1-тапсырма. Үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесі деп нені атаймыз?
Үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесі - педагогтің әрдайым өзінің кәсіби біліктілігін дамыта отырып, үздіксіз білім алуы және де үнемі ізденісте болуы.
Үздіксіз педагогикалық білім беруде - ғылымның, техниканың, экономиканың дамуына байланысты адам өзінің білімінің үздіксіз және жүйелі түрде жетілдіріліп отыруы қажет. Үздіксіз білім беруде адамның білім алуы жас талғамайтындықтан және уақыт интервалымен шектелмегендіктен, адам өз қалауы бойынша өмір бойы өзінің білім деңгейін жетілдіре алады.
Үздіксіз білім беру деңгейлерін атаңыз және оларды сипаттап жазыңыз Үздіксіз білім беру деңгейлері: 1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды;
2) бастауыш білім беруді;
3) негізгі орта білім беруді;
4) орта білім беруді (жалпы орта білім беруді, техникалық және
кәсіптік білім беруді);
5) орта білімнен кейінгі білім беруді;
6) жоғары білім беруді;
7) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қамтиды.
1. Mектепке дейінгі тәрбие мен оқыту - бұл үш пен жеті жас аралығындағы баланы оқыту, дамыту, тәрбиелеу, қарау және күту. Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу мақсаты осы жас кезеңінде тұлғаның қалыптасуы үшін қажетті алғашқы білім, білік және дағдыларды қалыптастыру болып табылады.
2. Бастауыш білім беру - білім берушілер мен білім алушылар арасында педагогикалық орта құрылады; білім алушылар білім алу тәсілдерін игереді.
Бастауыш білім беру сатысында оқушы әріп танып, жаза білуге, дұрыс, жатық оқуға, өз ойын ауызша, жазбаша жеткізе білуге, мазмұндауға үйренеді. Бастауыш білім беру кезеңінде оқушы алғашқы ғылыми мәліметтерді ұғуға ынталанып, қажетті дағдыларды игереді, ойлау қабілеті мен танымы қалыптасады. Әліппе, ана тілі, математика, дүниетану, жаратылыстану пәндерінің ғылыми негізін білуге, оны өмірге пайдаланудың алғашқы элементтерін алуға дағдыланады. Сондай-ақ, Бастауыш білім беру арқылы патриоттық, адамгершілік, дене, еңбек тәрбиесін бала бойына сіңіру көзделген.
3. Негізгі орта білім - кәсіби стандарты білім беру бағдарламаларын қалыптастыру үшін, оның ішінде білім беру ұйымдарының персоналын оқытуға, білім беру мекемелерінің қызметкерлерін және түлектерін сертификаттауға арналған.
4. Орта білім – ғылым негіздерін білуді талап ететін, қоғамға пайдалы еңбекке қатысуға және жоғары білім алуға қажетті білім мен дағдылар жиынтығы. Орта білім жалпы және арнаулы болып бөлінеді. Қазіргі жалпы орта білім жүйесіне ана тілі, әдебиет, математика, биология, физика, химия, география, тарих, шет тілі, т.б. пәндер кіреді. Арнаулы орта білім жеке бір мамандықты игеруге қажетті ғылымдар негізін, теориялық және практикалық білімдерді, кәсіптік дағдылар мен шеберлікті меңгеруді қамтиды. Жалпы және арнаулы орта білім жоғары оқу орындарына түсуге құқық береді.
5. Орта білімнен кейінгі білім беру - орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларының мазмұны жоғарғы оқу орындарының 1-2 курс кәсіптік оқу бағдарламаларымен сәйкес келетін кәсіптік, әлеуметтік-гуманитарлық және жаратыластану ғылымдарының пәндерін оқытуды қамтиды және оқуды аяқтаған соң қызмет көрсету мен басқару еңбегінің кіші маманы біліктілігін береді. Орта білімнен кейінгі кәсіптік және техникалық білімді мемлекеттік немесе жеке меншік болуы мүмкін кәсіптік лицейлерде, кәсіптік мектептер, колледждерде алуға болады.
6. Жоғары білім беру - жоғары білімді жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар азаматтар алады.
Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында iске асырылады.
Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқыту күндізгі оқыту және (немесе) онлай-оқыту және (немесе) экстернат нысандарында жүзеге асырылады. Ұлттық зерттеу университеті, ұлттық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы, зерттеу университеті, университет, академия, институт және оларға теңестiрiлгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының негiзгi түрлерi болып табылады. Жоғары білімнің білім беру бағдарламасын меңгеру бойынша қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыға "бакалавр" дәрежесі беріледі немесе "маман" біліктілігі беріледі.
7. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру - жоғары оқу орындарының магистратурасы мен докторантурасында, жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың резидентурасында, сондай—ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын бекітілетін мамандықтар тізбесіне сәйкес күндізгі оқыту нысаны бойынша жетекші шет елдердің жоғары оқу орындарына оқуға жіберу арқылы жүзеге асады.