Зең саңырауқұлақтары– аскомицет, гифомицет, фикомицет тобына бірігетін жетілмеген саңырауқұлақтар қатарына жататын төменгі сатыдағы өсімдіктер.
Бұларға тән ерекшелік өскен кезде үлпілдек, мамық тәрізді, түсі әр түрлі зең қабатын түзеді. Бұл қабат саңырауқұлақтың субстрат бетінде пайда болатын мицелийлерінен, спора түзгіш жіпшелерінен және спораларынан тұрады. Зең саңырауқұлақтарының түсі түріне байланысты ақ, сұр, қара, көкшіл, жасыл, тағы басқа болып келеді. Өте ылғалды жерлерде және қолайлы температурада жақсы әрі тез өседі. Споралары, мицелий бөліктері, кейде жеке гифтері (жіңішке жіпше) арқылы көбейеді, тарайды. Зең саңырауқұлақтары тағамда, өсімдік қалдықтарында, үйдің қабырғаларында (жабысып), көкөністе, тағы басқа жерлерде өсіп дамиды. Органикалық қалдықтарды ыдырату, шіріту және зат алмасу процесіне қатысады.Зең саңырауқұлақтары табиғатта кең тараған, кез келген тіршілік ортасында кездеседі. Олардың кейбір түрінен адамға қажетті заттар (витамин, антибиотик, органикалық қышқылдар) алынады.[1]