10-дәріс тақырыбы: Жерлес жазушылар Қалмұхан Исабаев, Ахат Жақсыбаев және Рамазан Тоқтаров творчествосы турасында


- дәріс тақырыбы: Ғалым қайраткерлер: Ермұхан Бекмаханов пен Жұмат Шанин



бет3/15
Дата05.06.2023
өлшемі100,43 Kb.
#98873
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Байланысты:
Дәрістер. Аймақ.тұлға тану

11- дәріс тақырыбы: Ғалым қайраткерлер: Ермұхан Бекмаханов пен Жұмат Шанин
Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов (1915-1966) — тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы (1946 жылы), профессор, Қазақ КСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1962 жыл).
Ермұхан Бекмаханов 1915 жылдың 14 ақпанында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасындағы Төре ауылында дүниеге келген. Әкесі Бекмахан кедейленіп, Мұса Шормановтың немере інісі Зында Шормановтың малын баққан. Бекмаханың Бәпіш деген әйелінен Дінше, Ермұхан және Қамияш деген үш баласы болады. Бекмахан мал бағып жүріп өкпесіне суық тигізіп алады да, Ермұхан алты жасқа толмай жатып қайтыс болады. Осылайша Ермұханның анасы Бәпіш үш баламен тұрмыстың ауыр тауқыметін тартуға мәжбүр болады. 1925-1931 жылдар аралығында Баянауылдағы мектепте оқиды. Жоғары оқуға түсу үшін Ермұқанның жеті жылдық мектебі жеткіліксіз еді. Алайда Ермұхан мектеп бітірген жылы туған ағасы Дінше қос өкпесіне суық тигізіп, қайтыс болады. Әкесі қайтыс болғалы тұрмыс жағдайы мәз емес Ермұханның отбасысының жағдайы ағасы Діншенің аудандық деңгейлегі орташа шенеунік болғалы біршама жақсарып қалған еді. Ағасының қайтыс болуы анасының Ермұханның оқуының жалғастыруына деген қарсылығын туғызды. Анасының қарсылығына қарамастан Ермұхан Семейдегі Жұмыс факультетіне түседі. Сол жылдары Қазақстанда күштеп ұжымдастыру салдарынан ашаршылық орын алып, Ермұханның анасы мен кішкентай қарындасы қайтыс болады. Бұл оқиға Ермұханның қатты қажытады. Бұған қоса, анасы мен қарындасының денесінің қай жерде екені, көмулі немесе көмусіз қалғаны белгісіз еді.
Семейде оқып жүрген кезде елдегі орын алған ашаршылық Баянауылды да айналып өтпегенін естіген Ермұхан және оның ауылдастары жақындарына көмектесудің амалын іздейді. Сөйтіп бала кезінен досы, өзінен сәл үлкендеу, сол кезде Семейдің медициналық училищесінде оқып жүрген Сәлкен Сұбханбердинге өз ойын айтады. Сәлкен болса Алаш қозғалысының белді мүшелерінің бірі Асылбек Сейітовтен кеңесіне жүгінуге ұсыныс айтады. Асылбек Сейітов ол кезде өңірлік денсаулық сақтау басқармасының бастығы болатын. Жас жігіттердің елге көмектескісі келетіндігі туралы ойын естіп, оларға елден бұрын әркім өзіңнің бас амандығын ойлау керектігін айтып, елге бармауға үгіттейді. Өмір көрген Асылбек Сейітов жас жігіттердің елге көмектесуге қауқарсыз екенін, егер елге баратын болса, аман қайтуы екіталай екендігін білгендіктен солай кеңес берген еді. Ермұхан және оның бір топ жерлестері туған-туыстарына қаншама көмектескісі келсе де, Асылбек ағаның айтқан сөздері шындық екенін түсініп, елге қайту идеясынан бас тартады. Кейінрек Асылбек Сейітов Ермұханды өз қамқорлығына алып, бар көмегін аямайды.
1933 жылы Семейдегі Жұмыс факультетін тәмамдаған Ермұхан ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне түсу мақсатында Алматыға жол тартады. Алматыда ол ағасының досы Диқан Әбілевті кездестіреді. Диқан Әбілев Ермұханға Алматыға оқуға түсетін болсаң, осындағы шолақ белсенді жерлестерің сенің төре тұқымынан екеніңді жәрия етіп, қудалауға түсіруі мүмкін деп ескертеді. Диқан Әбілев Ермұханға Орталық Ресейдегі оқу орындарының біріне түсуге кеңес береді. Дихан Әбілевтің кеңесін алған Ермұхан Халықтық ағарту комиссариатына барады. Комиссариаттағы құжат қабылдаушы адам Ермұханның кешікенін алға тартып, Мәскеу және Ленинградтың оқу орындарына түсе алмайтынын айтады. Алайда Тамбов қаласындағы ашылған педагогикалық институтқа түсуге мүмкіндігі бар екенін айтып, шешімді бүгін шығару керексің, болмаса ол оқу орнына да түсе алмайсың деп ескертеді. Ермұхан сол жерде Тамбов педагогикалық институтында жаңадан ашылған тарих факультеніне түсуге құжаттарын тапсырады. Халықтық ағарту комиссариаты Ермұханның Тамбов қаласына жетуі үшін қаражат бөледі. Осылайша тарихшы болуды ойламаған Ермұхан өзінің ғылымдағы алғашқы қадамын бастайды. Тамбов қаласындағы оқу Ермұханның көңілінен шыға қоймайды. Сөйтіп, 1936 жылы Халықтық ағарту комиссариатының шешімімен Тамбов педагогикалық институтының тарих факультеті жабылып, ол факультеттің студенттері Воронеж педагогикалық институтына ауыстырылады. 1936 жылдың күзінде Ермұхан Воронежге келеді. Ал ол кезде сол Воронеж қаласында айдауда Алаш қозғалысының белді мүшелері Халел Досмұхамедов және Мұхаметжан Тынышбайұлы айдауда жүрген еді. Ермұхан жоғары білімді, озық ойлы Алаш зиялыларына кездесіп, ой бөлісуінің нәтижесінде тарихқа деген қызығушылығы арта түседі. Халел мен Мұхаммеджанның әсері Ермұханның келешекте кәсіби тарихшы атанып, үлкен ғалым болуына зор ықпал етеді.
1937 жылы Ресейдің Воронеж қаласындағы педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек еткен. Отан соғысы жылдарында Республиканың халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы болған. Сонымен қатар Алматының жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған.
1946-1947 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, ягни 1966 жылғы мамырдың алтысына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.
Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен, тарихи мәселелерді кең қамтуымен және оларды байыпты шешуімен ерекшеленді. Оның еңбегінің бастысы 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген "XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан" атты монографиясы болды. Осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған.
Асыра сілтеу, бурмалау жөне күдікшілдік бел алған осы тұста бұл еңбекке пікір айтушылардың кейбіреулері оны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен еңбек деп бағалап, оны буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дөріптеуші деген саяси кінәға ұшыратты.
Ол біраз уақыт Алматы облысы, Нарынқол ауданында мектепте тарих пәнінен сабақ берді, көп кешікпей Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы мектепке мүғалім болып орналасты. Осы жерде 1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалды.
Ермұханның лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, академик, қоғам қайраткері Анна Михайловна Панкратова сияқты қайырымды адамдардың көмегінің арқасында Берия атылғаннан кейін Е. Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі ақталып шықты.
ГУЛАГ-тың лагеріндегі адам төзгісіз азапты күндерді басынан кешкеніне қарамастан, қайсар ғалым, артына халықтың игілігіне айналған мол ғылыми мұраларын қалдырды. Өзі ұсталып кеткенге дейін бастап қойған "Қазақстанның Ресейге қосылуы" атты еңбегін аяқтау ісімен айналысты. Бұл еңбегі А.М.Панкратованың баға жетпес көмегінің арқасында Мәскеудегі "Наука" баспасынан 30 баспа табақ көлемінде 1957 жылы жарық көрді.
Е.Бекмаханов өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы орнын қайтадан алды. Оған университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. 1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми шығармалар жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды. Бірнеше жас ғалымдарды даярлауда ат салысты. Шәкірттері бүгінде Республика Ғылым академиясының мүшесі, ғылым докторы, профессор дәрежелеріне жетіп, ұстаздарының ғылыми өмірін жалғастыруда.
Қазақстан төуелсіздік алғаннан кейін Е. Бекмахановтың басты еңбегі — "XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан" ақталып, орыс жөне қазақ тілдеріндегі нұсқалары "Қазақ университеті" (қазіргі "Санат") баспасынан жарық көрді.
Ермұхан Бекмаханов жөнінде Халық қаһарманы, академик Шапық Шөкин былайша еске алған: "Ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермұхан Бекмаханов уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын. Ол докторлығын екі рет қорғады. Еңбегінің нашарлығынан емес, тыйым салынған Кенесары тақырыбына жазылғандықтан. 1947 жылы Қазан төңкерісінің 30 жылдығына байланысты Одақтық Академия бойынша үлкен салтанатты кеңес өтуі керек болатын. КСРО ғылым академиясының басшысы Вавилов Сәтбаевқа телефон соғып, Қазақстан тарапынан баяндама жасайтын адамды айтуды сұрайды. Қаныш Бекмахановты ұсынады. Жиналыста қағазсыз сөйлеген жас баяндамашыға ғалымдар таң-тамаша болады".
Ермұхан Бекмаханов әйелі Халима Бекмұхаммедовамен

  • Бірінші әйелі: Әмина Зәріпқызы Губеева (-1979), қыздары: Найля (1940), Нурия (1946), Нәдия (1947)

  • Екінші әйелі: Халима Адамбекқызы Бекмұхаммедова (1925), ұлдары: Ермұхан, Сермұхан, қызы: Қарлығаш (1956)

Сібірде айдауда өткізген жылдары Ермұханның денсаулығына өз әсерін тигізбей қоймады. Өкпесіне суық тигізіп алған Ермұханның денсаулығы жыл сайын нашарлай берді. 1966 жылы өзінің емдеуші дәрігерінің табанды кеңесімен Министрлер Кеңесінің ауруханасына жатады. Алайда Ермұхан өкпе ісігінің соңғы кезеңінде еді. Сонымен қоса, астма ауруы да асқынып кеткен болатын. Ол өзінің өлетінін білген және өмірінің соңғы күндері ғалымның жағдайын сұрауға келген жерлесі, медицина ғылымдарының докторы Хамза Жұматовқа былай деген: "Менің жағдайым мүшкіл, алайда абыроймен өлу керек". Дәрігерлер де Ермұханның жағдайының мүшкіл екенін түсініп, өмірінің соңғы күндері ең жақын адамдарынан басқа ешкімді палатаға кіргізбеген. Алайда дәрігерлер Ермұханның әйелі Халима Адамбекқызының өтінішімен мамыр айының алғашқы күндерінің бірінде Бауыржан Момышұлына палатаға кіруге рұқсат еткен. Жағдайын сұрап келген Бауыржан Момышұлына Ермұхан: "Бауке, ер адам үшін 50 жас деген түк емес қой. Армандарым мен жоспарларымда орындай алмай кетіп барамын. Кешіріңіз мені" депті. Кейінірек Бауыржан Момышұлы өз естелігінде: "Ол менен өзінің тарих бойынша жазып үлгермеген ғылыми еңбектері үшін шынайы кешірім сұрады" деп жазады. Сөйтіп 1966 жылдың 6 мамырында Ермұхан Бекмаханов дүниеден озады. Ғалыммен қоштасу рәсімі бір күннен кейін болады. Кандидаттың және докторлық диссертациясының тақырыбын Кенесарыға арнаған Ермұханның жаназасына ғалым, геология-минереология ғылымдарының докторы, Кенесарының ұрпағы Нәтай Әзімханұлы Кенесарин арнайы Ташкенттен келіп, қаралы жиында сөз сөйлеп, өзінің досын ақтық сапарға шығарып салады.
Ермахан Бекмаханов Алматы қаласының Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов жерленген Орталық зиратына жерленеді.

1913–1916 жж. Омбыдағы бухгалтерлер курсын бітірген. Осы қаладағы Жұмат Шанин  (1892–1939) бұрынғы Семей губерниясы, Павлодар уезі, Баянауыл тауларының бір сілемі – «Желтау» деген жерде туған. Машинский зауытында бас бухгалтердің көмекшісі болып істеген. Омбы қаласы Жұматтың саяси-әлеуметтік және жазушылық-эстетикалық көзқарасының қалыптасуына игі әсер етті.
Алайда Жұмат мұнда көп тұра алмайды. 1916 жылғы патша жарлығымен әскерге алынып, Рига қаласына таяу маңда қара жұмысқа жегіледі. Революциялық іс-әрекеттері үшін патша үкіметі тарапынан қудаланып, түрмеге қамалады.
Жұмат Шаниннің шын мағналы өмір кезеңі Ұлы Октябрь революциясының жеңісінен кейін басталды. Нақтылай аймқанда, 1917–1920 жылдар аралығында Қарқаралы уезіне келіп, өзінің мамандығы бойынша бухгалтер қызметін атқарады. Саяси-әлеуметтік және мәдени-ағарту жұмысына белсене араласып, жас Совет өкіметін нығайту ісіне аянбай атсалысты. Тіпті 1920 жылы Коммунистік партия қатарына өтеді.
1921 жылдан 1922 жылдың март айына дейін Павлодар уездік партия комитетінің және президиум мүшесі болып, жауапты қызмет атқарады. 1922 жылы Семей губерниялық партия комитеті Жұмат Шанинді Зайсан уезіне қызметке жіберді, онда ол Зайсан уездік атқару комитетінің председателі болып сайланады.
1921 жылы Павлодар уездік партия комитетінің мүшесі, 1922 жылы президиум мүшесі болады. Ал 1922–1923 жылдары Зайсан уездік комитетінің төрағасына сайланады. 
1923 жылы Семей губерниялық атқару комитетінің мүшесі, оның жер комиссиясының төрағасы және ҚазОАК-нің мүшесі, 1925–1926 жылы Бүкілодақтық Кожсиндикат мекемесінің Семей губерниялық басқармасы төрағасының орынбасары болады.
«Арқалық батыр» трагедиясы 1924 жылғы қаңтар айында Семейдегі қалалық клубта қойылды. «Таң» журналының 1925 жылғы бірінші санында «Торсықбай қу» комедиясы басылған. 1926 жылы ашылған Қазақ ұлттық театрының тұңғыш режиссері, көркемдік жағын басқарушы әрі директоры болды. 
Қазақ театрының сахнасында Шекспирдің «Гамлет», Пушкиннің «Тас мейман», «Сараң сері», Б.Майлиннің «Майдан», І.Жансүгіровтің «Кек», М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» сияқты тамаша спектакльдерін қойды. Шымкент облыстық театры оның есімімен аталады. Алматыдағы өнер институтында Ж.Шанин атындағы стипендия тағайындалды. 
Шығармалары: Торсықбай. Айдарбек. Пьесалар. Қызылорда. 1928; Арқалық батыр. Пьеса. Семей. 1926; Шахта. Пьеса. Қызылорда. 1930; Үш бала. Пьеса. Қызылорда. 1932.
"Қазақ тілі" 1924 жылы 6 март күні санында басылған: "Арқалық батыр" қайта ойналады" деген хабарында: "Осы марттың 15-де, сенбі күні "4-Октябрь" клубында әуелгі ойналғанында халықтың көңіліне қатты ұнамды болып өткен "Арқалық батыр" көптің сұрауы бойынша екінші рет ойналады… "Арқалық батыр" кітабы жарыққа жаңа шықса да, алғашқы көрінісінде-ақ, қараушылардың көңіліне жаққан, қазақтың тарихи тұрмысындағы болған елдердің ісін көрсете білген кітап", - деп жазған.
Мұхтар Әуезовтің "Қаракөз" драмасын қоюшы режиссер және пьесадағы басты образ Сырым ролін ойнаған Жұмат Шанин еді.
Жұматтың Семейде болған жылдары, оның өмір сапарындағы ең бір мағыналы талантының тасқындап, бағы жанған кезеңі болды, Жұматтың сол тұстағы серіктерін, әдебиет өнер майданындағы достарын еске алсақ, Мұхтар Әуезовтың ұлы тұлғасы, дарынды ақын, әйгілі әнші Иса Байзаковтың, Сәбит Дөнентаевтың, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебековтердің ұмытылмас, жарқын бейнелері көз алдымызға келеді. Қызметтес жолдастары көрнекті қоғам қайраткері, жалынды журналистер Әбілқайыр Досов, Ильяс Молдажанов, Шаймардан Тоқжігітов еді.
1921 жылдан бастап Жұмат Шанинның басқару жұмысын өз қолына алған соң Семей драма труппасы профессионалдық бағытта өркендеп өсе бастады, Семей өнерпаздарының данқы бүкіл Казақстанға жайылды. Труппаның артисі Әміренің атағы Москваға жетті. "Казақ тілі" 1925 жылы 31 май күнгі санында: "Семей қаласындағы атақты әнші Әміре Қашаубайұлы, Мәскеуде халық ағарту комиссары жолдас Луначарскийдің телеграмма арқылы шақыруы бойынша, 15 июньде болатын Францияның Париж қаласындағы бүкіл дүние көрмесіне (әр ұлттың ғұрпымен қойылатын үлгілі әдебиет сауығына, этнографический концерт) 27 майда жүріп кетті", деп басталған Әлкей Марғұланның "Әміре" атты мақаласын жариялады. Әміре үлкен абырой, атақпен 20 августа Семейге қайтып оралды.
Бұл уақиға Семей труппасының өнерпаздарының рухынан онан сайын көкке көтерді. Профессионал театр шаңырағын көтеру қазақ совет жас талапкерлерінің қолынан келетіндігіне сенімін арттырды, "Қазақ тілі" газеті 1925 жылы октябрьдің 24-і күнгі санында: "Бізге ұлт театры керек" (Казақстан орталығының қарамағына) деген атпен мақала жариялады.
Жиырмасыншы жылдары Семейдің мәдени өмірінің өркендеуіне зор еңбек сіңірген қайраткерлердің бірі Жұмат Шанин еді.
Үлкен жауапты қызмет атқара жүріп, өзінің сегіз қырлы өнер қайраткері екендігін өнегелі ісімен көрсеткен Жұмат Шанинның атағы республикаға мәлім болды.
Қазақстанда түңғыш профессионал ұлт театрын құру мәселесі көтеріліп, оған даярлық жүмысы жүріп жатқанда, ең алдымен ауызға алынған адамдардың бірі де Жұмат Шанин.
Театр ашылу мәселесі шешілген соң Семей губерниясынан сегіз адам арнайы Қызылордаға (сол кездегі Қазақстан астанасы) шақырылып, жол қаражаттарына ақша бөлініп, олардың тізімі Семей губерниялық оқу ағарту бөліміне жіберілді. Шақырылған адамдар: 1. Қашаубайұлы Әміре (әнші), 2. Байзақұлы Иса (ақын), 3. Шанаүлы Жүмат (артист), 4. Мұңайтпасұлы Қажымұқан (палуан), 5. Қуанышбайұлы Қалыбек (артист), 6. Мүздыбайұлы Құсайын (артист), 7. Зәрубай (цирк ойынын біледі), 8. Майра (әнші) - деп жазылған.
Театр 1926 жылы 13 январь күні ашылады. Жұмат бірталай уақыт кешігіп, тек октябрь айында барады. Ол барғанша театрдың директоры Ғазиз Байсейітов болатын (1930 жылдар Семей автожол техникумының директоры болған адам).
Театр сыншысы Жұмат бұдан 54 жыл бұрын жазған "Театр сыны" атты мақаласында ешқашан маңызын жоймайтын пікір айтады. "Пьесаны кім көрінген жаза алмайды. Пьесаны қиялы кезгіш, жүрегі сезгіш, тілі бай, пьесаға қатынасқан адамдардың әрқайсысы болып күле, жылай, қуана, сөйлей, қозғала білетін жаны шебер адам жазады, Сыншылардың міндеті жалғыз кемшілікті ғана көрсету емес, пьесаның барлық мақсатына мағына берерлік, баға қоярлық болу керек", - дейді.
