Шоң Би Едігеұлы (1764-1836)- Орта жүздің атақты биі. Қазақ даласында хандық билікті жою мақсатында 1816 ж. "Төрт ұлы" (Төртуыл) одағын жаңғыртады. Одаққа кірген рулардың билері Ш. б-ді бір ауыздан "Төбе би" деп таниды. 1833 - 1836 жылдары Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған. А.Янушкевич өзінің 1946 ж. Парижде шығарған "Дневники и письма" деген еңбегінде : "Шоң би - үлкен адам болған. Ол халықты ақылмен, әділдікпен басқара білген", - деп жазған. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесінде жерленген. [1] Арғын тайпасының Айдабол руынан шыққан, Абылай хан ордасындағы билер кеңесінің беделді мүшесі Едіге бидің ұлы. Әкесі қайтыс болғаннан кейін билікке келіп, қол астындағы халықты төрелердің билігіне қарсы ұйымдастырды. 18 ғасырдың 2-жартысында құба қалмақтардың беті қайтқаннан кейін Шоң би одан жүз жылдай бұрын өз ата-мекендерінен Орта Азияға қоныс аударуға мәжбүр болған Сүйіндіктен тарайтын Қаржас, Жанболды, Құлболды, Жолболды (Орманшы) ұрпақтарын “Төртуыл” одағына біріктіріп, Баянауыл өңіріне көшіріп әкелді. Бұл істі жүзеге асыруға оған Сәти би, Айдабол руының батыры Олжабай жәрдемдесті. Шоң би “Төртуылға” төбе би болып сайланған соң, төрелерді елден шындап ысырып шығару ісін қолға алды. Хан иемденген жайлауды тартып алу мақсатында бүкіл елін Нұра өзеннің бойына қоныстандырды. Бөкей төре Шоң би жасағына қарсы қол аттандырды. 1817 ж. маусым айында болған бұл шайқаста Шоң би жеңіп шығып, оның халық арасындағы беделі өсе түсті. 1822 ж. патша өкіметі бекіткен ереже бойынша Орта жүзде хандық жойылды. Оның орнына дуандар (округ) құрылып, оны төреден шыққан аға сұлтандар басқарды. Шоң би қарапайым халықтың да ел басқара алатынын дәлелдеп, патша бекіткен жарғыны бұздырып, аға сұлтан атанған тұңғыш би. Шоң би шәкірттерінің ішіндегі ең белгілісі – Шорман Күшікұлы болды. Шоң би жөніндегі жазба деректер Ресей архивтерінде көп кездеседі. Ол жөніндегі халық арасына тараған аңыз-әңгімелер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шежіресінде жан-жақты айтылады. Жазушы І.Исабай осы тақырыпта зерттеулер жүргізіп “Шоң би”, “Серт” атты кітаптар жазды. Павлодар қаласындағы көшелердің біріне Шоң би есімі берілген. Шоңның мәйіті Түркістан қаласына апарып жерленген. Шоң бидің ататегі қазақ шежіресінде былай таратылады. Арғын, оның ішінде Мейрамсопыдан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа, Шұбыртпалы, Қамбар). Сүйіндіктен Қаржас, Жанболды, Қүлболды, Жолболды (Орманшы) (бұл төрт ауыл аталарын ел "Төртұлы" (Төртуыл) деп атаған екен). Құлболдыдан Айдабол би, одан Жанқозы, одан Төлебай, одан Едіге би. Едіге биден ағайынды Шоң, Торайғыр билер туған.Айдаболдан Жанқозы, Малқозы,Кенжеқозы, Аққозы, Қарақозы, Бозқозы, Тайкелтір, Қосжетер (Қошетер), Қожагелді аталарын таратады.