Ғылыми түсіндірме беру процесін тар мағынада және кең мағынада ұғынуға болады. Тар мағынадағы түсіндірме тек құбылыстар арасындағы себепті байланыстарды ғана ашуды білдіреді. Ал кең мағынадағы түсіндірме себепті байланыстармен бірге сондай-ақ олардың даму заңдарын да ашуды білдіреді.
Түсіндірменің тағы басқа да мағыналары бар: себепті түсіндіру, атқаратын қызметін /функциясын/ түсіндіру және телеологиялық /мақсатты/ түсіндірме. Зерттеуші ғалым ғылыми заңдарды аша отырып, өзі ұсынған бастапқы жорамалды /гипотезаны/ не растайды, не теріске шығарады. Ғылыми түсіндірме беру кезеңінде жинақталған мәліметтер ойша талданады, ал бұл үшін түрліше ойлау формалары мен амалдары қолданылады. Атап айтқанда, мәліметтер тәртіпке келтірілген соң құбылыстар арасындағы байланыстар жайлы бастапқы ұсынылған жорамалдар индукциялық және дедукциялық ой қорытындылардың және басқа логикалық ойлау амалдарының көмегімен тексеріледі. Егер байланыстың бар екендігі расталса, оның сипаты анықталады.Ғылымның мақсаты, олай болса, ғылыми түсіндірменің де мақсаты, алдымен құбылыстар арасындағы себепті байланыстарды ашу. Бірақ сонымен қатар басқа байланыстардың да, оның ішінде функциональды байланыстың да маңызы зор.
Түсіндірме беру мен тексеруді бір-бірінен мұлдем бөліп қарауға болмайды, өйткені біртұтас таным процесінің барысында бұдан бұрын жасалған қорытынды әрдайым ұдайы тексеріліп отырады. Бірақ ғылыми түсіндірме жасалғаннан кейін оны арнайы тексеру ісі де жүргізіледі. Сондықтан қорытындыны тексеру жайлы әңгіме болғанда, тексеруді де кең мағынада және тар мағынада қарауға болады. Ғылыми түсіндірме жасалғанның артынша тағы да жаңа мәліметтер жиналып, жасалған түсіндірменің ақиқаттығын тексеру мақсатымен ол мәліметтер теориялық тұрғыдан талданса, мұндай тексеру тар мағынадағы тексеру деп аталады.
Кең мағынада тексеру деп ғылым мен қоғамның бүкіл ұзақ уақыт бойы дамуының барысында ғылыми ақиқаттардың ұдайы тексеріліп отыруын атайды. Мәселен, материяның атомдық құрылысы жайлы қорытынды 2,5 мың жылдан бері әлі тексеріліп келе жатыр.
Білімнің ақиқаттығын тексеретін арнаулы ғылыми пән – логика бар. Логикадағы верификация /латынша ақиқаттықты дәлелдеу дегенді білдіреді/ принципі бойынша қажетті пікірлер /білімдер/ ғана емес, сондай-ақ барлық моральдық /ықтимал/ ақиқаттарды да дәлелдеуге болады. Логикалық дәлелдеу әдісінің көмегімен де арнаулы тексеруді іске асыруға болады. Алынған білімді тәжірибе жүзінде тексеруге нақты мәліметтер жеткіліксіз болған кезде логикалық верификация ретінде дәлелдеу әдістері қолданылады. Бұл әдіс ғылыми білімдердің ақиқаттығын практика жүзінде тексеру уақытын қысқарту қажет болғанда да пайдалаңылады. Білімдерді тексерудің логикалық әдісі ретіндегі дәлелдеудің мәні мынадай: кейбір білімдердің ақиқаттығы бұрыннан негізделген басқа қағидалардың көмегімен дәлелденеді. Бұл дедукциялық жолмен негіздеу деп аталады.