1. Стилистиканың анықтамасы, лингвистикалық пән ретінде қалыптасуын зерттейтін мәселелері, алдағы міндеттері, оны оқытудың маңызы



бет8/25
Дата31.10.2022
өлшемі184,31 Kb.
#46560
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   25
Байланысты:
Тіл мәдениеті, силистикадан дәріс

Сегізінші дәріс
Тілдің актив және пассив құрамындағы сөздердің стилистикалық қасиеттері
1. Архаизмдер және историзмдер
2. Неологизмдер
3. Диалектизмдер. Кәсіби сөздер.
4. Кірме сөздер
5. Қарапайым сөздер, жаргондар
1) Тарихи жанрда жазылған шығармаларда көркемдік қызмет атқаратын тілдік құралдардың бірі – көнерген және тарихи сөздер болып табылады. Олар тарихи шындықты дәлірек беруде түрлі сипаттамалық (характерологический) қызмет атқарады. Мұндай жағдайда көне сөздердің, әсіресе көркем образ тудырудағы, кейіпкерлерге тілдік мінездеме берудегі т.б. көркемдік қызметтері жүзеге асады. Сонда ғана өткен дәуірде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тыныс- тіршілігі, ой ағымы, сөйлеуі, тілі арқылы көрінеді. Өйткені тарихи шығарма өңін келтірер стильдік құрал – кӛнерген сөздер. Көне сөздердің көркем шығармаларда қолданылу ерекшеліктері жайлы зерттеулер, мақалалар, пікірлер баршылық. Көнерген сөздерді стильдік мақсатта орынды жұмсай білген жазушы М.Әуезов «Абай жолы» романында өткеннің тұрмыс-салтын, ел өмірін шынайы суреттеу үшін шеберлік танытқан. Дуаны бұл болыстардан бөлек болса да, жері көршіліс керей де бар: жандарал, ояз, старшын, мыңбасы, жүзбасы, би, хан, сұлтан т.б. Немесе М.Мағауиннің «Аласапыран» романында сол дәуірдің өзіндік көрінісі мен тіршілігін оқушысының көз алдына көне қалпында жеткізуде көне сөздерді мол пайдаланады; «... Шығыс Дешті қыпшақтың падишахы Тәуекелдің сауын айтып, шұғыл шақыруымен киіз туырлықты қазақ ұлына хүкім жүргізуші қасқа жайсаң атаулы Қараттаудың терістігіндегі Созақ қаласына құрылтайға жиналды» Кейбір мәдени құралдар, ел билеуге байланысты сөздер, қару-жарақ атулары сияқты лексикалық топтар өткен заманға тән теңеулерді құрады. Бұларды көркем образ тудыру, шығарманың көркемдігін, әсерлілігін арттыру үшін жұмсайды: Қандауырдың жүзіндей қайқы кірпіктері (портрет): Хан аға – жақ болғанда, сұлтан-іні – жебе: қайраусыз қара қанжар, берік түйінді берен сауыт болған біз едік – тәрізді экспрессивті эпитет, теңеулерде қару- жарақ атауларын адамзатқа теңеу болса, бұл Мағауин тіліндегі өзіндік, поэтикалық тіркестер. Архаизмдер құрамы жағынан әр алуан. Олардың көбі әдет-ғұрыпқа, салт ерекшеліктеріне, әкімшілікке, қару-жараққа байланысты болып келеді: қол ұстатар, жыртыс салу, датқа, хан, старшын, жебе, батсайы т.б.
2) Тілдің сөздік құрамы әрдайым өзгеріп, толығып, дамып отырады.
Әдеби тілдің қызметі артып, байыған кезде жаңа ұғымдар, жаңа сөздер пайда болады. Олар қазіргі кезеңдегі саяси, әлеуметтік, мәдени өміріміз, ғылыми-техникалық дүниемізге жаңалықтар ену нәтижесінде пайда болады. Жаңа сөздер пайда болғанда бірден жұртқа түсінікті де, үйреншікті де бола бермейді. Оларды тіл ғылымында неологизм деп таниды. М.Балақаев: «Жаңа сөздер жүре-бара тілдің сөз жасау заңдылықтарына сәйкес, белгілі модель арқылы жасалса, оларды әдеби тілге енгізіп, баспасөзде қабылдау арқылы жұртшылыққа дағдылы сөз қатарында танылғанда, неологизм дәрежесінен өтіп, жалпыхалықтық сипат алады»,- дейді. Жаңа қолданыстар тек қана ұғымдарды білдіру үшін ғана емес, бұрыннанкеле жатқан зат, бұйым, құбылыстарды дәлірек, дұрысырақ етіп қайта атау үшін де туып жатады. Бұрын проводник, пляж, призер, овощ деген орысша атапжүрген сөздерге қазақша балама тауып, бұл күнде жолсерік, жағажай, жүлдегер, көкөніс деп атап, қолдандық. Жаңа сөз қажеттілігі 1920-30 жылдары ерекше айқындалды да, көптеген жаңа сөздер енді (құлақтандыру, екпінді, мүше, ұйым, т.б.), 1940-60 жылдары аялдама, балмұздақ, перзентхана, оқырман, космос т.т. енді. Соңғы кездері жаднама, жаһандану, басылым, кеден, құжат т.б. сөздер орнығып қалыптасты. Көркем әдебиет стилінде жасалған жаңа сөздердің сипаты екі түрлі болады: бірі - жалпы әдеби тілге ортақ түрінде жұмсалса, екіншісі – жеке ақын-жазушылар стилінде пайда болады да, белгілі шығарма тілі аясында қалып қояды. Мұны стильдік неологизм дейміз. Мыс. С.Торайғыров «Туған еліме» өлеңінде:
Балалыққа жарасам
Аталыққа жарайсың...
Тек қалауым сіздерден,
Серіктікті милаймын-, деп балалыққа – бала болуға, аталыққа – ата болуға орнына жұмсалған, «милаймын» - мый сөзінен жасалған, «ойлаймын» деген мағынада қолданған. Бұл – жаңалық ұйқастығымен тартымды. М.Мағауинде іркінді су, қақ деген сөздің мағынасын дәл беру үшін іріңді су қолданылған. Д.Досжановта қышкер, (қыш құюшы), зертас (мозаика), дабылкеш (дабыл қағушы) – ұтымды қолданыстар. Сонымен бірге стильдік жүгі жоқ, мағынасы қиындықпен түсінілетін сөздер де кездеседі: жұлмыт, қаупайлау, мыжыма жеу, ықсуат т.б. 3) Диалектизмдер - жалпыхалықтық тілдің нормасынан ауытқыған, белгілі аймақта ғана қолданылатын, таралу шегі бар тілдік ерекшеліктер. Көркем әдебиет стилінде кейбір диалектизм әдеби тілдік баламасы тұрсада қолданылады. Бұл - таза стильдік мақсатпен байланысты мәселе. Кейде бір сөйлемде бір сөзді екі рет немесе одан да көбірек қайталап қолдануға тура келеді. Егер ондай әдеби сөздің жергілікті халық тілінде диалектілік сыңары бар болса да оны жазушылар көркем әдебиет стилінде қолданады. Бірақ Жамбыл облысы тұрғындарының, тіліндегі ашық-машық сөзі сияқты диалектизм сөз қайталаудан қанша қашқанмен де, көркем әдебиет стилінде, авторлық ремаркада қолданылмайды. Осы ашық-машық (топса) немесе Жайық маңында аманбыз, сау-сәлеметбіз деген ұғымда жұмсалатын мұз қара көк (мұздай қара көк деп те айтады) тәрізді диалектілік құбылысты автор сөзінде қолданудың орынсыздығын былай қойғанда, кейіпкер тілінің өзінде де үнемі ұтымды бола бермейді. Демек, жергілікті тілдік ерекшелікті көркем әдебиет стилінде қолдануда да белгілі бір шек бар. Ақын жазушылардың қай-қайсысының да шығармасынан (мүмкін біреуінде аз, екіншісінде одан көбірек болар) диалектілік ерекшілік кездеспей отырмайды. Өйткені, әр адам, әсіресе әрбір сөз шебері - таза әдеби тілдің ғана емес, сонымен қоса белгілі дәрежеде, белгілі бір аймаққа тән диалектіні де сақтаушы. Жазушы диалектизмді өзінің авторлық баяндауында әдейі қолдануы да мүмкін. Мұның көркем әдебиет стиліне еш оғаштығы жоқ. Мысалы ат жегу деудің орнына кей жерде ат шегу деп те айтады. Соңғы -диалектілік ерекшелік – ж мен ш дыбысының алмасуы. Осы алмасу көркем әдебиет стилінде оқта-текте бірлі-жарым басқа сөзден де байқалады. Көркем әдебиет стилінде кейде жеке сөз түріндегі, яғни лексикалық диалектизм де кездеседі. Мысалы: Шаққана үн қатып, тек қаққан белгі атқан еді (М.Әуезов). Шалқалап барып шақ қалдым... Шаршап, талып, шақ жеттік (Ә.Сәрсенбаев). Көркем әдебиет стиліндегі авторлық ремаркада шырлағанын, шақ, кызалақ, пәтті, пәті, кӛз нәлеті тәрізді жергілікті диалектілік ерекшелік сирек ъұшырасады. Көркем әдебиет стилінде диалектизм көбінесе диалогта колданылады. Автор жергілікті жердің тіл ерекшелігін, сӛз байлығын аңғартуды көздеп, кейіпкердің қай жақтың адамы екенін байқату үшін әдейі қосады. Кәсіби сөздер. Диалектизмге қарағанда, кәсіби лексиканың қолданылу аясы кеңірек. Лексиканың бүл саласына белгілі бір аймаққа ғана тән кәсіп түрлерімен, мысалы, көмір өнеркәсібімен, мақта өсірумен, балық шаруашылығымен байланысты сөздер, термин ыңғайында әр түрлі атауларжатады. Бұлар стиль түрлерінін, жалпы қайсысында да азды-көпті кездесіп отырады. Әсіресе белгілі бір мақтағы жергілікті халықтың күнделікті ауыз екі тілінде және сол облыстың газет тілінде жиі қолданылады. Кәсіби лексика элементі белгілі бір көлемде әдеби шығармалардаи да байқалады. Мысалы Мен бүгін сүген ұстадым. Аудың жалғыз көзіне сағалынан ғана ілініп тұр екен. Ол неменің асау болатыны қайда?
- Қыста балықта қауқар қала ма.
-Балықтың ішінде, жарықтық, бекіре ғой жуасы...
- Онан көрі берегіректе, балық тоңдататын үлкен мұз қала бар.Мұз қаланың түкпірінен еңгезердей біреу шықты. Бұл осы промсолда қара жұмысшы. Жаз айларында балықты бабына келтіріп тұздайтын солельщик (Ә.Нұрпейісов). Жазушы мақташы не балықшы өмірін суреттеуді мақсат етсе, ол сол шаруашылық саласында бүрын-соңды пайда болған термин сөздерді, жаңа атауларды аттап кете алмайды. Автор оларды кӛркем әдебиет стилінің шарты бойынша ретіне қарай, қажетінше пайдалана білуге тиіс. Өйтпейінше жазушы өзінің алдына қойған кӛркемдік мақсатқа толық жете алмас еді. Жоғарыдағы тәрізді белгілі бір кәсіп адамдары туралы жазылған шығармада кәсіби лексика элементтерінің азды-кӛпті кездесіп отыратыны міне осы себепті. Пароход енді сол барған жолын кеңейтуге кірісті. Енді экспедиция үш мотор, он шақты мотофлюгаларға, кішкене қайықтарға бөліне тиеліп, "айқасқа" ұмтылды... Қақпақтары ашылған трюм тереңінен іркілдеген ақ майлар шорши қарғып палубаға түседі. Екі ит балықты екі қолына алып Ақмамбет те кубрикке құлайды. Рубка ішінен тек алдыңғы бағытты болмаса, өзге түсты болжай алар емеспін (Ә. Сәрсенбаев). Осы үзіндідегі ит балык, сүген, бекіре, ак май, мұз қала, промсол, пароход, экспедиция, мотор, мотофлюга, қайық, трюм, кубрик, рубка атаулары кәсіби лексикаға жататын сөздер. Кәсіби лексиканың әр кезгі даму көрінісін белгілі дәрежеде көркем әдебиет стилінен де көруге болады. Айталық "Қарағанды" романында өндіріс өмірі, кеншілер тұрмысы суреттеледі. Кәсіби лексикада кейін пайда болған атаулар, тың ұғымдар бұл шығарманың тілінен де айқын сезіледі. Мысалы: Алдында қос темір жолдың түйіскен басында барабан. Барабанға оралған сталь арқанның екі ұшы екі вагонеткада. Машина қайланы жойса, темір астау адам терін суша тӛккен, ташке, шана түгілі лавадан вагонеткаларды қуды. (Ғ.Мұстафин). Кәсіби лексика публицистикалық стильде де, мысалы, түрлі жол жазбада, очеркте т. б. ара-тұра қолданылады. Автор оны мұнда да солсуреттеліп отырған уақиғаны оқушының көз алдына нақтылы түрде, дәл елестету үшін пайдаланады. 4) Кірме сөздер. Кірме сөздердің өзіндік қолданылу мақсаты, стильдік ерекшеліктері болу керек. Аударуға болатын басқа тілден енген сөздерді сол қалпында қолдану әдеби норманы бұзғандық емес, белгілі бір стильдік мақсатта жұмсау ерекшеліктері болады. Мысалы Абай «образование» сөзін орыс мектептерінде, орыс тілінде және азаматтық мазмұндағы оқу екенін айыру мақсатында қолданған кеәбір әкімшілік орындары мен қызмет адамджарын нақты әрі дәл беру үшін кейбір орыс сөздерін, тіркестерді аудармай сол күйінде жұмсайды: военный, губернатор, уездной, начальник, т.б. Кейбір кірме сөздерді түсіндіре кету мақсатымен оған балама боларлық қазақ сөздерін қатар қолданады: Ол монастырь-сопылар тұратын жер. ХІХ ғасырда мектеп – мұсылманша тӛменгі діни оқу орнының атауы болғандығы, өкімет тарапынан ашылған мектепті «школ» деп атағандығын Абай шығармаларынан білеміз. Кей ақын-жазушылар кейіпкердің тіл мәдениетін, сөз саптауын, қысқасы, ой-өрісінің төмен екендігін көрсету үшін кірме орыс сөздерін стильдік мақсатта қолданады: -Айда, давай, көтер , көк мойынды,- дейді (Б.Майлин). М.Мағауин «Аласапыран» романында да автор кірме орыс сөздерін орыс сарайындағы қызмет адамдарын суреттеуде жұмсайды: вот, вор, царевич, приказ, т.б. Кірме сөздерді қолдануда стильдік қателер жиі ұшырайды: Бізді запас бөлшектермен қамтуға тиісті орындарға айтар өкпеміз де бар. 5)Қарапайым сөздер. Көбінесе сөйлеу тілі стилінде айтылып, ал әдеби тіл стильдерінде сирек ұшырасатын белгілі бір сөздер бар. Олар тұрпайы мағыналы сөздер. Мұндай қарапайым сөздер ара-тұра көркем әдебиет стилінде белгілі бір стильдік мақсатта жұмсалады. Жастау жігіт қойнынан бүктелген кағазды шығарып, Қамилаға карап күлімсіреді:
- Мынаған доңғал басыңды басып жіберші - деп.
- Жоқ, жолдас, кеңсеге бар, мӛрді қалтаға салмаймын, кеңседе болады, - деп
Камила жауапты қысқа қайырды (Б. Майлин). Ескендір сияқты судырлар елдің үрейін ұшырып(сонда). Осы мысалдардағы доңғал бас (мөр). судырлар (белсенділер) қарапайым сөздері кейіпкер тілінде айтылып тұр. Мұндай стильдік мақсаттағы қарапайым сөздер, негізінен, кейіпкер тілінде қолданылады. Сөйлеу стиліндегі кейбір теңеу құралдары әдетте тым қарапайым, тіпті қарадүрсін, дөрекі болып келеді. Сөйлеу стиліндегі мұндай сөздердің бәрі бірдей көркем әдебиет стилінде қолданыла бермей, тек авторлық ремаркада ғана ара-тұра кездеседі. Бұл тәрізді жекелеген қарадүрсін сөз қолданыс ертеректегі әдеби шығармалардың тілінде, атап айтқанда, авторлық баяндауда ұшырасатын. Бұған сол кезгі көркем әдебиет үлгілерінен бірер дәлел келтіре кетейік. Алпыска калай карайсың? - сексенді көзіме тықты, жарықтығым. Берген жокпын. Осы кезде сайтандай Ерден жетіп келді; Шал елу тиынды тастағасын, "тағы, бес тиын тастайын, саған да ырым болсын" деді, бес сом тастап тұрған немедей (С.Мұқанов). Әзірленіп қойған екен, бармасаң ол да, мен де қатты ренжимін деп талақтай жабысты. Бірак былайғы жерде тілдегі мүндай теңеу құралдары көркем әде биет стилінің өзінде де сирей бастады. Өйткені, жазушылардың бірте-бірте сөз қолданудағы талғамы, шеберлігі арта түсті. Шынында да, сөйлеу стиліндегі ондай тым қарабайыр сөздер көркем әдебиет стилінің табиғатына, тұтас контекс көлеміндегі көркемдікпен еш үйлеспейді, қайта оны тұрпайыландырып нүқсан келтіріп тұрады. Мысалы: Сағындықтардан бөлінгеннен кейін сүзісуге аңдысқан бұқадай, Мұрат пен Қайролла біразға дейін пәлендей басты кеңеске кірісе алған жоқ (сонда). Жұман дейтін көлбақадай тырбиған біреу менің келгенімді хош алып... (Б.Майлин). Мұндай жерде Шақшайдың қимылына ілескен емес. Ол сайтанша жүреді(1.Жансүгіров). Сөйлеу тілі лексикасын стильдік тұрғыда сипаттағанда мына бір сөздерді де өз алдына бөле, жеке айту керек. Мысалы пошым, неме, "көзір", пәленше, түгенше тәріздес қарапайым сөздердің, варваризм атаулынын, да тіл байлығына жататыны мәлім. Бірақ олар да белгілі бір стильде ғана жұмсалады. Әлгі сөздер, мысалы, сөйлеу тілі лексикасына тән. Осы себепті көбінесе сөйлеу стилінде қолданылады. Сондай-ақ, кейде белгілі бір стильдік мақсат үшін көркем шығармада да, сықақ-мысал түрінде жазылған очерктерде де кездеседі. Ал қалған стиль түрлерінде сирек ұшырасады, негізінен көркем әдебиет стилінде ғана колданылады.Түбінде Абайды үлкен жазаға ұшырататын болса, бұл іс бір үлкен көзір болып... (М.Әуезов). Түпкі үйдің есігінен кептеліп бір қырынан шыққан жеңгей қолындағы бір бөлке нан мен шөлмек пошымдас ораулы газетті көргенде "бұл байғұсты бірдеме шалған екен" деді (газеттен). Пәленшені ұрам деп, Түгеншені қырам деп... (А б а й).
Әдебиеттер
1. Болғанбаев Ә., Қалиев Ғ. Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы.А. 2002.
2. Нұрмұханов Х.Сөз және шеберлік. А. 1987
3. Серғалиев М., Нұрғожина Ш. Қазақтың сөйлеу тілінің эмоционалды экспрессивті лексикасы. А. 1995
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Архаизмдер мен тарихизмдер қандай стильдік қызмет атқарады?
2. Стильдік неологизм дегеніміз не?
3. Диалектизмдердің стильдік ерекшелігі қандай?
4. Кәсіби сөздердің стильдік қызметі
5. Тіліміздегі кірме сөздер туралы не білісіз?
6. Қарапайым сөздер, жаргондардың стильдік ерекшелігі неде?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет