Пеницилл мен аспергилл де зең саңырауқұлақтарына жатады. Олар өлі ағзалық заттармен қоректенеді. Бұлар да өсімдіктердің жерге түсіп қалған жемістері мен тұқымдарын, түрлі тағамдарды бүлдіріп, көгертеді. Пеницилдің жіпшумақтарының шоғыры – көкшіл-жасыл түсті, ал аспергилдің жіпшумақтарының шоғыры сарғыш жасыл түсті болады. Бұларды микроскоппен қарасақ, жасушалары перделермен бөлінген түссіз жіпшелері анық көрінеді. Пеницилдің споралары майда, көп жасушалы, саусақ тәрізді тармақталған жіпшелердің ұшындағы жасушалардан бөлініп жетіледі. Аспергилдің споралары ұшы кеңейген біржасушалы жіпшенің төбесіндегі жасушалардан бөлініп дамиды.
Медицинада пеницилдің 2 түрінен пенициллин дәрісін алады. Оны өкпенің қабынуы, ревматизм (құздама), дифтерия (күл ауруы), скарлатина, басқа да ауруларды емдеуге пайдаланады. Пенициллин іріңдеген ауруларды тез жазады. Аспергилдің бір түрінен дүкенде сатылатын лимон қышқылы алынады. Жоғарыда көрсетілген қасиеттері арқылы пеницилл мен аспергилл табиғатта болатын тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ айрықша зиянды ағзалардың өсуін тежейді.
Зең саңырауқұлақтарының зияны да бар. Олар картоп, жеміс, дәнді дақылдарды шірітеді.
Зең саңырауқұлақтарынан сақтандыру үшін мынадай ережелерді ескеру қажет: а) түрлі жеміс-жидектерді, дәнді дақылдарды, картопты, сәбізді қоймаға сақтау алдында кептіріп алу және оларға химиялық препараттар шашу; ә) қоймада ауа мен жылу мөлшерін қалыпты жағдайда ұстау.
Достарыңызбен бөлісу: |