Профессионал режиссер Жұмат пьесаны сахнаға даярлау тарихын сөз еткенде, теориялық күрделі қағидаларды, әркімнің ұғымына жеңіл сөзбен сипаттап, түсіндіреді: "Пьеса даярланудың алдында мүше-мүшеге бөлінеді. Автордың киіндірген киімдері шешіледі, шек-қарындары жуылып, тазартылады. Художник, режиссердің қолындағы пьесаның төрт жағы бірдейленеді. Бұдан кейін театр даярлап алып, қайтадан мүшелерін орындарына салып, театр өз киімін киінеді", - деп суреттей береді.
Мұхтар Әуезов "Қазақстан мемлекет театры" атты (1927) мақаласында: "Екі жылдық тәжірибесінің соңында қазақ труппасы өзін кімге де болса елетіп, ескертуге жарап қалған сияқты. Труппаның бүгінгі табысына қарап, "Шүйінші! Қазақтың сахна өнері туыпты", - деген қуанышты айтуға болады… Мен "Арқалықты", "Айшаны" ғана ойнағандарын барып көрдім. Бұл екі пьесаның ішінде, әсіресе "Арқалық" қазақ ойыншыларының күшін өзінше, өз қалпына қарай екшеп, бірнеше ойыншыны барынша ажарландырып көрсететін болыпты".
Тұңғыш ұлт театрының алғашқы екі жыл ішіндегі табысын, Жұмат Шанинның жемісті еңбегінің нәтижесін Мұхтар Әуезов осылай бағалаған. Жұмат Шанин 1926-1932 жылдары драма театрында: Сейфуллиннің "Қызыл сұңқарлар" пьесасын, Майлиннің "Талтанбай", "Майдан", Жансүгіровтың "Кек", "Түрксиб" пьесаларын, Әуезовтың "Октябрь үшін", Атығай Шаниннің "Болат" пьесаларын, өзінің пьесаларынан: "Арқалық батыр", "Шахта", "Торсықбай ку", "Айдарбек қу", "Баян батыр" пьесаларын, тағы басқа пьесалар қойды. Классикалық пьесалардан: Пушкиннің "Тас мейманын", "Сараң серісін", Шекспирдің "Гамлетін" қойды.
Жұмат Шанин аталған пьесаларын басқа "Үш бажа", "Жанды сурет", "Қара құлып", "Қозы Көрпеш-Баян" пьесаларын жазды. Театр сыншысы Жұмат: "Қазақтың мемлекет театры", "Мемлекет театрының артистері", "Театр тарихынан", "Сахна техникасын меңгерейік", "Сахнада шындықты тану" т.б. мақалаларын жазып, жариялады.
Жұмат Шанин К.С.Станиславский, В.И.Немирович-Данченко, В.И.Качалов сияқты ұлы актер, режиссерлармен, орыс театрының әлемге әйгілі қайраткерлерімен достық карым-қатынас жасап, олардан ақыл-кеңес, үлгі-өнеге алған.
1931 жылы ең алғаш Қазақ ССР халық артисі құрметті атағын алған Жұмат Шанин болды. 1933 жылы сентябрьден бастан музыка театрын ашу жұмысын ұйымдастыру мәселесін басқарып, алдымен құрылған музыка студиясының директоры және көркемдік жағын басқарушы да Жұмат Шанин болды. Музыка театрының шымылдығы 1934 жылы 13 январь күні "Айман Шолпан" музыкалы комедиясымен ашылғаны мәлім. Содан бастап, Қазақтың мемлекеттік музыка театры деп аталды. Қазіргі опера және балет театрының негізін салуда орасан зор еңбек сіңірген Жұмат Шанин.
Әдебиеттер:

  1. Кәрімхан З. //http://e-history.kz/kz/publications/view/3862 © e-history.kz

  2. Ермұқан Бекмаханов туралы естеліктер. Құраст. Х.Адамбекқызы, А., 2005.

  3. Сәрсеке. М. Ермахан Бекмаханов. — 2010. 533 бет,

  4. Бекмаханов Е. Казахстан в 20–40-е годы ХІХ веке, М., 1997;

  5. Бекмаханов Е. Присоединение Казахстана к России, М., 1957;

  6. Бекмаханов Е. Очерки истории Казахстана ХІХ в., А.-А., 1966.

7. Нұрғалиев Р. Трагедия табиғаты. – Алматы: Ғылым, 1968. – 188 бет.
8. Мұхамедханов Қ. Көптомдық шығармалар жинағы. – Алматы, “Ел-шежіре”, 2007. 5-том. – 344 бет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет