Әдебиеттегі көркемдік әдіс, негізінен екі түрлі (романизм, реализм), Романтикалық образ — әдебиеттегі адам бейнесінің байырғы түрлеренің бірі. Бұл образдың алғашқы үлгілері баяғы көне дүние әдебиетінде, оның “әрі өнген топырағы, әрі байлық қоры” боп табылатын мифте, қала берсе, қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде жатыр.
Реалистік образ — әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында ; бұл – кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын – соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип. Дұрысында, образ атаулының айырықша мағыналы, мәнді түрі де осы – реалистік образ. Өйткені бұл образдың эстетикалық идеалы – романтикалық образдағыдай бұлыңғыр емес, анық, адам қолы жетпейтін тым асқақ, алыс емес, қолмен ұстап, көзбен көргендей затты әрі жақын нәрсе. Сондықтан реалистік образдың эстетикалық – тәрбиелік мәні де, қоғамдық — өзгертушілік күші де айырықша үлкен.
Әдеби тектер (эпос, лирика, драма) тұрғысынан анықтағандағы образдың үш түріне, бұл үшеуінің ерекшелігіне ғана азырақ назар аударып өтпекпіз.
Эпикалық образ – кескін – кейпін, мінез – құлқы, іс — әрекетімен тұтас көрінген әрі толық жинақталған, әрі әбден дараланған тип. Мүсіндеу мен мінездеу, диалог пен монолог, түрліше сезімдер мен харакеттерді суреттеу секілді көркем бейне жасаудың көп – көп амал – тәсілдері әсіресе эпикалық образ үшін керек. Өйткені мұнда адамның түр – түсін де, ішін де, ісін де кең суреттеп, мол көрсетуге, терең әрі жан – жақты танытуға мүмкіндік бар. Оған эпикалық шығарманың өрісі де, құшағы да еркін жетіп жатыр.
Лирикалық образ – сыршыл, өлең – жырлардағы ақынның өз бейнесі; оның ішкі бітімі; ақынның мың иірім көңіл күйінен – нәзік сыры мен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер. Мұнда, эпикалық образдағыдай ұзақ, кең, мол суреттеліп, жан – жақты ашылған адамның сыртқы кескін – кейпі де, қым – қуыт шиеленісіп жатқан тағдыры немесе іс — әрекеті мен қимыл – харекеті де тұтасып көріне бермеуі мүмкін. Оның есесіне адамның аса терең әрі нәзік ашылатын ішкі сыры, мінез – құлқы, жан – тынысы айырықша әсем айшық табады.
Юморлық образ – күлкілі кейіпкер ; юмор — өмірдегі кісі күлерлі құбылыстардың өнердегі сәулесі. Күлкі жоқ жерде юмор да жоқ. Ал күлкіні әншейін жеңіл – желпі нәрсе деуге болмайды. Күлкіде зор қоғамдық сипат, әлеуметтік сыр жатады.
Сатиралық образ – ұнамсыз тип. Сатирамен суреттелер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып – сілкіейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді.