1. Стилистиканың анықтамасы, лингвистикалық пән ретінде қалыптасуын зерттейтін мәселелері, алдағы міндеттері, оны оқытудың маңызы



бет6/25
Дата31.10.2022
өлшемі184,31 Kb.
#46560
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
Байланысты:
Тіл мәдениеті, силистикадан дәріс

Алтыншы дәріс
Қазақ әдеби тілінің функционалды стильдері
1. Публицистикалық стиль, оның түрлері, лексика-грамматикалық сипаты. Радио-теледидар тілі, ерекшеліктері, қазіргі дамуы.
2.Көркем әдебиет стилі, оның түрлері. Көркем әдебиет тілінің эстетикалық қызметі. Көркем әдебиет стилінің көп стильді болып келетіндігі. Көркем әдебиет тілінің зерттелу аспектілері.
1)Публицистикалық стиль – қоғамдық-саяси, үгіт-насихаттық әдебиеттерде, бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылатын функционалды стильдердің бір түрі. Публицистика (латынша: рublikus - көпшілік, әлеумет) - қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді талқылау деген ұғымда жұмсалады.публицистикалық стиль қоғамдық талапқа сай жазыл ған шығармалардың негізінде қалыптасады. Белгілі бір тілде публицистиканың өз алдына бөлек стиль болып қалыптасуы қоғамдық сананың өскенін, артқанын көрсетеді. Тілдің басқа стильдері сияқты публицистикалық стиль де бірыңғай болып келмейді. Бірқатар лингвистер публицистикалық стильдің жазбаша түріне саяси тақырыпқа жазылған газет, жорналдардағы мақалалар, очерк т. б. шығармаларды, шешендік сөздерді публицистикалық стильдің ауызша түріне жатқызып жүр. Публицистикалық стильдің жазба түрінің ең алғаш қалыптаса бастауы халықтың жалпы мәдениеті мен экономикасына байланысты. Мәдениеті ерте дамыған елдерде публицистикалық жанр ерте қалыптасады. Оған орыс тілі мысал бола алады. Россияда XVIII ғасырда ең бірінші газет жарық көрді; сықақ жорналдар шыға бастайды. Радищевтің "Петербургтен Москваға саяхаты" сол кезде жалынды публицистикалық шығарма болып есептелген. ХІХ ғасырдың екінші жартысы публицистикаға үлкен өзгерістер енген кез болды. Бұл кезде революцияшыл-демократтар публицистиканы царизмге қарсы күрес құралы етіп жұмсады. В.Г.Белинский, Н.А.Добролюбов, Н.Г.Чернышевский сияқты сыншы-публицистер өздерінің сын мақалаларында қоғамдық құрылысты қатты сынға алып, революциялық идеяны қуаттады. "Қазақстанда революциядан бұрын баспа орны атымен жоқ еді. Бірен-саран шыққан кітаптарда қазақ тілі бұрмаланып басылып жүрді. Қазақ тілінде ең түңғыш басылған кітаптың бірі - "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" қиссасы (ең алғаш 1816 жылы басылыпты). Шоқанның, Ыбырайдың, Абайдың т. б. шығармалары Петербургте, Қазан мен Уфада, Орынбор мен Ташкентте шыққан. 1913 жылы басылған азын-аулақ кітаптардын ішінде Спандияр Көбеевтің "Қалың мал" романы, "Айна", "Қарлығаш" деген өлеңдері мен поэмалары Қазанда жарық көрген. Қазан төңкерісінен кейін мәдени-ағарту мәселесі қолға алынып, оны жедел өркендету талабы қойылды. "1919 жылы 26 декабрьде В. И. Лениннің қолымен Халық Комиссарлар Советі қалың еңбекші бұқараның сауатсыздығын жою туралы шаралар белгіледі. Осы қаулыда және партия мен үкіметтің 1920 жылдардың бас кезінде шыққан нұсқау-директиваларында ұлттардың ана тілінде мектеп ашу, газет-журналдар шығару, әдебиетін өркендету мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Осы жылдары шыға бастаған "Қазақ тілі" (1919 ж., Семей), "Дұрыстық жолы" (1919 ж., Орда), "Жаңа өмір" (1920 ж., Ташкент), "Тіршілік" (1918-1919 ж., Ақмола), "Ұшқын" (1919-1920 ж.ж., Орынбор), "Кедей сөзі" (1920 ж., Омбы) және басқа советтік газеттердің 22 бетінде басылған өлеңдер мен әңгімелер алғашқы революциялық жеңісті қуанышпен қарсы алған тілек-мақсатты бейнелейді. Бұл баспа органдарынан осындай мақсатта жазылған публицистикалық шығармаларды да көп кездестіреміз. 1920 жылдары республикалық тұңғыш газет "Еңбекші Қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") шыға бастайды. Бұл тұста казақ публицистикасы жаңа белеске кетеріледі. Көптеген кеңестік идеологияны насихаттайтын шығармалар қазақ тіліне аударылып басылды. Орыстың революцияшыл-демократ жазушыларының шығармалары қазақ тіліне аударыла бастады. Осындай игілікті істер қазақ публицистикасының шыңдалып жетіле түсуіне белгілі дәрежеде ықпал-әсерін тигізді. Публицистикалық стиль – қазіргі әдеби тілдің ең жүгі ауыр, елеулі саласы. Басты стильдік сипаты: мұнда қолданылатын сөз үндеу мәнінде жұмсалады. Сөз эмоционалды-экспрессивті сипатта болады (еңбек ардагері, дем беруші, көшбасшы, нық қадаммен т.б.). Тілдің осындай эмоционалды-экспрессивтілігі жағынан көркем стильге жақын, ал фактіні толық және жүйелі баяндау тәсілі жағынан ғылыми стильге жақын екендігі көрінеді.
Публицистикалық стильге газет-жорналдар тілі, радио-телехабарлар тілі жатады. Ал жанрлық түрлеріне: бас мақала, ақпараттық хабар, очерк, халықаралық шолу және радио-теледидардан берілетін хабарлар. Әрқайсысының өзіндік тілдік, сөз қолдану ерекшелігі бар. Барлығына ортақ тілдік ерекшеліктер төмендегідей: лексикада – қоғамдық-саяси терминдер мен сөздер (митинг, ереуіл, парламент, демократия), ілгеріде келтірілген эмоционалды-экспрессивті сөз орамдары (көгілдір экран, ақ халатты абзал жан, қара алтын, дала кемесі), грамматикада қосарлы сөздер (бұқаралық-саяси, үгіт-насихаттық), бұйрық рай тұлғалы сөздер (жүзеге асырайық, оңды нәтижеге жетеміз, іске жұмылдырылсын), қаратпа сөздер, риторикалық сұрақтардың, әртүрлі қайталамалардың қолданысқа түсуі жиі байқалады. Публицистикалық стильдің ауызша тараған түріне бұрыннан қалыптасқан шешендік сөз жатады. Шешендік сөз (ораторство) – Ежелгі Греция мен Рим заманынан бері қарай көптеген халықтардың мәдени-рухани өміріндегі өнердің бір түрі. Шешендік өнер мен шешендік сөз зара тығыз байланысты болғанымен, екеуі екі басқа түсінік атаулары: шешендік өнер актінің, яғни іс-әрекеттің атауы, ол әлеуметтік қызмет атқарады. Шешендік өнер (риторика) - өзінің нысанасы, теориясы, категориясы, тарихы бар жеке сала болып табылады. Ал шешендік сөз шешендік өнер иелерінің шаршы топ алдында сөйлейтін сөзі. Бірақ көпшілік алдында айтылатын сөздің барлығы шешендік емес. Шешендік сөз мынадай талаптарға жауап беруі керек:
а) белгілі бір әлеуметтік мәні бар тақырыпты қозғайтын және шаршы топ алдында айтылатын сөз болуы керек;
ә) әңгіме өзегінің дәлелі (аргументі) болуы тиіс, соның арқасында тыңдаушыларға бір нәрсені әуелі түсіндіріп, содан соң ойлантып, ақырында бір әрекетке ұмтылдыруды көздеуі қажет:
б) тыңдаушыға жақсы әсер етіп, сүйсіндіретін эстетикалық қасиеті болуы тиіс. Қазіргі шешендік сөздердің түрлері былайша ажыратылады:
1) әлеуметтік-саяси тақырыптағы шешендік сөздер, бұларға митинг, конференция, съезд, сессиялардағы сөздер, баяндамалар, хабарламалар, радио-теледидардан берілетін саяси, әлеуметтік шолулар т.б.
2) академиялық шешендік – ЖОО-дағы лекциялар, ғылыми баяндама, хабарлама т.б.
3) сот ісіндегі шешендікке прокурордың айыптау сөзі, адвокат-қорғаушының сөзі, айыпкердің сөзі т.б.
4) діни қызметте қолданылатын шешендік (құран оқу, қазақша иман сөздері. Барлығына қойылатын басты талап – ойдың көркем, әсерлі болуы (Р.Сыздықова) Белгілі ғалым М.Серғалиев радио-теледидар тілі дейтін мәселелердің жете сөз етілмей, дұрыс қарастырылмай келе жатқандығын айта келіп: «Оны теориялық та, практикалық та тұрғыдан зерттеп, тілінің теориясын жасайтын мезгіл жетті»- дейді. Радио-теледидар хабарларының тілі ерекшелігі: жаңалықтарды дер кезінде жеткізу қызметінің қалыптасуы, материалдардың нақтылы тақырыпппен, жүйемен топтастырылуы, диалогқа қатынасушылардың сөйлеуге әзірлену дәстүрі, хабар жүргізушінің өзін еркін ұстап, қысылмай сөйлеуі, хабардың берілу тәртібіне сәйкес техникалық құралдардың пайдалану реті т.б. біршама тартымды сиптта көрінеді.
Радио-теледидар тілі ауызекі сөйлеу тілімен тең емес, арақатынасын ажырату керек. Сӛздерді сұрыптап, керегінше пайдалану хабардың жанрлық ерекшелігіне қарай жүзеге асады. Ауызша сөйлеу түрі болған соң, әдеби тілде, оның норма-заңдылықтарын мүмкіндігінше сақтап жеткізуі қажет. Әсіресе, орфоэпиялық норма, оны құрайтын заңдылықтарды меңгеру, тыңдарман дұрыс түсініп қана қоймай, әсерлі қабылдауы үшін дауыс, интонация, екпін дұрыс қою, кідіріс жасау, дауыстың сазы, қарқыны, сарыны, биіктігі тәрізді сапалық ерекшеліктерін жетік игеру маңызды болып есептеледі.
2) Көркем әдебиет стилі – тарихи тұрғыдан ерте қалыптасқан функционалды стильдің бір түрі. Оның пайда болуына ықпал еткен негізгі арналары: ХV-ХІХ ғғ. аралығындағы ақын-жыраулар поэзиясы, фольклор тіліне тән өлең-жырлар, лирикалық эпостар тілі, халықтың сөйлеу тілі, Абай, Ыбырайдан басталған жаңа көркем әдебиет тілі. Көркем әдебиет стилі – проза, поэзия, драматургия салаларында жазылған көркем шығармалардың тілі.
Көркем әдебиет стилінің өзіндік ерекшеліктері бар: тіл байлығы, сөздік құрамның молдығы, Авторлық баяндаудың құрылымына қарай, кейіпкердің іс-әрекет, болмысына қарай тілдің бар байлығы қолданылады: кәсіби, диалект сөздер, қарапайым сөздер, тарихи, көнерген сөздер, неологизмдер т.т.. Көркем әдебиет стилінің тағы бір ерекшелігі – оның көп стильділігі. Мұнда функционалды стильдің барлық элементтері кездеседі.
Көркем әдебиет стилі немесе көркем сөз - ойды және сезімді образ арқылы бейнелейтін айрықша өнер. Тіл көркем шығармада ерекше эстетикалық қызмет атқарады. Тіл адам баласының іс-әрекеттерінің барлық жақтарын тегіс қамтиды. "Тілдің қимыл өрісі шексіз". Адам өз ойын жеткізу үшін ғана сөйлесіп қоймайды, көңіл күйін, эмоциясын білдіру арқылы басқа адамдардың да сана-сезіміне әсерін тигізеді. Ол әсер сөйлеу тілімізде айтушының өз түсінігі бойынша, өз ойын тіл құралы арқылы жеткізе білуінен болса, көркем шығармалар - жазушының өмір тануына, дүние сезінуіне, көзқарасына сол өмір фактісін жинақтап, қорытып бейнелі тілмен жазу мәнерінен болады. Сөйлеу тілімізде сөздер бұрыннан машықталған үйреншікті қалыпта жұмсалады, ал көркем шығармада сөздер сараланып, белгілі стильдік мақсатта қолданылады. Көркем сөзбен жазылған әдеби шығарма - өмір фактілерін жанжақты терең қамтитын жанды организм. Онда адам да, аң да, құс та, табиғат та - бәрі де қатысады. Тұрмыс салт, шаруашылық, экономика салаларының қалпы, даму жолдары көрсетіледі. Көркем шығармада кептеген кейіпкерлер болады. Олар жағымды, жағымсыз образдарға бөлініп, топталады. Олардың әрқайсысының өз алдына жеке-дара сырт пішіні - портреті - жасалып, іс-әрекеттері, ой-өрісі, өмір тануы суреттеледі. Ол кейіпкерлердің тіл ерекшеліктері болады. Сөйтіп типтік образдар жасалады. Шығармалардағы адамдар табиғат қоршауында әрекет жасайды. Мұның бәрі шығарманың идеялык мазмұнын, көркемдік ерекшелігін айқындауда маңызды рөл атқарады. Шығарманың көркемдік қасиеті ондағы қайталаусыз жасалған әр алуан образдар мен өмір құбылыстарының картиналары бейнелеулер арқылы көрінеді. Мысалы:
Азуы - алмас, тілі - у,
Арам көңіл, ала ту,
Кең жемсаулы, кең қарын,
Найзадай түйреп қолдарын
Қорқау қасқыр - " жан " жүрді
/ С. М ұ к а н о в. Таңдамалы өлеңдср, Алматы, 1954, 58-бет./
С.Мұқанов осы бір шумақта бүқара халықты рақымсыз езіп, жаншып, өктемдігін жүргізген қиянатшыл заманның мейірімсіз өкілдерінің жиренішті кескін-кейпін ұтымды теңеу, эпитеттер арқылы оқушының көз алдына елестетеді. Осындай суреттеуге М.Әуезовтен тағы бір мысал: Қызылды-жасылды қылып сәнмен жиылған жақсы үйлерде қалың көрпе, құс жастықтарға көмілген жуан билер, күндіз-түні семізді кертіп жеп, көкірегі азғанша майға бөгіп жатқан. Бұлар, малына індет келген ауылдың иттері сияқты, жаны шығып, құйрығын сыртқа салып, көзі қызарып құтырғандай қанталап, қауып түсетін сияқты түр көрсетеді. /М.Әуезов. Қараш-қараш. А.1960. 53 б./ Немесе, ...долданып құтырған Қоқыштар, Сәрсендер жуан-жуан жақсы киімді, боқтығы күшті үлкендер... Бұл мысалдардан образды сөздердің атқаратын қызметі ерекше сезіледі. Сонымен бірге мұнда сөз қолдану, сөйлем құрылысы, тіпті контекст - барлығы да экспрессивті берілген. Автор тілдің экспрессивті-эмоционалды тәсілдерін шебер пайдаланған. Жазушы суреттеп отырған шындықты оқушы көзбен көргендей айқын сезінеді. Мұнда жағымсыз образ тілдік тәсілдерді бейнелі, экспрессивті қолдану арқылы жасалған. Осылайша сөзді метафоралы қолдану арқылы жасалған образдар тез қабылданып, ойда ұзақ сақталып, сөз қолданысы тұрақталып, бейнелі сөздердің үлгісі молығады. Образ жасаудың сөзді метафоралы түрде қолданудан басқа да көптеген тәсілдері бар. Оны төмендегі мысалдан көруге болады: Бақтығүл атқа мінісімен: "Әйдә, тарт!" -деп тебініп жіберіп, қозғалып кетті. Көп сәйгүліктің аяғы сатыр-сұтыр басып, шымды жерді дүңк-дүңк еткізіп, үстеріндегі ер-тұрман, қару-сайман бір-біріне шалдыр-шылдыр, тықыр-тықыр соқтығып, ымырт қараңғылығын қуалай тартып береді. /М.Әуезов. Қараш-қараш. А.1960. 42 б./ Автор мұнда әр түрлі дыбыстарды еліктеуіш сөздер арқылы бейнелеп отыр. Осы тұста оқушы көп аттың тұяғы тиген жердің дүңкілін, ер-тұрманның шылдырын айқын естіп тұрғандай сезінеді. Көркем шығарма тілі - күрделі мәселе. Көркем шығарманы жасайтын - жазушы. Шығармадан жазушының өзіндік ерекшелігі, шеберлігі, стилі байқалып отырады. Шеберлік мәселесін шығарманың тілінен бөлек алып қарауға болмайды. Шеберлік мәселесі тілге тікелей қатысты. Сондықтан да жазушының шеберлігі жайында сөз еткенде, ең алдымен оның тілінен бастаған жөн /К.Федин. О мастерстве. 1955. 319 с./. Шеберлік дегеніміздің өзі - тар шеңберде алғанда, адам бейнесі, табиғат көрінісі, қимыл, іс-әрекет сияқты әдебиеттік түрлі образдарды жасау үшін қажетті сөздерді талғап, ұқыптылықпен қолдана білу. Мұндай образдарды жасау үстінде сұрыпталатын сөздерге әрқашан да жаңа мағына, қосымша реңдер берілетіні белгілі. Сөздердің ондай жаңа қосымша мағынасы мен реңдері образды ойды эстетикалық жағынан байытып отырса ғана құнды болмақ. 0бразды ой дегеніміз - суреттелетін зат, құбылыстың формасын сөз арқылы шебер бейнелей білу. Көркем әдебиет - "сөз арқылы әдемі түрде суреттелетін искусство". Әдебиетшілер болсын, тілшілер болсын көркем шығарма тілін сөз еткенде, екеуінің де негізгі объектісі - әдеби шығарма. Өйткені әдеби шығарманың негізгі құралы - тіл. Жазушылар да кұрылысшылардың кірпіштен салған биік әсем мұнарасы сияқтандырып өмірдегі сан алуан құбылыстарды бейнелі сөз өрнегі арқылы қиюластырып, көркем образдар жасайды. Көркем образ жазушының шеберлігіне, оның жалпы халықтық тіл байлығын жетік меңгеріп, шұрайлы сөз образдарын қолданып шебер суреттей білуіне байланысты. Сонымен бірге жазушы шығармасының тілі, оның стиль ерекшелігі шығарманың мазмұн, идеялық жақтарымен байланысты қарастыруды қажет етеді. Жазушының стилі – көркем шығарма жазу үстінде қалыптасатын әр жазушының өзіндік мәнері, сөз қолдану тәсілдері. Жазушының стиль ерекшелігі, оның өзінің өмір тануына, шығармасының идеялық мазмүнына сай жалпы халықтық тіл қазынасын меңгеріп, оны қалай қолданғандығынан байқалады. Ал жазушылардың тілдік құралды қолдану тәсілдері біркелкі болмайды. Жазушының тілі, өзіндік (индивидуальды) стилі - ол сол дәуірдегі көркем әдебиетке тән тілдік тәсілдерді өзінің эстетикалық талғамына сай өзінше пайдаланып дамыту жүйесі. Жазушының өзіндік стиль проблемасы - ең алдымен әдеби шеберліктің, ұлттық көркем әдебиеттің проблемасы. Сондықтан әдеби тілдің даму жолдарын, қалыптасу үрдісін жете түсіну үшін жеке жазушылардың шығармасының тілін зерттеп, олардың сөздерді сұрыптап қолдану тәсілдерін, жалпы халықтық тілдік құралды қалай меңгергендігін және әдеби тіл үлгісін байытып тыңнан қосқан жаңа сөз үлгісін айқындап, жан-жақты талдау жасап көрсетудің көркем сөз стилистикасында мәні зор. Көркем шығарма тілінің осы уақытқа шейін қалай зерттеліп келгені туралы академик В.В.Виноградов "О языке художественной литературы" деген кітабынан толық мағлұмат алуымызға болады. Автор бұл еңбегінде кеңес дәуіріндегі көркем шығарма тілінің зерттелуіне арналған ғылыми еңбектер мен мақалаларға талдау жасап, ондағы жетістік пен кемшіліктерді көрсетіп, көркем шығарма тілінің зерттелуі жайында құнды пікірлер айтқан. Академиктің аталған еңбегінің құндылығы - жазушының өзіндік стилі орыс әдебиетінің даму заңдылықтарымен байланысты қаралуында. Бұл тәсіл - жазушының тіл ерекшелігін зерттеушілердің бұдан былайғы жерде айрықша көңіл бөлетін мәселесі. Қазіргі стилистикаға байланысты жазылып жүрген зерттеу еңбектері мен мақалаларда, көбінесе оның зерттеу объектісіне, шығарманың тілін зерттеу тәсіліне баса көңіл бөлініп жүр. Бұлар көркем сөз стилистикасы саласындағы бүгінгі таңдағы маңызды мәселе екені даусыз. Бірақ көркем сөз стилистикасының басы ашылмаған басқа да мәселелері аз емес. Көркем шығарма тілін зерттеуде кездесетін бір қиындық - оның проза, драма, поэзия сияқты жанрларды қамтып, көп жанрлы болып келуінде. Әр түрлі жанрлардың әрқайсысының өзіне тән тіл ерекшеліктерін зерттеу әдістері жөнінде белгілі бір нұсқау беру қиын. Шығарманың жанрлық ерекшелігіне қарай, тіл өзгешелігі болатындығы әдебиет теориясының оқулықтарында және кейбір лингвистикалық еңбектерде тиіп-қашты айтылады. Ал арнайы жазылған еңбек әзір жоқтың қасы. Тіліміздегі басқа стильдерге қарағанда, көркем сөз стилінің аясы кең. Мұнда барлық, стильдердің элементтері кездеседі. Тілдік тәсілдер көркемдік мақсатта жұмсалады. Образды сөздер жиі қолданылады. Әр жазушының өзінің талғамына қарай тіл ерекшелігі, қолдану тәсілі болады. Ол ерекшеліктердің бәрі бір-бірімен ара қатынаста болып, көркем әдебиет стилінің басқа стильдерінде қайталанбайтын, айрықша жүйесін жасайды. Қорыта айтқанда, көркем әдебиет сөз өнері ретінде ғана танылмайды. Ол өмір қиындығын біліп тануымызға ықпал жасайтын, біздің өміріміздің эстетикалық жағын қамтитын қоғамдық қүбылыс болып саналады. Сондықтан акадеимк В.В.Виноградовтың: "Көркем шығарманың тілін зерттеу мәселесі тіл білімінен де, әдебиеттанудан да өз алдына айырмашылығы бар филология ғылымдарының айрықша бір бөлек саласы болуға тиіс", - деген пікірі әбден дұрыс.
Әдебиеттер
1. Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. А., 2006.
2. Шалабай Б. Қазақ тілінің стилистикасы. А., 2006.
3. Шалабай Б. Көркем әдебиет стилистикасы. А., 2000.
4. Исаев С. Қазақтың мерзімді баспасӛз тілінің дамуы. А., 1983.
5. Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі. А., 1978.
6. Момынова Б. Газет лексикасы. А., 2001.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Публицистикалық стильдің ерекшеліктерін атаңыз
2. Радио-теледидар тілі, ерекшеліктері, қазіргі дамуы жайында не айтасыз?
3. Көркем әдебиет стилінің эстетикалық қызметі
4. Шеберлік дегеніміз не?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет