Қаратау (Қызылқұм) қорығы. Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс және Шардара аудандарының территориясында орналасқан көлемі 150,6 мың га 1990 жылы Шымкент облыстық Атқару Комитетінің шешімімен құрылған. Қаратау қорығы Қаратау тау жоталарының өте бай табиғатын қорғауға арналған. Мұнда өсімдіктердің шамамен 1,5 мың түрлері кездеседі. Өсімдіктердің эндемик түрлерінің саны бойынша Қаратау тау жоталары республикада бірінші орында тұр.
Биосфералық қорықтар. Соңғы жылдары қорғауға алынған территориялардың бір формасы болып табылатын биосфералық қорықтар көптеп құрыла бастады.
Биосфералық қорық Жердің әр түрлі аймақтарының табиғи комплекстерінің (биогеоценоздарының) эталоны болып табылады. Олар экожүйелерге жыл бойы және көпжылдық зерттеулер жүргізу мен биосфераға антропогенді әсердің мониторингін жасау үшін жақсы база болып табылады. Биосфералық қорық қорықтық белдеу (биорезерваттың ядросы), буферлік белдеу мен интенсивті шаруашылық белдеуінен тұрады. Аталған белдеулердің барлығы бір типті ландшафтта және бір-бірінен онша алыс емес ара қашықтықта орналасуы қажет.
Биосфералық қорықтар туралы концепцияны 1974 жылы ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының жұмысшы тобы ұсынған. Биосфералық қорықтар құру 1976 жылы басталып, 1995 жылдың наурызында оған 82 елде орналасқан 324 резерват кірді. 1983 жылы ЮНЕСКО мен БҰҰ-ның қоршаған орта туралы бағдарламасы (ЮНЕП), ФАО, МСОП-ның ұсынуымен Минск қаласында биосфералық қорықтар бойынша бірінші Халықаралық Конгресс өтті. Конгрестің жұмысы нәтижесінде 1984 жылы «Биосфералық қорықтар бойынша жұмыс жоспары» қабылданды.
1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Жердің жоғарғы форумында Биологиялық алуантүрлілік туралы Конвенцияға қол қойылды. Конвенцияның негізгі мақсаты биологиялық алуантүрлілікті сақтау мен оның элементтерін тұрақты қорғау болып табылалы. Биосфералық қорықтардың осы конвенцияны орындауға көмек беруге мүмкіндіктері бар. Ұлттық саябақтар мен қорғауға алынған территориялар мәселесі бойынша Каракас (Венесуэла, 1992 жыл) қаласында өткен төртінші Дүниежүзілік Конгресте биосфералық қорықтарды басқаруға жаңалықтар енгізілді және биорезерваттардың жаңа формалары жасалды. Мысалы, «Кластерлік» және трансшекаралық қорықтар. Биорезерваттардың дамуы саласында кеңінен интеграциялау жұмыстары ұсынылды. Оны қазір «Интернет» жүйесі жүзеге асыруда.
Биосфералық қорықтар туалы Халықаралық конференция (Севилья, 1995 жыл) XXI ғасырдағы биосфералық қорықтардың рөлі мен дамуының Севилья стратегиясын жасады.
Биосфералық қорықтар өзара толықтырушы үш функцияны атқаруы керек:
генетикалық ресурстарды, биологиялық түрлер, экожүйелер мен пейзаждарды сақтауға бағытталған қорғау функциясы;
· тұрақты экономикалық және адамзаттық дамуға көмектесу үшін даму функциясы;
· зерттеу жұмыстарын қолдау үшін материалдық-техникалық қамтамасыз ету функциясы. Сонымен қатар, білім беру, мамандарды дайындау, жергілікті, ұлттық және ғаламдық сипаттағы іс-шараларға байланысты мониторингті жүзеге асыру.
Әрбір биосфералық қорық үш элементтен тұруы қажет.
1.Қорықтық белдеу. Биологиялық алуантүрлілікті сақтау мақсатында ұзақ уақыттық қорғауға алынған территория. Онда ең аз бұзылуға ұшыраған экожүйелерді бақылау, ғылыми-зерттеулер, зиян келтірмейтін қызмет, мысалы білім беру саласында жүргізіледі.
2.Буферлі белдеу. Әдетте, қорықтық белдеудің айналасында, шектесіп жатады. Ол экологиялық қауіпсіз қызмет жүргізуге, соның ішінде экологиялық білім беру, демалу, экотуризм, қолданбалы және фундаменталды зерттеулер жүргізу үшін қолданылады.
3.Өтпелі белдеу. Мұнда ауыл шаруашылық жұмыстарының кейбір түрлері, тұрғын жерлер, осы территорияның ресурстарын ттұрақты игеру мен тиімді пайдалану мақсатындағы әр түрлі кәсіпорындардың өзара бірлескен жұмысы жүргізілуі мүмкін.
1996 жылдың мамыр айында Алматыда биосфералық резерваттар туралы Халықаралық конференция өтті. Жоспар бойынша Қазақстандағы бірінші биорезерват Қорғалжын қорығының негізінде түзілді. Олай болса, биосфералық қорықтар жаңа рөл атқара бастайды. Олар тек осы аудандарда өмір сүретін халыққа табиғатпен тепе-теңдікте болатын ортамен дамуға мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғамның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге де жағдай жасайды. Яғни, олар болашақтағы тұрақты дамудың мүмкіндігін көрсетеді.