86. Қазақстан Республикасының АҚШ, Батыс Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінің ірі компанияларымен сыртқы экономикалық ынтымақтастығы. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалығы және ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін өткізудегі таңғажайып жетістіктері арқылы әлем мойындаған бір нәтиже еліміздің ұлтаралық қатынастар саласындағы мол тәжірибесін дүние жүзінде барынша қолдануға болатындығының және қолдану қажеттігінің әлеуметтік, экономикалық және рухани пайдалылығы болса керек. Мемлекетіміздің ЕҚЫҰ сынды айрықша беделді ұйымға төраға болып сайлануының әуелгі себептерінің бірі де осы деп ойлаймыз. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған Қазақстан 2011 жылы ИКҰ-ға басшылық жасайтын болады. ИКҰ: кеше және бүгін Ислам Конференциясы Ұйымы 1969 жылы 25 қыркүйекте мұсылман мемлекеттері бастамасымен құрылған. Ашылған жылдары «Ислам конференциясы форумы», «Бүкіләлемдік Ислам конференциясы» секілді аттармен де белгілі болды. Бүгінгі таңда бұл ұйымға Африка, Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Орталық Азия елдерімен қатар, Латын Америкасындағы бірқатар елдер де мүше. Осылайша олардың саны 57-ге жетіп отыр. Дүние жүзіндегі 1,5 миллиард адам ИКҰ-мен қоян-қолтық жұмыс жасайды. Ресей, Босния мен Герцеговина және Таиланд ұйымға бақылаушы мемлекеттер санатында. Ұйымға мүше елдер жер шарының бестен бір бөлігін алып жатыр. Бұл мемлекеттердің ішкі өнімі 2009 жылдың өзінде 7,5 триллион АҚШ долларын құраған. Олардың табиғи ресурстары да өте бай. Тау-кен байлығын өндіруде де ұйымға мүше елдер дүние жүзінде үлкен беделге ие. ИКҰ бүгінгі күні халықаралық аренада белсенді рөл атқарып, дүниежүзілік геосаяси жағдайға оң әсерін тигізуде. Ол діни емес, үкіметаралық ұйым. Мақсатына келер болсақ, ИКҰ-ның саяси саладағы жұмысында негізгі мәселе Палестина мен Израиль арасындағы текетірес пен палестиналықтардың жағдайы. Барлық мұсылман елдері 1969 жылдан бері өтіп келе жатқан мәжілістерінде Израильдің Палестина мен Ливанның басып алған жерлерін және Сирияның Голан қырқаларын азат етуін талап етіп келеді. Ұйым жерге және этносаралық мәселелерге байланысты туындап отыратын шиеленісті жағдайларды да қарастырады. Сонымен бірге халықаралық лаңкестік, өңіраралық немесе жергілікті жанжал, қақтығыстарды, БАҚ жұмыстарын қарастырып отырады. Соңғы кездері Еуропа елдерінде етек жайған исламофобия мен этнофобия мәселелеріне назар аударып, олармен қалай жұмыс істеу керектігін талқылайды және әрекет етеді. Мәселен, Франциядағы хижаб, Швейцариядағы мұнаралар құрылысы және Дания газеттеріндегі хазрет Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жайлы келемеж суреттерге байланысты тиісті қарарлар немесе үндеулер қабылданды. Еуропалық парламент мүшелерімен тұрақты кездесулер өткізіліп, осы сұрақтар бойынша пікір алмасады. Хатшылықта исламофобия және адам құқығымен арнайы айналысатын комитеттер жұмыс істейді. Әлеуметтік-экономикалық салада барлық жұмыстар 2005 жылы желтоқсанда өткен III саммитте қабылданған ИКҰ-ның 2006-2016 жылдарға арналған жоспары аясында жүреді. Соның шеңберінде ИКҰ-ға мүше елдердің ынтымақтастығы дамуда. БҰҰ-ның мәліметі бойынша дүние жүзіндегі 50 артта қалған елдің 22-сі осы ИКҰ-ға кіреді. Сондықтан Сауд Арабиясы, Малайзия, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері секілді мемлекеттер нашар дамыған бауырлас елдердің экономикасын көтеруге қол ұшын беруде. Әсіресе, сауатсыздықты жою мен кедейшілікті азайтуға үлкен мән берілуде. ИКҰ-ның орталығы – Сауд Арабиясының Жидда қаласы. Оны Бас хатшы басқарады. Ол ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің конференциясында 5 жылдық мерзімге сайланады. Ұйымның қазіргі Бас хатшысы Екмеледдин Ихсаноғлы 2005 жылдың бірінші қаңтарында сайланған. Ұйымның 2008 жылы өткен XI саммитінде Е.Ихсаноғлының осы лауазымды мандаты тағы бір кезеңге ұзартылды.