1 тара у. Саясаттану ғылымы § Саяси ғылымның пайда болуы және қалыптасуы


§ 3. Жеке адамның құқықтарының жіктелуі



бет35/59
Дата14.10.2023
өлшемі253,23 Kb.
#114425
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   59
Байланысты:
Саясаттану (жалпы)


§ 3. Жеке адамның құқықтарының жіктелуі
Қазіргі саяси ғылымдарда жеке адамның құқықтарын жіктеудің бірнеше түрлері бар. Солардың ішінде кең тарағаны - барлық құқықтарды негативтік және позитивтік (қолданушы) етіп бөлу. Негативтік мағынада бостандық мемлекет тарапынан жеке адамға зорлықтың, шектеудің жоқтығын білдіреді. Бұл еркіндік үкімет жағынан адамды қажетсіз әрекеттерден, бостандықты бұзып, бұрмалайтын жағдайлардан сақтайды. Оларды жүзеге асыру мемлекеттің қаржы-қаражатына, елдің әлеуметтік-экономикалық дөрежесіне, жағдайына байланысты емес. Бұлар, негізінен абсолюттік, позитивтік құқықтарды басшылыққа алатын құқықтар болып есептеледі. Мұны, әсіресе, АҚШ-тың конституциялық құқықтары туралы Билльден анық аңғаруға болады. Мысалы, оның бірінші бабында (түзетуінде) былай делінген: "Конгресс белгілі бір дінді белгілемеу немесе оған ерікті түрде кіруге рұқсат етпеу, сөз және баспасөз бостандығына немесе халықтың бейбіт түрде жиналып үкіметке қиянат етушілікті тоқтату жөнінде коллективтік арнаулы өтінішпен баруына тыйым салу туралы заң қабылдамауға тиіс". Бұдан біз мемлекеттің "не істемеу керек" екендігін білеміз.
Позитивтік мағынада құқықтар таңдау, талғау еркіндігін, ең бастысы адамның өз мақсатына жете алушылықты, жеке дамуға кабілеттілігін көрсете білуді білдіреді. Негативтік қүқықтармен салыстырғанда мұнда мемлекеттің, ұйымдардың, адамдардың азаматтарды қайсыбір игіліктермен қамтамасыз ету, белгілі әрекеттерді іске асыруға мүмкіндік жасауды көрсетеді. Мысалы, бұған әлеуметтік көмек көрсетуге, білімге, денсаулықты қорғауға, лайықты тіршілік дәрежесінде өмір сүруге құқықтылық және т. б. жатады. Негативтік құқықпен салыстырғанда позитивтік құқықты қамтамасыз етіп, іске асыру қиын. Себебі, біріншісінде мемлекет тарапынан ешқандай іс-әрекеттің керегі жоқ. Тек қана ол табиғи құқыққа араласып, бөгет жасамаса болғаны. Ал позитивтік құқықта, керісінше, мемлекет жоғарыда көрсетілген және т. б. құқықтарды іске асыру үшін қыруар жұмыс атқаруына тура келеді. Ондай мемлекетте жеткілікті жағдай, қаражаты, мүмкіншіліктері болуы керек.
Сонымен негативтік құқықта біз мемлекеттің "не істемеукеректігі" жөнінде білсек, позитивтік құқықта оның "не істеукеректігіне" көзіміз жетеді. Негативтік құқықты жақтаушыларпозитивтік құқыққа адамдардың арасындағы "табиғи" қарым-қатынастарды бұрмалау деп қарайды.
Адамдардың құқықтары мен бостандықтары әр түрлі болады. Орындалу, іске асырылу ортасына қарай олар азаматтық (жеке, дербес), саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар мен бостандықтар болып бөлінеді.
Азаматтық құқықты сөз еткенде оны азаматтардың құқығымен араластырмаған жөн. Азаматтардың құқығына мемлекеттің қол астындағы азаматтардың барлық құқықтарының жиынтығы жатады. Азаматтық құқыққа табиғи, адамнан ажыратылмайтын, негізінен, негативтік құқыққа жататын адамдардың құқықтары кіреді. Оған өмір сүруге, еркіндікке, жеке адамның дербес құқылығы, ар-намысты және ізгілікті аты мен атағын, қадір-қасиетін сақтауға, айыпталушыны қорғауға бағытталған әділ, тәуелсіз және ашық сотқа жазылған хат және телефон арқылы сөйлескен сөздің құпиялылығына, бір жерден екінші жерге еркін барып келуіне, тұрақты қоныс таңдауына, оның ішінде қандай мемлекеттен болмасын біржолата кетуіне немесе келгін келгенде қайтып оралу бостандығы және т. б. құқыктар жатады.
Саяси құқықтар азаматтардың мемлекетті басқаруға және қоғам өміріне белсенді қатысуын белгілейді. Оған сайлауға және сайлануға құқықтық; одақтар мен ассоциацияларға, демонстрациялар мен шерулерге, жиналыстар мен жиындарға, митингілер мен пикеттерге еркіндік; ақпарат хабарлар құқы, сөз, пікір, оның ішінде баспасөз, радио, теледидар арқылы айтылатын сөз, дінге сену бостандығы және т. б. жатады. Әрине, бұдан ауызға келгенді айта беруге болады деген ұғым тумайды. Ең алдымен, конституциялық заңдылыкты, қоғамдық тәртіпті сақтау керек. Елдің прогресті дамуы, жалпыхалықтық гуманистік тұрғыдан әрекет жасау керек. Бірақ бұрынғы Кеңес Одағы кезінде адамдардың саяси құқықтары езіліп, жаншылды, еркін дамуына мүмкіншілік жасалмады. Коммунистік партия оған мүдделі болмады да. Себебі, адамдар өздерінің саяси құқықтарын білсе, оның өрістеуіне жағдай жасалса, бұрынғы Одақта орын алған көптеген жауыздыққа жол берілмеген болар еді.
Экономикалық құқыққа жеке адамның тұтыну заттарын, жеке меншігін, жұмыс күшін, іскерлігін, еркін пайдалана алуы жатады. Бұрынғы Одақ кезінде жеке меншікке тыйым салынып, оған капиталистік системаның, буржуазиялық жолмен баюдың, қанаудың белгісі деп қарап, дамуына жол берілмегені мәлім. Бұл адамдардың жұмысқа деген ынтасын, ықыласын түсірді, жауапсыздықты туғызды, материалдық байлық жетіспеді, ақыры, елді аздырып-тоздыруға әкеліп соқтырды.
Әрине, жеке меншікті қалай болса солай дамытып қоя беруге және болмайды. Демократиялық жолмен дамып келе жатқан елдерде жеке меншік мемлекеттің бақылауына алынады. Мысалы, Германия, Франция, Италия, Швеция және т. б. елдердің заңдарында жеке меншік жалпы қоғамның, халықтың мүддесіне сәйкес пайдалануы керектігі көрсетіле келіп, оны қаншалықты дамытуға болатындығы, яғни шегі белгіленеді. Бұдан жеке меншікті, жер жүзі мойындаған дара адамның жеке меншікке құқықтығын жоққа шығаруға мүлдем болмайды. Әсіресе, біз сияқты бұрынғы тоталитарлық жүйенің құрсауынан жаңа босаған шақта жеке меншікті, іскерлікті дамытудың маңызы өте зор.
Әлеуметтік құқық әрбір адамға лайықты өмір деңгейін және әлеуметтік қорғануды қамтамасыз етуді білдіреді. Мұнда пәтер-үйге, демалуға, денсаулықты қорғауға, қоршаған ортаның жайлы болуына, азаматтарды қартайғанда, сондай-ақ ауырып-сырқағанда және еңбек ету қабілетінен айрылған жағдайда материалдық жағынан қамтамасыз етілу құқықтары жатады. Ол мемлекеттің әрбір мұқтаж адамды күнелтуге керек қаржымен, адамшылық абыройын қорғауға тиіс, қарапайым қажеттілігін қанағаттандыратын әлеуметтік қамсыздандыру құқын анықтайды.
Мәдени құқық адамның рухани дамуын өрбітіп, өрістетуге бағытталады. Оған білім алуға, мәдени қазыналарды көруге рұқсат, өнер мен техникалық жасампаздыққа, қоғамнын мәдени өміріне еркін араласуға құқығы және т. б. жатады.
Адам құқығы мен бостандығының жүзеге асырылуын оның қоғам мен мемлекеттің алдындағы міндеттерінен ажыратып қарауға болмайды. Олар өзара тығыз байланысты. Бұл міндеттердің орындалуы жеке, қоғамдык және мемлекеттік мүдделерді қамтамасыз ету үшін қажет.
"Адам құқығының жалпыға бірдей Декларациясымен" салыстырғанда жеке адамның көпшілік мақұлдаған міндеттері жоқ. Дегенмен, қазіргі демократиялық мемлекеттердің конституцияларында, әдетте, мынадай міндеттер аталады: заңды бұзбау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандығын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу; полициялық ұйғарым, бұйрықтарға бағыну және орындау; әскерлік борышты өтеу; заң жүзінде белгіленген салықтар мен алымдарды төлеу; қоршаған ортаны, табиғатты, мәдени ескерткіштерді қорғау және т. т. Кейбір елдерде азаматтардың міндетті түрде сайлауға қатысуға тиістілігі көрсетіледі. Жапония, Италия және т. б. елдердің конституцияларында еңбек ету, Италияда балаларды тәрбиелеу, Жапония, Уругвайда өз денсаулығы жөнінде қам жеп уақытында тексеріліп, емделіп отыру керектігі енгізілген. Бірақ ол міндеттер орындалмаса, ол үшін әдетте адамдарды жауапкершілікке тартпайды.
1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша әркімнің өмір сүруге, өзінің жеке басының бостандығына, ар-ождан бостандығына құқығы бар. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Әркімнің жеке өміріне, өзінің жеке отбасының құпиясына қол сұғылмауына, абыройы мен ар-намысының қорғалуына құқығы бар. Сөзбен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бірлестіктердің қызметі заңмен реттеледі. Қазақстан мемлекеті адам құқығы мен бостандығын оның қай елдің азаматы екендігіне қарамастан мойындайды, кепілдік береді әрі қорғайды.
1993 жылғы егеменді Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясында негізгі міндеттерге республика азаматтары мемлекеттік нышандары - Елтаңбаны, Туды, Әнұранды құрметтеу, қастер тұту кіргізілген. Ондай бап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында да бар. Бұл ереже мемлекеттің абыройын, беделін нығайтуға, арттыруға бағытталған және біздің мемлекетіміздің белгілерін құрметтеу сезімін дамытуға әсер етеді, адамдарды ұлтжандылыққа баулиды.
Республикамыздың Негізгі Заңын сөз еткенде оған демократиялық елдерде көрсетілген құқықтар мен бостандықтардың кейбірі кірмей қалған ғой деген ой тууы мүмкін. Шынында, ол солай да. Бірақ бұл жерде еліміздің өтпелі кезеңде тұрғанын, демократиялық жолға жаңа қадам басқанымызды, көп кепілдікті беруге республикамыздың әлі материалдық жақтан, я басқа жақтан болсын, әлі шамасы келмейтінін естен шығармау керек. Келешекте олар да төлқұжатымызға кіретініне сенеміз.
Адам құқығының жүзеге асып, орындалуы бойынша қай елдің болмасын даму өрісін, адамгершілік, парасаттылығын байқауға болады. Ондай елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуы да жоғары болмақ. Ол елде кер тартпа, тоталитарлық тәртіпке де жол беріле қоймайды. Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғам мен мемлекет өмірінде біздің әрқайсымыздың құқығымыз бен бостандығымызды қорғау үшін, лайықты өмір сүру жолында елімізде жүргізіліп жатқан түбегейлі реформалардың табысты болуы үшін қажетті тәртіп орнатуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Ол - біздің республикамызда әр адам құрметке бөленеді деп болашаққа зор үмітпен қарауымыздың кепілі.
Адам құқығының іске асып, орындалуының өте зор маңызы бар. Ол бойынша қай елдің болмасын даму өрісін, адамгершілік, парасаттылығын байқауға болады. Ол арқылы адам ардақталып, асқақтатылады, мерей, мәртебесі көтеріледі. Ондай елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуы да жоғары болады. Ол елде кер-тартпа, тоталитарлық тәртіпке де жол беріле қоймайды.
Жалпы дүниежүзілік мөлшерде алсақ, адам құқын орындау халықтар арасында сенімді нығайтуға, адамгершілік қатынастарды дамытуға, бейбітшілікті сақтауға кепіл бола алады. Ол адамға өзінің жеке және қоғамдық өмірінің саналы жасаушысы, ішкі және сыртқы саясаттың толық субъектісі болуына, мемлекеттің бірқалыпты прогресті дамуына жағдай жасайды. Адам құқығының қамтамасыз етілу деңгейі қоғамның даму дәрежесі мен демократиялылығын көрсетеді.
Бақылауга және өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар.
1. "Саясаттың субъектісі", "саясаттың объектісі" деп нені айтады?
2. Тұлғаға кім жатады?
3. Тұлғаның қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуының маңызы неде?
4. Жеке адамның қандай негізгі құқықтары мен бостандықтарын білесіз?
5. Жеке адамның құқықтары қалай жіктеледі?
6. Қазіргі қоғам қалай жіктеледі, оның өлшемі қандай?
7. Қазақстан Республикасындағы ұлттық-мемлекеттік жағдайының ерекшеліктері қандай?
8. Қазақстандағы ұлттық саясаттың негізгі бағыттарына не жатады?
10 - т а р а у. ӘЛЕУМЕТТІК ТОПТАР МЕН ЭТНИКАЛЫҚ БІРЛЕСТІКТЕР

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   59




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет