84
|
Кесенеде жерленген Керей Бәйімбет батыр Төбетұлы туралы айтыңыз
|
Бәйімбет батыр Орта Жүздің Күрсары Керей руынан тараған. Бәйімбет батырдың әкесі Төбет бай Көкшетау өңірінде (Кіші Қарой, Үлкен Қарой) өмір сүріпті. Малының көптігі сонша, малшы-жалшыларының өздері ауыл-ауыл болып, қиыр-қиырда көшіп-қонып жүреді екен. Олардың бәрінің басын қосып, былайғы ел, тіпті өздері де «Орда» деп атайды екен. Осыншама байлықты қорғау үшін де қаншама сенімді атарман-шабарман керек қой. Сондықтан Төбеттің төрт ұлы да батыр болған: Өтебай, Бәйімбет, Асан, Үсен. Ал әкесі Төбет балаларының ішіндегі Бәйімбетті жастайынан ауыл-аймағына cөзі өткен ақылгөй, алысса білегін батыра білген балуан, сөзге салса шалдырмаған сегіз қырлы, бip сырлы осы орданың басшысы ретінде тәрбиелеген. Бәйімбет атамыз ерекше батырлығымен ел көзіне түскен, Абылай ханның қолбасшыларының бірі болған екен. Бәйімбет батырдың даңқты есімі кешелі-бүгінгі Ресейдің Омбы, Солтүстік Қазақстан облыстарында қалың қазақ даласын аралап, батырлық пен ерліктің рәмізіндей ел аузында сақталып қалған.
Бәйімбет батыр 16-18 жасында атқа қонып, ағасы Өтебаймен және серіктерімен ел еркіндігі жолында Абылай ханның орда сарбаздарының қатарына қосылады. Бәйімбет батыр да, ағасы Өтебай, інілері Асан, Үсен батырлар да 1732 жылы тамыз айындағы, 1741 жылы ақпан айындағы, 1752 жылы қыркүйек айындағы қалмақ әскерлерімен Орта жүз жеріндегі соғысы, 1751-1775 жылдары Абылай ханның бірнеше шешуші шайқастарына қатысып, сенімді серіктерінің біріне айналады.
Омбы архивінен табылған деректер мен құжаттардан Бәйімбетті батыр ғана емес, Керей-Атығай елін басқарып, жүгін арқалай білген «Бәйімбет бек» аталған және патша ағзамның сарайына «елші» барған.
Бәйімбет батыр өлгенде өсиеті бойынша қасиетті Түркістан қаласына апарылып жерленіпті. Қыстың қырау кезінде қайтыс болған бабамызды жаңа сойылған жылқының терісіне орап, ауа кірмейтіндей етіп таспамен бітеу тігіп, сыртын қара маймен майлап сақтаған екен. Күн жылынғасын мәйітті қасиетті орнына жеткізіп жерлеген екен. Бар қазақтың баласы Түркістанды киелі санап, тәу етіп, қастерлеп, қадір тұтады, бұл жерде хандар, сұлтандар, атағы шыққан билер, батырлар ғана жерленген.
|