Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
Филология факультеті
Қазақ филологиясы кафедрасы
“Қазақ әдеби тілінің тарихы ” пәні бойынша
ОСӨЖ
10- апта
Тақырыбы: «Тіл, мәдениет, тарих» триада (үштаған) концептілерін жалпы филологиялық аспектіде қарастыру. Қазіргі таным мен сабақтастық
Орындаған: Жанайдарова Нұршат. Қазақ тілі мен әдебиеті, 301-топ
Ақтөбе
2021 жыл
Тіл – қоғамдық құбылыс. Қоғамның өзгеруімен бірге адамдар танымына да өзгерістер кіреді. Тіл мәдениеті ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, қоғаммен бірге тілдің, сол тілді тұтынушылардың қарым-қатынас мәдениетін реттейді. Тіл мәдениеті тіл заңдылықтарын сақтау, ұстарту міндетін жүзеге асырудың амалтәсілдерін көрсетеді. Тіл мәдениетіне тән нормалар таза, әдеби тілмен сөйлеуге дағдылану, тілдік қарым-қатынастағы әдеп пен нақтылықты, әсерлілікті, түсініктілікті талап етеді. Тіл мәдениеті нысанына мәтінді мәнерлеп оқу, өз ойын қисындылықпен байланыстыра алу, жазуда орфографиялық норма дағдыларын қалыптастыру талаптарын игерумен де анықталады.
Тіл мәдениеті зерттеу нысаны ретінде ғалымдар Р. Сыздық, Т. Қордабаев М. Балақаев, Н. Уәли еңбектерінде кеңінен зерттелді. Бұның бастауында қазақ халқының сөз өнеріне өзгеше жауапкерлікпен қарайтын талабы да бар. Абайдың «Өлең – сөздің патшасы» өлеңіндегі «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» немесе: «Іші – алтын, сырты күміс сөз жақсысын, Қазақтың келістірер қай баласы?» – дейтін жолдарынан бастап кейінгі сөз зергерлерінің тілді өнер ретінде сақтаудың басты шарты оның алғашқы ұлттық қалпын сақтау, халықтық өзегін үзбеу тілі білімі мен әдебиеттегі негізгі ұстанымдары екені белгілі. Тілдік қарым-қатынастағы ізеттілік, сауаттылық, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік заңдылықтарды дұрыс қолдану – тілдің мәдениетін сақтау ғана емес, ұлттық танымды қадірлеу. Осы тұрғыда ғалым Н.Уәли өзінің «Сөз мәдениеті» атты еңбегінде: «сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», – деген пікір білдіреді. Ғалым Р. Сыздық сөздің лексикалық, синтаксистік, морфологиялық, орфоэпиялық, орфографиялық заңдылықтарын сақтаумен бірге лингвостилистикалық нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру қажеттігін айтады. [1.6-б]
Сөз қолдану мәдениетіндегі қалыптасқан терминдердің бірі – тіл тазалығы. Тіл үнемі даму үстіндегі үрдіс. Сондықтан да сыртқы бөтен тілден сөз алмай, таза бір тілдің негізінде ғана өмір сүретін әдеби тіл болмайды. Тіл ұлттың жаны дегенді еске алсақ, жұртты құрметтеу – оның тіліне қояр талаптарды орындау. Жаһандық үрдістер қазақ тіліне деген өзгеше көзқарастарды қажет етеді. Себебі әлемдегі кең таралған ағылшын, қытай, араб, француз, испан, орыс тілдерімен қатар тұрып, дүние-ғаламның бар сырын бір тілде – өз тілінде жеткізу міндеті – кез келген тіл үшін де бүгінгі ғаламдасу әкеліп отырған күрделі сындардың бірі. Оймен біріккен сөз ғана қоғамда ұтымды қолданыс ретінде сақталады. Биік елдік мұрат, терең білім, ой мен сөз бірлігі – тілді сақтайтын басты белгілердің бірі болып қала береді. Ұлтты сақтап, жұрттық тілекті егемендікке жеткізген тілдегі мәдениеттілік болатын. Ой мен сөз бірлігі. Мағына мен құрылым тұтастығы. Мәдениеттілік басы да осы – сабақтастықта, бірлікте, жарасымдылығында. Бұның дәлелі – қазақтың көркем әдебиеті, ой мен суреті қиюласқан шешендік сөздері. Шешендік сөздер – ой мен көркемдігі жарасқан, құрылымы ақылға қонымды, уақыт өткен сайын тереңдігі ашыла беретін асыл қазына. Шешендік сөздер – ұлт тілі мәдениетінің бар шарттарын орындауымен де елге жақын, заман өткен сайын қажет бола берер сөздер. [1.7-8 б]
Қазақ тілі түркі тілінің қыпшақ-ноғай (Н. А. Баскаковтың топтастыруы бойынша) тобынан тарайды. Түркі тілдеріне қырғыз, қарақалпақ, өзбек, ұйғыр, татар, құмық, башқұрт, т.б. тілдері жатады. Түркі тілдерінде ортақ әдеби, мәдени, мұра – қазіргі қазақ халқының да рухани құндылықтары. Қазіргі қазақ тіліне негіз болған түркілік жазба ескерткіштері аз емес. Түркі жазу нұсқаларын көне, орта және араб жазуымен жазылған ескерткіштер деп бөлінеді. Орхон-Енисей, Ж. Баласағұн «Құтты білік», «Кодекс куманикус», М. Қашқари «Түркі сөздерінің жинағы» – түркі мәдениетінің ескерткіштері.
Түркі тілдері жалғамалы тілдер қатарына жатады. Түркі тілдерінің түп-тамырының бір арнаға тоғысатындығы сөздердің мағынасынан, дыбыстық жүйесінен, морфологиялық құрылымынан, синтаксистік құрылысынан да көрінеді. Тілдік ұқсастықтармен бірге қазақ тілінің, сондай-ақ басқа да түркі тілдерінің әрбірінің өздеріне ғана тән ерекшеліктері де бар. Төмендегі кестеге қарап, қазақ тілінің басқа түркі тілдерімен ұқсастығын және олардан айырмашылығын анықтауға болады.
Тарихты білу, оның бастау алар кезеңдеріне үңілу, бүгінгі күнге қажетін табуға ұмтылу – барлық халықтарға тән дәстүр. Әрі халықтың бақ-беделін, абыройын көтерумен бірге, мысалы, жоғарыдағы кестеге қарап қазіргі қазақ тіліндегі «ас», «сөз» сияқты сөздердің фонетикалық, лексикалық өзгеріс қалпын да тануымызға мүмкіндік туады. [1.13-14 б]
Қазақ тіліндегі ұлттық дәстүр, тағылым, таным сипатындағы сөздер қоғамның түрлі сатысында алуан жағдай, жайға қарай үлкен қызметтер атқарған. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген халық қағазға түспесе де, хатқа жазылып басылмаса да, кесімді уәжді, қорытылған тұжырымды заң деп қабылдаған. Тілдегі сөздің осындай ерекшеліктерін ескеріп, қоғамдық қызметін шартты түрде төмендегідей негізгі топтарға бөлуге болады.
Дау-дамай, ұрыс, қақтығысты шешетін сөздер (шешендік сөздер, билер дауы)
Сенім, күш, айбын болатын сөздер (сыйыну, табыну сөздері)
Ем, дауа, тән жарасын жазар сөздер (аластау, бәдік, түрлі ауруларды емдеу кезінде айтылатын сөздер)
Өткенді екшеп, болашақты болжар сөздер (бал ашу, құмалақ салу, қобыз ойнау, т.б.)
Тілек, жақсылыққа арналған сөздер (бата, тілек, алғыс)
Тыйым сөздер, қарғыс сөздер
Жан жадыратып, көңіл қуаныш өсірер; қуаныш әкелер сөздер (қошемет, қоштау)
Есе қайырып, кек қуып, намыс оятар сөздер (аруақ шақыру, ата-баба аруағына сыйыну)
Қуаныш, қайғыға ортақтасар сөздер (құттықтау, көңіл айту)
Қызметтеріне қарай түрлі орындарда қолданылатын сөздер, көркемдік бояуымен, нақты, белгілі ортада қолдану өрісі, айтылу саз, әуенінің бөлектігімен айшықталады. Қазақ халқы осы арқылы сөздің қоғамдық-әлеуметтік орнын белгілеп қана қоймай, психологиялық, философиялық, танымдық мәнін де ашқан. [1.20-21 б]
Түркітанушы ғалымдардың көзқарастары бойынша XI ғасырда Қашғар ғалымы Махмуд Қашғари құрастырған «Собрание тюркских наречий» (Kitâbü divân-i lûgat it-Türk – Түрлі түркі тілдері бойынша сөздік-анықтамалық) атты еңбек қолданбалы бағытта жазылған түркі тілдеріне қатысты алғашқы маңызды ғылыми еңбектердің бірі болып табылады. Жалпы түркітану мәселелері Болгарияда (Г.Гылыбов, Н.Тодоров, Б.Недков, Б.Цветкова, В.Мутафчиева, Боян Тотев), Венгрияда (Л.Фекете, Д.Немет, Г.Хазаи, Ж.Какук, Мандоки Конгур Иштван, Д.Кальди-Надь, Д.Хазам, А. Рона-Таш, М.Иванич және т.б.), Польшада (А. Зайончковский, Э. Трыярский), Румынияда (М. Губоглу, Вл. Дримба) қарастырылады. Германияның белгілі түркітанушылары қатарына В.Банг, А. фон Габен, Г.Дёрфер, П.Циме, З.Клейнмихель, Бест Карл-Хайнz (Best,Karl-Heinz) жатқызамыз. Гиссен қаласындағы Түркітану институтын түрлі уақыттарда Марк Кирхнер, Клаус Шонинг, Ингерборг Балдауф; Швецияда Г.Ярринг, Л.Юхансон. Э.Чато, Францияда Ж.Дени, Л.Базен, Р.Мантран, К.Каэн, Дж.Гамильтон, И. Меликова; АҚШ-та К.Г. Менгес, Д.Синор, О.Прицак, П.Б. Голден, Р.X. Дэвисон, Р.Деверэ, Р.Данков басқарды. Черногория, Сербия, Хорватиядағы түркітану ғылымы Г.Елезович, Х.Хаджибегич, Х.Шабанович, Б. Джурджева, Н. Филипович және т.б. есімдермен байланысты. Чехия мен Словакиядағы түркітану мәселелерімен Я.Рипка, И.Блашкович, И.Кабра, З.Веаела, В.Копчан айналысқан.
Алғашқы болып голландец Николас Витсен (1641-1717) өзінің «Солтүстік және Шығыс Тартария» еңбегінде якут, татар, эвен, эвенкий, бурят, қалмық, сонымен қатар кейбір фин-угор және Ресейдегі палеоазиат тілдері туралы мәліметтерді жарыққа шығарды. Василий Васильевич (Фридрих Вильгельм) Радлов (1837–1918) – түркітанушы-ғалым және шығыстанушы, лингвист, этнограф, Петербург ҒА академигі (1884), құпия кеңесші, неміс тегінен және неміс шығыстану мектебінің тәрбиеленушісі бола жүріп, ресей түркітануының негізін қалаушысы болды. Түркі тілдерін зерттеген ғалым артына құнды ғылыми еңбектер қалдырған. Осы бағытта Вильгельм Томсен (1842-1927) жайлы айтатын болсақ, ол – Копенгаген университетінің профессоры салыстырмалы лингвистиканы зерттеген, 1893 жылы алғаш рет көне түркі рун ескерткіштер тілін зерттеп, 1895 жылы рун мәтіндерін аударған. Вильгельм Томсен мен В.В.Радловтың әлемдік түркітануға қосқан үлестері өте зор. Сондай-ақ Марк Кирхнер де түркі тілдерінің фонетикасы мен фонологиясын зерттеген. Ол қазіргі түркі тілдерінің шығу тегі мәселелерін, олардың даму тарихы мен басқа тілдер және мәдениеттермен өзара байланысын, шор тілін зерделеген. Оның «Turkic languages» 1 атты жаңа энциклопедиялық басылымын әзірлеуге қатысқан. [2.5-6 б]
Әр халықтың танымдық ерекшелігі оның тілінде көрініс табады. Сонымен қатар, әрбір ұлттың мінез-құлқы ғасырлар бойы өзінің өмір сүру салтына, географиялық ортасына, әлеуметтік-саяси жағдайына байланысты болып келгендіктен сол ұлттың тілінде, сөздік қорында оның мәдениетіне тән ерекшеліктер сақталаған. Тілдің белгілі бір уақыт пен кеңістік аясында үнемі жаңарып, толығып отыруына байланысты тіл иесінің де рухани дүниесін танытып, оның мәдениетінен де көрініс береді. «Тіл – сана-сезімнің, ойдың тәжірибеде көрінетін заттық сәулесі» болып табылатындықтан адам баласының ғасырлар бойғы жинақтаған білімі мен тәжірибесі, таным-түсінігі оның тілінен көрініс табады. Әсіресе, тұрақты сөз тіркестерінде, мақал-мәтелдерінде, ауыз әдебиет үлгілерінде, қанатты сөздерде. Қазақ халқының ғасырлар бойы санасында қорытылып, шыңдалған, елегінен өтіп сұрыпталған асыл ұғымдар мен образдар, қазақтың шаруашылық тұрмысына байланысты болып келеді. Мәселен, малмен байланысты ұғымдарға сай алынған төмендегі: «Аспанның төсін арда еміп», «Жынды толқын сүзісті», «Қозыдай қауын қарбыз көгендегі», «Айырплан аспанда бұлт қайырып құрайлап», «Түйелердей тіркелер», «Үйірін көрген күш-қара ақырар да кіснер», «Жорға еді маймаңдаған бақайшағы», – деген ақын І.Жансүгіровтың өлең жолдары осыны дәлелдейді. [3.1] Әрбір тіл иесінің өзіндік парасат-пайымын, таным-түсінігін, сана-сезімін, жалпы айтқанда, бүкіл мәдени болмыс-бітімін оның туындысының тілі танытады. Белгілі бір суреткер тілі оның өмірлік тәжірибесі мен дүниетанымының, яғни «тіл – дүние – мәдениет» үштігінің негізінде қаланады, солардың барлығы тілдік бірліктер арқылы көрініс табады. Сондай-ақ, қазақ ұлты үшін ең асыл қасиет – туған жерге деген құрмет, ұлтарақтай жер үшін жанын беру: туған жердің торғайы да сүйкімді. Отанын сүйген отқа түспейді. Үлкенді сыйлау, құрметтеу. Ана алдында – құрмет, ата алдында – қызмет. Ағадан – ақыл, ініден – ізет. Демек, тіл мен мәдениет арасындағы байланыстылық, сабақтастық тұтас бір жүйе түрінде қалыптасқан. Қазіргі таңда бұл байланыс тіл білімінің саласы – лингвомәдениеттің зерттеу нысанасына айналды. Тіл білімінің бұл саласы тілдің философиясын лингвистикамен байланысты қарастырады. Лигвомәдениеттің мазмұны ұлттық болмысты, қоғамдық өзгерістерді қабылдауы, түсінігі тілдік қатысымда көрініс табуы болып саналады. Ұлттық тіл – әр халықтың өзіндік ерекшеліктерін танытатын, болмыс тіршілігін, өмір сүру салтын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін құрал. Мысалы, «көш» сөзінің мағынасында бірнеше ұғым жатқанын байқауға болады:
1. Бір жерден екінші жерге ауысу, қоныс аудару. Кедей болсаң көшіп көр.
2. Қоныс аударушыларға амандық тілеу: Көш аман болсын!; Көш көлікті болсын!
3. Фразеологиялық байлаулы мағынада: Көш ілгері болу; Көштен қалу.
Сонымен, нақты мәдени сананың мән-мағынасы, ұлттың болмысты қабылдауы тұтас түсінігі тілдік жүйеде, құрылымдарда қалыптасып, ұлттың тілдік сұлбасын құрайды. Бұл әрбір ұлттың қоғамдық-тарихи тәжибесінің нәтижесінде заттарға, құбылыстарға, әрекеттерге өзіндік қарым-қатынасын танытатын ғажайып тілдегі өзіндік ерекшеліктері болып саналады.
Қорыта айтқанда, тіл – ұлт өкілдері арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асыратын, ойды құрастырушы құрал болумен бірге мәдениет көрсеткіші. Өйткені, ұлттың тіл жүйесінде этностың өзіндік мәдени әлемі – ғаламның тілдік бейнесі қалыптасқан.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Қапасова Б. Қ. Тіл мәдениеті: Оқулық. – Алматы, 2014. – 224 бет
К.М.Абишева, С.К. Омарова Тіл ғылымының зерттелу тарихы: монография. – Астана: «TAU» university, 2019. – 145б.
https://www.mtdi.kz/tilekter/til_sayasaty/id/18
Достарыңызбен бөлісу: |