарламаның лицензиясын сатып алуға бірден көп ақша шығармайды да, ал бағдарлама құрастырушылар өз өнімдерінің заңсыз таралуынан және заңсыз пайдалануынан сақтандырылады.
Тұғырнама сервис ретінде (Platform–as–a–Service, қысқаша PaaS) дегеніміз – тұтынушы өзінің негізгі бағдарламалары мен жаңадан жасалатын, немесе сатып алатын бағдарламаларын бұлттарға қою мүмкіншілігіне ие болатын бизнес–модельдің екінші бір түрі. Мұндай тұғырнамаға көбінесе бағдарлама жасауға, оны сынауға, орындауға арналған құрал–жабдықтар, дерек көздерін басқаратын жүйелер, бағдарлама жазатын орта мен құралғылар кіреді. Қазіргі кезде көптеген бағдарламалар бір ортада жазылып, екінші ортада сынақтан өтіп, үшінші ортада іске қосылып жататыны жасырын емес. PaaS моделінің арқасында жоғарыда аталған құрастыру, сынау, іске қосу операцияларын интеграциаланған бір ортада өткізуге болады. Соның арқасында жаңағы айтылған әрбір ортаға, тұғырнамаға, сервер сатып алуға кететін шығындарды үнемдеуге болады. Осы модельдің жарқын мысалы ретінде веб–сайттарға арналған хостинг қызметтерін айтуға болады. 3- суреттен бұлардың айқын бағдарлама түрлерін көре аласыз. Инфрақұрылым сервис ретінде (Infrastructura–as–a–Service, қысқаша IaaS) – моделін тек ірі кәсіпорындар пайдалануы мүмкін. Сонымен IaaS моделі дегеніміз – тұтынушы өзіне керекті әртүрлі компьютерлік инфраортаны пайдалана алу мүмкіншілігіне ие бола алатын бизнес–модельдің үшінші бір түрі.
Мұндай компьютерлік инфраортаға серверлер, мәлімет сақтау жүйелері, желілік құралғылар, осы ресурстарды басқаруға арналған бағдарламалар, операциалық жүйелер және т.с.с кіреді. Бұл сервисті пайдаланған кәсіпорындар қымбат құралғылар мен бағдарламаларды сатып алу қажеттілігінен құтылады да, тек пайдаланған инфраортаның құрамы мен пайдаланған уақытына ғана сәйкес қаражат төлейді.
Мұндай модельді ұйымдастыру кезінде бұлт иелері виртуалдау технологиясын қолданады, яғни белгілі бір құралғылар мен бағдарламаларды виртуалды бөліктерге бөліп, бірнеше тұтынушыларға пайдалануға бөліп беруі мүмкін. IaaS моделін пайдаланудың мысалы ретінде онлайнды MS Office бағдарламасын, «1С: Кәсіпорын» және кейбір антивирусты шешімдерді айтуға болады.
SaaS моделінің тағы бір логикалық жалғасы ретінде соңғы кезде (Desktop as a Service, қысқаша DaaS) моделі шығып жүр. DaaS моделін пайдаланғанда тұтынушылар өз қызметіне қажетті толығымен дайындалған стандартталған “виртуалды жұмыс орнын” ала алады. Әр тұтынушы осы ұсынылған “виртуалды жұмыс орнын” өз қажетіне ыңғайлы етіп өзгерте алады. SaaS моделінен өзгешелігі – тұтынушы белгілі бір бағдарлама ғана емес, бағдарламалар жиынтығымен жұмыс істеуіне мүмкіншілік ала алады.
Осыған ұқсас тағы бір (Workspace as a Service, қысқаша WaaS) деген де модель де кездесіп қалып жүр. Оның DaaS моделінен өзгешелігі – тұтынушы тек бағдарламамен жұмыс істеуге ғана мүмкіншілік алады да, ал барлық есептеулер тұтынушының өз компьютерінде жүргізіледі.