«ҚОЗЫ КӨРПЕШ-БАЯН СҰЛУ» ЖЫРЫ
Кім тұрар дүниеде тақтан аумай,
Неше хан өтіп кеткен Алатаудай.
Дүниеде неше түрлі ғашық өткен,
Сырты бүтін, іші түтін лаулай алмай.
Ал, Дәуіт, қалам ұста ұшын тежеп,
Көңілге бір фазылды қойма кезеп.
Бұрынғы ноғайлының заманында,
Сөйлейтін бір қиссадан келді кезек.
Он екі ру өзбек деген ел бар екен,
Дейтұғын Алтай, Қаңғай жер бар екен.
Қаңғайды сансыз моңғол мекен еткен,
Атақты Моңғол, Шіңгіл бел бар екен.
Шіңгілге мұсылмандар барады екен,
Әр жерден мал қаптатып салады екен.
Моңғолдың хандарына тарту берсе,
Тиісті сар шөп майын1 алады екен.
Қалмақпен жері шендес жүрген жуық,
Хауариж мұсылманнан көңілі суық.
Ел екен Естек деген ел шетінде,
Жүретін кейде тату, кейде қуып.
Алтайдың бауырында Сарыөзен,
Сары Ертіс, Қара Ертіс бар айыр кезең.
Бала Ертіс және ағып қосылады,
Үстінен Зайсан көлдің кетер төмен.
Сондай жақсы жерлерді мекен еткен,
Талай ер бұл фәниге келіп кеткен.
Қарабай, Сарыбайдың хикаясынан,
Сөйлейін білгенімді енді шеттен.
Қарабай Қалтай деген елден екен,
Қаракөк жеті атасы кеңнен екен.
Сарыбай бағыс деген рудан боп,
Екеуі де дәулетті көрген екен.
Екеуі екі таптан хабарласып,
Далада бірін-бірі көрген екен.
Далада қонды бірге жолдас болып,
Түспейтін атқан оғы мерген екен.
Таңертең саятына қарап тұрса,
Қолтыққа2 буаз марал кірген екен.
Маралды екеуінің де көзі көрді,
Ырымдап әрбір түрлі ой жіберді.
– Атуға сескенемін, батыреке,
Қарабай, сен атсаңшы мұны, – деді.
Қарабай жауап берді Сарыбайға:
– Атпасақ бәрекелді болар пайда.
Әйелім менің үйде жүкті еді,
Ырымдап тұрып едім осы жай
Екеуі сол маралға кеңлік берген,
Есіркеп залал қылмай қоя берген.
Әйелінің жүктілік себебінен,
Маралды әдейі атпай көңіл бөлген.
Екі бай ат үстінде құрды кеңес,
Тұрмаған айтқан сөзде адам емес.
“Құда болсақ жарасар даңқымызға,
Бай едік табымызда құлақ теңдес3.
Екеуі де егерде ұл боп туса,
Дос болсын қияметтік хақын жемес.
Біреуі ұл, біреуі қыз болса егер,
Құда болсақ лайықсыз ешкім демес.
Құдалық ниетімізге жетерміз”, – деп,
Бір Құдай, Пайғамбарды қылады елес.
Екі бай осы сөзбен тарқап кетті,
Олжасыз тарқамайды құрған кепті.
Қызылдай құда болып жүргенінде,
Арада бір, екі, үш ай өтіп кетті.
Қатыны Сарыбайдың тауыпты қыз,
Әңгіме, құлақ салып тыңдасаңыз.
Кеңесіп Баян қойды қыздың атын,
Халықтан артық көріп оның затын.
Үлкен қатын бәйбішеден екі ұлы бар,
Баянды тапқан екен тоқал қатын.
Қарабай бір күндерде аң қуыпты,
Сейілмен жүрген жерін шаң қылыпты.
Қатыны өзі жоқта ұл туыпты,
Сүйінші сұрағандар даң қылыпты.
Келеді біреу шапан, біреу атқа,
Бере берсе кім келмес ондай затқа.
Қарекең мойны үзіліп өлген екен,
Қуанып ауылына шапқан шақта.
Жасады шілдехана ел өзінен,
Көрмеген әке өлімін себебінен.
Ел дулап, етке тойып кетіп жатты,
Қозыдай тілек тілеп көк өрімнен.
Қайғырды ел Қарекеңе, жасымады,
Медеу қып жас Көрпешін асырады.
«Басынып елі-жұртым кетпесін», – деп,
Қайғысын дұшпан көрсе жасырады.
Бәйбіше ие болды қалған малға,
Сүйекке жесірмін деп салмай таңба.
Бермесе қолыменен жұртқа қайыр,
Зорлыққа тиын бермес ешбір жанға...
Жырдың толық нұсқасы төмендегі сілтемеде:
https://kitap.kz/book/qozy-korpesh-bayan-sulu
Достарыңызбен бөлісу: |