1. Стилистиканың анықтамасы, лингвистикалық пән ретінде қалыптасуын зерттейтін мәселелері, алдағы міндеттері, оны оқытудың маңызы



бет2/25
Дата31.10.2022
өлшемі184,31 Kb.
#46560
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
Байланысты:
Тіл мәдениеті, силистикадан дәріс

Екінші дәріс
Функционалды стилистика
1. «Функционалды стиль» термині мен оның анықтамасы. «Стиль» ұғымына қатысты тіл мамандарының пікірлері, функционалды стильдің маңызды екі қыры жөнінде: лингвистикалық және эксталингвистикалық факторлар. «Функционалды стиль» терминінің қазақ тіл білімінде түсіндірілу үрдісі, ғалымдардың оны қазақша беру әрекеттері.
2. Функционалды стильдерді топтастырудағы олардың айырым белгілері.
1) Функционалды стилистика лингвистикалық стилистиканың үлкен бір саласы, негізгі зерттеу нысаны – функционалды стильдер. Қоғамдық өмірдің әр саласында пайдаланылып, өзінің айрықша тілдік белгілерімен ерекшеленетін сөйлеу түрі – функционалды стилистика делінеді.
Тілдік құралдар қызмет ету процесінде қарым-қатынастың жағдайы мен мақсатына сәйкес, олардың дәстүрлі қолданылу ерекшеліутеріне байланысты бір-бірімен сан-алуан қарым-қатынасқа түседі. Соның барысында кейбір тұлға бірліктер жиі, кейбірі сирек қолданылады. Осының нәтижесінде тілдік әрекеттің әр түрлі саласында тілдік ұйымдастыру түрліше сипатқа ие болып келуі мүмкін. Осыдан барып стиль қалыптасады. М.Серғалиев: «Стиль – тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметіне байланысты жіктелетін әдеби тілдің функционалдық түрі»- деген анықтама береді. Таза лингвистикалық мағынадағы стиль дегеніміз – белгілі мақсатқа сай, жағдайға орай, ойдың мазмұнына байланысты келетін, тарихи жағынан қалыптасқан тілдік құралдардың жиынтығы. «Функционалды стиль», «функционалды стилистика» терминдері – орыс тіл білімі зерттеушілерінің танымынан туындап, қалыптасып орныққан атаулар. Функционалды стильдің әр түрлі қызметімен байлнысты болады. Тіл білімінде функционалды стиль мәселесімен айналысқан ғалымдар легінде В.Виноградов, Л.Щерба, Б.Ларин, Р.Будгов, М.Кожина, қазақ тіл білімінде М.Балақаев, М.Томанов, Б.Манасбаев, С.Исаев, Р.Сыздықова, М.Серғалиев т.б. атауға болады. Белгілі ғалым Р.Сыздықова «Функционалды стиль» терминіне қазақша атау ұсынып, өзіндік пайымдауларын тілдік деректер келтіре отырып дәләлдейді. Оны «мақсаттық», не «қызметтік стиль» деп атағанды жөн көреді (Р.Сыздықова. Сӛз құдіреті А.1997). Сөйтіп, функционалды стилистика қоғамның түрлі саласында жұмсалатын тілдік құралдардың қызмет ету ерекшеліктерін қарастырады. Қазақ тілінің ғалымдары тілдің қоғамдық қызметін қоғамдық санамен байланыстырады. Ал қоғамдық сананың түрлеріне ғылым, дін, өнер, саясат, құқықтық қатынастар, бұқаралық ақпарат құралдары, әдебиет т.б. жатады. Қоғамдық сана дегеніміз – объективті дүниені танып білудің формалары. Сөйлеуші қоғамдық сананың қай саласында тілдік амал-тәсілдердің қай түрін қолдану керектігін біледі. Яғни қарым-қатынастың құқықтық саласы, ғылым мен эстетикалық саласы, бұқаралық ақпарат саласы, тұрмыстық салаларына қарай функционалды-стильдік белгісі бар амал-тәсілдерді таңдап қолданады. Тілдік құралдардың стильдік-функционалдық белгісіне, реңктеріне қарап адресат (тыңдаушы) сөздің қай стиль түріне жататынын ажыратады. Қоғамдық санамен байланысты қызмет ететін тілдік амал-тәсілдердің стильдік реңдері де әр түрлі болатындығын аңғарамыз. Тілдің стилистикалық бояуы, стилистикалық мағына, стильдік амал-тәсілдер деген ұғымдар функционалды стилистикада бір-бірімен тығыз байланысты. Бірақ бұл ұғымдарды айқындау қажет. Әр түрлі деңгейдегі тілдік бірліктер, әсіресе лексикалық бірліктердің ұғымдық мазмұнынан басқа мағыналық реңдері болады. Ғалым Н.Уәлиев осы тілдік бірліктерді екі топқа бөледі: 1) Стильдік реңі бейтарап бірліктер (стильдік реңі жоқ);
2) Стилдік реңі әртарап бірліктер (стильдік реңі бар тұлғалар). Стильдік реңі бейтарап құралдар дегеніміз – қарым-қатынастың әр түрлі саласы мен әркелкі жағдайында қолданылатын сөздер. Олардың ерекше стилистикалық белгісі болмайды. Мысалы, көк, ақ, ауыр, жеңіл, оқы, жаз т.т. Міне осындай сөздерді салыстыру арқылы стильдік реңге ие тұлғаларды айқындауға болады. Стильдік реңі бар сөздерді эмоционалды-экспрессивті реңдегі сөздер және функционалды реңдегі сөздер деп ажыратамыз. Эмоционалды-экспрессивті реңдегі сөздер: ұстаз - оқытушы, мұғалім, шопан – қойшы, шәкірт – оқушы, еңбеккер – жұмысшы, паш ету – мәлімдеу – хабарлау – жариялау т.б.. Осы реңдегі сөздердің мағынасын іштей екіге бөлеміз: жағымды және жағымсыз. Мысалы, жағымды реңдегі сөздер: қаламгер -– суреткер – жазушы; ал жағымсыз реңдегі сөздер: міңгірлеу – күмілжу – сөйлеу. Ал функционалды реңдегі сөздерге келетін болсақ, қоғамдық өмірдің белгілі бір саласында қолданылуы мен жұмсалуына байланысты тілдік бірліктер функционалды реңге ие болады. Мысалы, кіріс-шығыс, жолдаухат, түсініктеме, іске қосылды, сүтқоректілер, ондық бөлшек, сірке қышқылы, сілті, жеңіске жетті, өзекті мәселе, көгілдір экран т.т. Ілгеріде аталған реңдегі сөздердің айырмасы мынада: білгілі бір функционалды реңі бар сөздердің эмоционалды экспрессивтік реңі жоққа тән болады. Мысалы, пікір, аударма т.т. – жағымды-жағымсыз реңдері болмайды.
2) Әдеби тілдің қызметінің жан-жақты кеңеюі мен байланысты оның жанрлық-стильдік тармақтары қалыптасып, дамиды. Әдебиеттің әр түрлі жанрлық түрлерінің тууына лайық олардың өзіндік тіл өрнектері қалыптаса бастайды. Жалпы тілдік тұрғыдан келгенде, әдебиеттің жанрлық түрлерінде ешбір айырмашылық болмағанымен, оның айтылу мақсатына қарай тілдік элементттердің қолданылуында өзіндік ерекшеліктері болып отырады. Әдебиет жанрының бір түрінде, мысалы көркем шығармада көп мағыналы қасиеті бар, экспрессивті мәнді тілдік элементтер көбірек қолданылса, екінші түрінде (мыс. ғылыми әдебиеттерде), керісінше, нақтылы мағынасы бар тілдік элементтер жүйесі қолданылып отыруы мүмкін. Бұндай саралану әдебиет тілінің лексикалық құрамынан да, грамматикалық құрылысынан да, сөз тудыру жүйесінен де көрініп отырады. Осыдан барып әдеби тілдегі бұрыннан бар стильдік тармақтар туып, қалыптасып дамиды. Әдеби тілдегі стильдер жүйесі сөз етілген еңбектерде функционалды стильдерді топтастыру әр түрлі принциптер негізінде болып келгенмен, оларда көбіне жанрлық прицип, тілдің жанрлық ерекшеліктері негізге алынады. Сондықтан бұл еңбектерде стильдердің саны бірдей емес, бірақ ұқсас. Мысалы А.Н.Гвозьдев алдымен кітаби (жазба) және сөйлеу стильдері деп бөліп, кітаби стильдің өзін: ресми стиль, көркем әдебиет стилі, публицистикалық стиль, ғылыми-көпшілік әдебиет стилі (Очерки по стилистике русского языка М. 1985. с.18-25). А.И.Ефимов мынадай стильдерді бӛліп көрсетеді: көркем әдебиет, қоғамдық-публицистикалық, ғылыми, профессионалды-техникалық, ресми іс қағаздар және эпистолярлық (История русского литературного языка. М. 1984. С.21-27). Ал Р.А.Будагов стильді бұл жағынан екіге бөледі: көркем стиль және ғылыми баяндау стилі (Литературные языки и языковые стили. М. 1988 с.131-165). ХХ ғасырдың басындапублицистика жанрының өркендеуі, ғылыми әдебиеттердің, ресми іс қағаздарының жазылуы т.б. қазақ тілінің әр түрлі стиль түрлерінің қалыптасып, орнығуына әсер етті. Бірақ қанша жанр болса, сонша стильдердің болуы шарт емес. Міне, осы жағынан келгенде, кейінгі зерттеулерінде белгілі ғалым С.Исаев қазақ әдеби тілінде қалыптасқан, өзіндік белгілері бар негізгі үш түрлі стильді көрсетіп берді: көркем стиль, ресми стиль және бейтарап (нейтралды) стиль (Қазақ әдеби тілінің тарихы. А.1996, 16-22 б.). Стильдерді топтастыруда әлі де бірізділік жоқ, әр түрлі көзқарастар бар екендігі байқалады. Дегенмен қазақ тіл білімінде көптеген зерттеушілердің көрсетуінше түрлі функционалды стильдің айқындалғаны белгілі. Олар: ауызекі сөйлеу стилі, ресми іс қағаздар стилі, ғылыми стиль, публицистикалық стиль және көркем стиль.
Әдебиеттер
1. Серғалиев М. Синтаксис және стилистика (оқу құралы) А.1997.
2. Сыздықова Р. Сөз құдіреті А.1997.
3. Гвоздев А.Н.Очерки по стилистике русского языка М. 1985.
4. Ефимов А.И. История русского литературного языка. М. 1984.
5. Будагов Р.А. Литературные языки и языковые стили М. 1988.
6. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. А.1996.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. «Функционалды стиль» дегеніміз не?
2. «Стиль» ұғымына қатысты тіл мамандарының пікірлерін салыстырыңыз
3. Лингвистикалық және эксталингвистикалық факторлар дегенді қалай түсіндіресіз?
4. «Функционалды стиль» терминінің қазақ тіл білімінде қалай түсіндіреді?
5. Функционалды стильдерді қандай ерекшеліктеріне байланысты топтастырған?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет