Жоғары жүйке әрекетінің топтары Әр адамның жүйке жүйесінің тұқым қуалаған жеке қасиеттері мен өмірден алған тәжірибесін, сыртқы ортадан алған мағлұматын, мінез-құлықтарын жүйке әрекетінің топтары деп жинақтайды.
И.П.Павлов жануарлардың жоғары жүйке әрекетінің топтарын ми қыртысындағы қозу мен тежелудің негізгі 3 қасиетіне байланысты 4 топқа бөледі. Ол қасиеттер: қозу мен тежелудің күші, теңдігі, алмасуы.
Қозу мен тежелудің күші деп ми қыртысындағы олардың өту дәрежесін айтады. Кейбір адамдардың миындағы нейрондардың жұмыс қабілеті жоғары болып кейбірлерінде төмен болады.Соған байланысты қозу мен тежелудің күшін палов күшті және әлсіз деп екі топқа бөлді. Қозу мен тежелудің теңдігі деп олардың бір-біріне қатынасын айтады.Кей адамдарда бірдей дамыған, ал енді біреулерде не қозуы не тежелуі басымырақ болады. Қозу мен тежелудің алмасуы деп олардың бір-біріне алмасу жылдамдығын айтады. Олардың алмасуы ширақ немесе баяу болуы мүмкін.
Қозу мен тежелудің осы қасиеттеріне қарай И.П.Павлов жануарларда жоғары жүйке әрекетінің 4 тобын ажыратады:
1. Күшті, ұстамсыз, қозуы тежелуден басым топ.
2. Күшті, қозуы мен тежелуі тең, алмасуы жылдам топ.
3. Күшті, қозуы мен тежелуі тең, алмасуы баяу топ.
4. Әлсіз топ. Ми қыртысының нерв клеткаларының қызмет қабілеті төмен, қозуы нашар дамыған, тежелуі басым.
Гиппократ денедегі 4 түрлі сұйықтықтың өзара қатынасына байланысты адамның темпераментін 4 топқа бөлген. Олар холерик (грек. холе- сары өт), сангвиник (сангвине - қан), флегматик (флегма – кілегей, шырын), меланхолик (мелайне холе – қара өт).
И.П.Павлов өзінің ашқан жоғары жүйке әрекеттерінің 4 тобын дәрігер грек ғалымы Гиппократтың айтқан 4 темпераментіне сәйкес деп есептеген:
1. Күшті, ұстамсыз, қозуы тежелуден басым топ – холерик.
2. Күшті, қозуы мен тежелуі тең, алмасуы жылдам топ – сангвиник.
3. Күшті, қозуы мен тежелуі тең, алмасуы баяу топ – флегматик.
4. Әлсіз топ – меланхолик.
Аталған 4 топтың аралас түрлері жиі кездеседі.