2.Әлеуметтанудың басқа әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдармен байланысы. Социология жеке дара емес, басқа да әлеуметтік ғылымдармен тығыз байланыста дамып отырады. Социологияның әлеуметтік философиямен, тарихпен, саясаттанумен, және басқа да ғылымдармен арақатынасын, өзара әсерін зерттеу аса маңызды. Социологиямен әлеуметтік философияның арақатынасы социологияның философия ғылымына жатпайтындығына, әлеуметтік философияға қарағанда қоғамның аясы тарлау заңдарын зерттеуіне байланысты. Социология да әлеуметтік философия да қоғамды тұтастай интегралды құрылым ретінде қарастырады. Бұл – осы екі ғылым саласының тығыз байланысын көрсететін ортақ белгілері. Әлеуметтік философия социологияның жалпы теориялық және методологиялық негізі болады. Қоғамның жалпы философиялық заңдарының, категориялардың, ұғымдардың ауқымына сия бермейтін өзіндік ерекше әлеуметтік байланыстары мен әсері, қырлары, жақтары, ерекшеліктері болады. Социология осыларды зерттейді. Егер әлеуметтік философия өзінің дамуында қоғам туралы арнайы ғылымдардың жетістіктеріне тікелей сүйенетін болса, социологиялық зерттеулер басқа да қоғамдық ғылымдардың жетістіктерін пайдалана отырып, эмпирикалық тұрғыдан тексеруге болатын әлеуметтік деректерді жинау мен талдауға, жинақталған нақтылы эмпирикалық мәліметтерге тікелей негізделеді. Ал әлеуметтік философия қоғамдық дамуды абстракциялы түрде жоғары деңгейде сипаттайды.
Қоғам тарих ғылымының да зерттеу нысаны саналады. Тарих пен социологияның айырмашылығы мынада: тарих қоғамның өткенін зерттеп, оның даму жолдарын нақтылы жүйемен түсіндіруге мән береді, ал социологияда қоғамның ағымдағы құрылымы мен өмір сүруіне көңіл аударылады. Социологтың міндеті негізінен қоғамның бүгінгі күйін талдау. Тарих пен социологияның арасында ортақтық пен өзіндік ерекшеліктер бар. Социология саясаттанумен де тығыз байланыста. Мысалы, әлеуметтік қауымдастықтар, әлеуметтік ұйымдар, әлеуметтік институттар – саясаттанудың да социологияның да зерттеу нысаны. Бірақ та екуінің өзіндік айырмашылықтары да бар. Социология қоғамның әлеуметтік құрылымы, адамдардың, әлеуметтік топтардың, ұлттар мен халықтардың әлеуметтік мәртебесі, олардың өзара әсері, т.б. тұрғысынан қарастырады. Саясаттану болса, қоғамға азаматтардың құқықтары мен міндеттерін талдау тұрғысынан келіп, саяси жүйенің құрылымы мен саяси билік қатынастарын зерттейді; саяси институттар мен ұйымдардың орнын, ролі мен қызметін айқындайды. Социологиялық зерттеулер де саясаттануда кеңінен қолданылады.
Экономика ғылымының социологиядан айырмашылығы сол, ол қоғамды тұтас жүйе түрінде емес, оның бір ғана экономика саласын зерттейді. Экономика ғылымы материалдық өндірісті, адамдардың экономикалық іс-әрекеттерін, т.б. тұтас түрінде зерттесе, социология толығымен экономика ғылымына арқа сүйейді. Сондай-ақ, социология құқықтану, әлеуметтік психология, демография, мәдениеттану т.б. ғылымдармен де тығыз байланысты.
Сонымен философия да, тарих та, саясаттану да, социология да қоғамды өз тұрғыларынан зерттейді: философия қоғамның дамуы мен өмір сүруінің жалпы заңдарын ашады; тарих осы заңдардың тарихи қозғалыста жүзеге асуын қарастырады; саясаттану қоғамның саяси жүйесі мен билік мәселелерін қарастырады; ал социология қоғам құрылымындағы осы жалпы заңдарды нақтылай түседі. ;