10-дәріс Тақырыбы: Фразеология.
Мақсаты: Қазіргі қазақ тілі лексикасындағы тұрақты тіркестердің басты сипаттарын анықтау, семантикалық жіктелуін түсіндіру.
Дәріс жоспары: Фразеология-лексикология саласы.
Тұрақты тіркестердің басты белгілері.
Еркін және тұрақты сөз тіркестері.
1.Фразеологизм дегеніміз формасы жағынан синтаксистік құрылымдармен ұқсас, бірақ олардай жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталап қолданылатын, семантикалық және лексика-грамматикалық құрамы тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер. Фразеологизмдер тар және кең мағынада қарастырылады. Бұлайша бөліп қарастырудың мәні фразеологизмнің лексикалық бірлік ретінде танылатын атауыштық сөзбен мағыналық байланысына, сол арқылы лексикологиямен жақындасатынына негізделген. Тар мағынадағы фразеологизмдерге құрамы тұрақты, мағынасы біртұтас, даяр қалпында қолданылатын, лексикалық бірліктермен мағыналас, сырттай жай (еркін) сөздерәне ұқсас тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер жатады. Кең мағынадағы фразеологизмдерге жататын мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің, жаңылтпаштар мен жұмбақтардың, номинативтік бірліктердің өздеріне тән лексика-грамматикалық, стильдік ерекшеліктері бар.
2. Фразеологизмдер басқа тіл бірліктерінен төрт түрлі белгісімен ерекшеленеді: а) құрылым тұрақтылығы; ә) мағына тұтастығы; б) даяр қалпында қолданылу тиянақтылығы; в) бейнелілігі, мәнерлілігі.
Фразеологизмдер кем дегенде екі сөздің тіркесуінен жасалады, олардың құрамы тұрақты.
Фразеологизмдер мағына тұтастығын сақтайды, фразеологизмдердің мағыналық тұтастығы құрамындағы сөздердің жеке мағыналарына тәуелсіз. Фразеологизмдік мағына дегеніміз құрамындағы сөздердің не жеке бір сыңарының лексикалық мағыналарының қайта жаңғыртылған жинақты мағынасы. Сол себепті фразеологизмдер семантикалық жағынан біртұтас тіл бірлігі ретінде қолданылады. Фразеология деген термин екі түрлі мағынада қолданылады. Бірінші мағынасы тілдегі тұрақты тіркестерді зерттейтін тіл білімінің саласы деген ұғымда қолданылады. Екіншісі – бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы дегенді білдіреді. Фразеологизмдердің өз алдына дербес лингвистика саласы екендігін танытатын негізінен үш түрлі басты белгісі бар. Олар: 1) даяр қалпында жұмсалу белгісі, 2) мағына тұтастығы, 3) тіркес тиянақтылығы. 3. Қазақ тіліндегі фразеологизмдер фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірлік, фразеологиялық тізбек болып үш топқа жіктеледі.
Фразеологиялық тұтастық. Бұл топқа фразеологизмнің құрамындағы сөздер бір-бірімен тұтасып, әбден жымдасып кеткен, олардың мағыналық жігін ешқандай ажыратуға болмайтын тұрақты тіркестер жатады. Мәселен, мұрнынан шаншылып жүр, мұрнына су жетпеді дегеннен қолы тимеді, бұрылуға мұршасы болмады дегенді түсінеміз. Бұл мағына осындағы үш сөздің тұтас жиынтығынан келіп шығады. Түйдек ішіндегі жекелеген сөздерге талдау жасап, бірін екіншісінен бөліп алуға көнбейді. Фразеологиялық тұтастық жеке сөздердің тұтас жиынтығынан пайда болғанымен, олар іштей түрлі бөлшектерге бөлінбей, іс-әрекетті, сапа мен белгіні, зат пен құбылысты бір бүтін атау ретінде көрсетіп бере алады.
Фразеологиялық бірлік. Бұлар да фразеологиялық тұтастық тәрізді орын тәртібі жағынан өте тиянақты болып келеді. Алайда, құрамындағы сөздердің мағынасының қаншалықты тасалануы я болмаса, тасаланбауы жағынан елеулі өзгешеліктері болады. Бұлар ең алғашқы еркін тіркесті ауыс мағынада қолданудан келіп шығады. Мәселен, ескі жараның аузын ашты дегеннен өткенді қайта қозғады, ұмытып кеткенді еске салды дегенді түсінеміз. Бұл фразеологиялық мағынаның жасалуына, сөз жоқ, ең алғашқы еркін тіркестегі тура мағынасы негіз болған. Сол мағынаға басқадай мән беріп, ауыстырып қолдану арқылы жасалғандығы бірден көзге шалынады. Жатқан жыланның құйрығын басты деген фраза біреудің қытығына тиіп, жоқ жерде бір пәлеге тап болды дегенді білдіреді. Бір қимыл-әрекетті басқа әрекетпен салыстырып қолдану арқылы фразеологизмдерге айналып кеткен.
Фразеологиялық тізбек. Бұл да фразеологиялық бірлік сияқты еркін тіркесті ауыспалы мағынада қолданудан келіп шығады. Яғни тұрақты тіркес сыңарларының бастапқы лексикалық мағынасы бүтіндей жойылмағанымен, жойылуға жақындап, күңгірт тарта бастаған. Мұнда ерікті мағынасындағы сөз бен фразеологиялық қалпындағы сөздің тіркесуінен жасалып, сол тізбек күйінде қолданылады. Мысалы, бота көз, қоян жүрек, асқар бел, тоң мойын, қауға бас, оймақ ауыз. Фразеологиялық тізбектің құрамындағы ерікті (тура) мағынадағы сөз сан алуан сөздермен тіркесіп жұмсалу қабілеті болса, фразеологиялық туынды мағынадағы сөз бірді-екілі сөзбен ғана шектеліп қолданады. Мәселен, көк бет, қысыр сөз, қасқа жол деген фразеологиялық тізбектердің құрамындағы бет (жалпақ бет, дөңгелек бет, сопақ бет), сөз (аз сөз, көп сөз, дұрыс сөз, бұрыс сөз), жол (үлкен жол, қара жол, соқпақ жол) деген қыруар сөздермен тіркесіп қолданыла берсе, фразеологиялық мағынадағы көк сөзі бет сөзімен, сөз – қысыр сөзімен, жол – қасқа сөзімен ғана тіркеседі. Фразеологиялық тізбектің сыңарларының бастапқы мағынасы онша ашық та айқын болмағанымен, солғын тартып сезіліп тұрады. Мысалы: көз ұшында, көз жеткісіз, көзін тырнап ашқалы, көзі тірісінде, көз шалым жер, көз барда, көзімдей көр, көзі жоғалды, көзі ілінді, көзі жетті. Фразеологиялық байлаулы мағынадағы сөздің қолдану шеңбері шектеулі болады.
Фразеологизмдер құрылым-құрылысы жағынан екі топқа бөлінеді: 1) Құрылым-құрылысы сөздердің белгілі бір тіркесі болып келетін фразеологизмдер. Мысалы: шақша бас, қарақат көз, ашық ауыз, бүйрек бет, қамыт аяқ, саусақпен санарлықтай, кең иықты, ат жақты, езуі жиылмады, тұмсығы батпады, еңбегі қатпаған, арқасы бар. 2) Құрылым-құрылысы жағынан сөйлемге тән фразеологизмдер. Мысалы: бір қолын екі ете алмады, екі иығынан дем алды, үш ұйықтаса, ойда жоқ, ел бетін көрместей болды, табанын жерге тигізбеді, көңілі су сепкендей басылды. 3. Еркін сөз тіркестері сөйлеу кезінде сөздердің мағынасы жағынан өзара үйлесе отырып, кем дегенде екі сөздің грамматикалық жолмен еркін тіркесуінен жасалады, олардың құрамы тұрақты болмайды. Фразеологизмдерді стильаралық, ауызекі-тұрмыстық, кітаби деп қолданылатын ортасына және экспрессивтік сипатына қарай үш салаға топтастыруға болады. Стильаралық фразеологизмге кең тараған, тілдің барлық стильдерінде жалпылама қолданылатын тұрақты сөз тіркестері жатады. Ауызекі-тұрмыстық фразеологизмге ауызекі сөйлеу тілінде қолданылатын экспрессивті-стилистикалық бояуы бар фразеологизмдер жатады. Кітаби фразеологизмге жазба тіл, оған экспрессивті-стилистикалық бояуы бар поэтикалық, кітабилық, салтанаттылық сипатындағы фразеологизмдер жатады.
Қазақ тіл білімінде фразеологизмдердің арнайы зерттелуі 20- ғасырдың 40-жылдарныда І.Кеңесбаев еңбектерінен басталады. 1988 ж. Х.Қожахметова, Р.Е.Жайсақова, Ш.О.Қожахметова 2300-ден артық фразеологизмдерді қамтитын орысша-қазақша сөздік шығарды