1.Әдіс, жанр, ақындық шеберлік, даралық, машық туралы ұғым-түсініктер. Бүгінгі таңда қазақ поэзиясының стиль мәселесі жайында бірді-екілі еңбектердің жарық көргені болмаса, әлі де түбегейлі зерттеліп, толықканды қаралды деп айта алмаймыз. Өйткені, жалпы стиль жайындағы пікірлер, пайымдаулар, анықтама, тұжырымдардың өзі қазақ ғалымдары арасында ғана емес, сондай-ақ шетел ғалымдары арасында да сан қилы болып келеді.
Қазіргі поэзиядағы стиль мәселесін сөз еткенде Қ. Мәшһүр-Жүсіпов тұжырымдарына қосыла отырып, лирикалық қаһарман сипатына, суреткердің сөз қолдану ерекшелігіне ерекше назар аудару қажет-ақ. «Қазақ ақындарының қаншалықты толысқан суреткер екенін айқындау үшін, стиль де, көркемдік әдіс те жалаң алынбай, үнемі бейнелілік тұрғысынан саралану қажеттігі де дау туғызбайды» – деп ой түйеді ғалым. «Бейнелілік стильмен тікелей байланысты. Тіпті оны стильдің көрсеткіш құралы десек те болады. Ал, кең мағынада поэтика деп алсақ, оның ауқымы стильден әлдеқайда үлкен», - деген Храпченко пікіріне сөзсіз қосылуға болады. Әлбетте, поэзиядағы поэтикалық категориялар мен көркемдік әдіс ақын стилін танытуға көмектескенімен, бүкіл шығарманың өн бойынан көрініп тұрады деп айта алмаймыз. Бұл тұрғыдан алғанда поэзиядағы стиль нақты жүзеге асқан үлгіде көрініп, оның ерекшеліктері ақын өлеңінде сыртқы пішінінен бастап, бүкіл болмысында көзге ұрып тұрады. Қай ақынның болмасын стилінің байлығы – көркемдік ізденіс нәтижесінің жемісі. Ақынның суреткер ретінде марқайып, айрықша стиль танытуына, шеберлік шыңына жетуіне өзінен бұрынғы ақындар мектебі, өз ортасы, заманы айрықша әсер етеді. Сондай-ақ, жеке ақынның, тұтастай қазақ лирикасының биігін межелеуде көркемдік әдіс, әдеби ағым, сөз саптаудағы бейнелеуіш құралдар, көркемдік құрылымдар, бір сөзбен айтқанда, стиль шешуші роль атқарады.
Көркемдік әдісті шындықты суреттеудің негізі, өмірді образ арқылы көрудің айрықша түрі дейтін тұжырымдарға сүйене отырып, әдістің шеңберінде қарастырылатын компоненттердің стильге тән екенін жоққа шығаруға болмайды. Көркемдік әдіс қаламгердің дүниетанымына сай өмір шындығын көркемдік ойлау тұрғысынан меңгеруі екенін ескерсек, әдісті шебер меңгермеген ақын айрықша шығарма тудыра алмайды. Стиль – әдістің жан-жақты сипаты және оның кемелденгендігінің көрінісі. Әдіс пен стиль – бірін-бірі танытатын, бір-біріне тығыз байланысты ұғым. Әрбір қаламгерге тән дара стильдің қалыптасуына сол қаламгердің өмір сүрген кезеңі, ортасы ықпал ететіні ақиқат. Қаламгердің шығармашылық ғұмыры даму, жетілу сипатымен көрінеді. Сондықтан стиль мен әдіс те даму үстінде зерттеуді қажет етеді. Стильдің негізгі нысаны – өмір, басты құралы – тіл екенін ескерсек, бұл екеуі де үздіксіз даму процесіндегі құбылыстар. Қаламгерлер стилін зерттегенде «тұтас творчествосын жинақтап бағалаудан бұрын әуелі жеке шығармаларын талдап, олардың стильдік даму жолын көрсету қажет» – дей отырып, академик М. Қаратаев стильдік компоненттер қатарында ұлттық ерекшеліктерді қарастырудың қажеттігін ескертеді.
Ақынның тіл шеберлігіне, сөз саптауына ырғақ, ұйқас, өз ерекшелігіне байланысты өзгешелігі стильдің құрамында ғана танылады. Стильдің барынша қалыптасып, жетілуі даралыққа әкеледі. Дегенмен даралық стильдік заңдылықтан ғана тұрмайды. Суреткер жалаң мәнерге бой ұрмағанда ғана өзі үшін аса маңызды материалды туындатады. Өзінің ішкі сезімін басқара отырып, жалпы идеал ұғымымен сәйкес өзіндік түйсік пен өнер заңдылығын үйлестіре отырып, тың болмыс қалыптастырады. Әдеби тілді дамытатын қайнар бұлақтардың да бірі, осы – дара стиль. Жоғары шеберлікпен жазылған көркем шығарманың тілі ғана «дара стиль» деңгейіне көтеріле алады. Дара стиль жазушының көркем шығармасының стилі мен оның дүниетанымының арасындағы қарым-қатынасты да қамтиды. Дара стиль, тіл, копозиция, жанр, ырғақ, интонация, жазушы өмір сүрген орта, бұрыннан қалыптасқан стильдік дәстүр, оған енгізілген стильдік жаңалық, қаламгердің дүниетанымы, талант сипаты, баяндау тәсілдері, стильдік контраст, стильдік бояу, жазушы стилінің шығармашылық өсу жолы сияқты бірліктер жиынтығынан тұрады. Ұлттық әдебиетіміздегі стильдің тарихи даму жолдарын зерттеуші С.Бахтиярова стильді «екі арнада қарастырған жөн: бірі- қазақ әдебиетінің дара стильдерге дейінгі кезеңіне жалпы тән болған стильдік көркемдеу құралдары, екіншісі-авторы айқын түркі бітік жазба ескерткіштерінде алғаш рет профессионалды негізде көрініп, кейін толғау жанрында айқындала түскен дара поэзия белгілері»- деген тұжырым жасайды. Ж. Әбдірашев, К. Мырзабеков, Ж. Жақыпбаев поэзиясындағы стильдік ізденістерді көркемдік әдіс, жанр, ақындық шеберлік, ақындар өлеңдеріндегі ұлттық сипат төңірегінде қарастыра келе бұл үш ақын шығармашылығына ортақ сипат – 1970 – жылдардағы қазақ поэзиясында адамның ішкі сезім әлемінің бар мүмкіндікпен ашыла бейнеленуі, қалыптасқан реалистік әдісті романтикамен, кейбір символдық элементтермен үндестіре жырлауы демекпіз. Өлеңнің көркемдік мазмұнын танытатын айшықтау үлгілерінің және құбылту түрлерінің әр ақын тіліндегі қолданыс ерекшелігі, дәстүрлі және тың поэтикалық оралымдар поэзиямыздың мүмкіндігін, жоғары деңгейін көрсететін, стильдік ізденістердегі жетістікті аңғартатын бірден-бір белгі. Осы тұрғыдан келгенде бай әдеби тіліміздегі сөз айшықтарын құбылта, түрленте қолданып, сол арқылы дара стильдерін қалыптастырған бір кезеңнің үш ақыны ұлттық поэзиямызды сапалық биікке көтере білген суреткерлер бола алды.