Жүсіпов Қуандық Пазылұлы (1941-2019) 0.11.1941 ж. Павлодар облысы Баянауыл ауданы Жаңажол (қазіргі Мәшһүр Жүсіп) ауылында дүниеге келген.
Филология ғылымдарының докторы (1994), профессор (1996), жазушы, әдебиетші. Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі (1991,) КСРО (1979), және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (1992).
Қуандық Пазылұлы 1964 жылы ҚазПИ-ді (қазіргі ҚазҰПУ), 1967 жылы Қазақ КСР ҒА-ның Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген. 1968-1991 ж. Семей педагогикалық (қазіргі Семей мемлекеттіқ университеті) институтында аға оқытушы, доцент қызметін атқарған.
1991-95 жылдары аталмыш жоғары оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 1995-1997 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында «Филологиялық пәндер» кафедрасының меңгерушісі және Екібастұз жоғары педагогикалық колледжінде қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі болды. 1997- 2012 жылдар аралығында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттіқ университетінің қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ал одан кейін (өмірінің соңына дейін) осы жұмыс орнында профессор қызметін атқарды.
Қуандық Пазылұлы «Құрмет» орденімен (2012), С.Торайғыров атындағы алтын медалімен (2010), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен наградталған (2001).
Шығармашылығы. Қ.П.Жүсіпов 80-нен аса ғылыми еңбектердің және бірнеше монографиялардың авторы.
Асылы, қазақтың қайсы бір қанатты сөзін алып қарасаңыз да, оның тіршілікпен тыныстылығын, өмірмен өзектестігін анық байқаймыз. Мәселен, халықтың «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген өсиетнама сөзі ата дәстүрін берік сақтап, ұлттық мұрат-мақсаттар жолында жанкешті еңбек етуші жандарды әспеттеуден туғаны және ол сөздің екінің біріне тиесілі еместігі де айқын.
Осындай ұлағатты ұлы сөзге лайықты ғұмыр кешкен, әлі де кешу үстіндегі өнген-өскен ұрпақтың бірі – Мәшһүр Жүсіп әулеті. Сол әулеттің бас көтерер үлкені, елге танымал атақ-абыройы мен беделі бар белгілісі – Қуандық Пазылұлы Жүсіпов еді. Ол әдеби қауымға, қала берді бүкіл жұртшылыққа өзінің көркем шығармаларымен, елеулі ғылыми еңбектерімен танылған қаламгер әрі ғалым.
Шынында, Қуакең — ата жолын өмірлік мұрат етіп, осы жолда аянбай тер төгіп, кейбір тұстарда саз да кешкен жандардың бірі. Әрине, бұны өмір жалғастығы, дәстүр сабақтастығы десек те, ол қасиетті екінің бірі бойына дарыта бермесі анық. Бұның айғағы ретінде — біз Қуандық Пазылұлының шығармашылық өмір жолы мен адамдық болмыс-бітімін, алға қойған мақсат-мұратын айтсақ болады. Ендеше аталмыш қаламгердің ізгі қасиеттеріне, үлгілі іс-әрекеттеріне бір сәт тоқталып өтелік.
Қуандық Пазылұлы 1959 жылы Баянауыл қазақ орта мектебін бітірген соң, Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтына оқуға түседі. Институт қабырғасын жүргенде- ақ ол өлең- әңгімелер жазып, мерзімді басылымдардан көріне бастайды. Әдебиетке деген ынта- ықыласын байқаған ғалым-ұстаздар оның терең білім алуына мүмкіндік жасап, Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасына түсуге жолдама береді. Сөйтіп 1969 жылы аспирантураны тәмамдай салысымен, білгір ғалым, танымал әдебиетші Қажым Жұмалиевтің жетекшілігімен «Қазақ прозасындағы тартыс және жаңа адам» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.
Бірақ Қуакең айтыс- тартысқа толы әдеби қауымның қалың ортасынан қашып, тыныштықты, татулықты сүйетін қалпымен Семей педагогика институтына жолдама алады. Осы жоғарғы оқу орнында табаны күректей жиырма жеті жыл жұмыс істеп, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ұстаз алдын көріп, дәріс алған шәкірттердің өзі қаншама? Қазіргі кезде олардың алды — академик, артқылары мектепте оқытушы атанып, халыққа қалқысыз қызмет етуде.
Осы орайда, Қуандық Пазылұлының ерекше бір қырына тоқтала кеткен жөн. Ол – болашақтың білікті мамандарын даярлау жолындағы қажырлы еңбегі. Түптеп атағанда, өзіндік ұстанымы бар ұстаздығы. Егемен еліміздің ертеңгі ұл- қыздарын тәрбиелейтін педагог кадрларын дайындау – өте бір маңызды іс екені сөзсіз. Бұл істі, яғни атадан балаға мирас болып қалған (Қуандықтың әкесі Пазыл – Ленин орденімен марапатталған майталман мұғалім – С.С) абыройлы жұмысты жалғастырып қана қоймай, оны ақ жүрек, адал ниетімен атқаруда. Және де бұл жолда Темірқазықтай бұлтартпас турашылдығынан бір танған емес. Бұл оның асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы екенін дәлелдемек.
Шығармашылық өмір жолындағы бір шыққан белесі- проза саласындағы жемісі. Көркем шығарма жазумен сонау студенттік кезден айналыса бастаған қаламгер 70-жылдары өнімді еңбек етіп, біршама тәуір туынды берді. Таратып айтатын болсақ, «Қара кемпір» (1974), «Бір әйелдің өмірі» (1975), «Армандастар» (1979), «Қыздар, жігіттер» (1981), «Однокусники» (1989) атты повестері мен әр жылдары баспалардан басылып шықты. Сөйтіп, еңбегі еленіп, 1979 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне сайланды.
Аталмыш қаламгер драматургия саласында да қалам қарымын танытып, «Ұл мен қыз» атты пьеса берді. Драманың Семей облыстық драма театрында үш жүз реттен аса қойылуы көрерменнің туындыны жылы қабылдағанын байқатады.
Қуандық Пазылұлының бүкіл творчествосын таразылайтын болсақ, салмақты жағы, әрине, оның ғылыми, сыни еңбектеріне тиесілі екенін байқаймыз. Онысы – әдебиеттану саласында тосын тұжырымдамалар, соны ізденістер ізін салып, қазақ лириканың жанрлық сипаты мен көркемдік ерекшеліктеріне тоқталған туындыларымен айғақталады. Мәселен, «Өлең- сөздің патшасы» деген кітабына әдебиет теориясының мәселелеріне арналған зерттеулері топтастырылған.
Автор көрнекті қазақ ақындарының лирикалық шығармаларына теориялық талдау жасап, өлең табиғатын ашуға талпыныс жасайды. Сондай- ақ, сол тұстағы поэзияның жетістіктері мен кемшіліктері туралы да ой саралайды.
Қай қаламгердің болса да, ізденістер мен іркілістерге толы шығармашылық өмір жолында шыққан биігі, белгілі бір белесі болады десек, бұл тұста Қуакең асуға арындап, қоржынын толтыра шыққанға ұқсайды. Бұған оның қанжығасына бөктерген жүзден астам ғылыми мақаласы мен бес кітабы куә.
Шынында да, Қуандық Пазылұлы – ұстаздық пен ғылыми жұмысты ұштастыра жүріп, әдебиеттану мен әдебиет тарихына қатысты толғақты мәселелер төңірегінде өз ой- пікірлерін мерзімді баспасөз беттерінде білдіріп жүрген қарымды қалам иесі. Әсіресе, әдеби мұрасын әспеттеуге кеңес үкіметі тұсында тосқауыл қойылып келген өз атасы Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы жазған зерделі зерттеулері әдеби қауымды елең еткізуде. Тіпті Мәшекең (Мәшһүр Жүсіп) шығармалары мен қолжазбаларының жариялануы мен насихатталуына әрі жан- жақты арнайы зерттелуіне де өзі мұрындық болып жүр. Өз отбасын, яғни ұлдары мен қыздарын тікелей осы іске жұмылдыруы осыны айғақтайды. Атап айтсақ, өткен ғасыр басында «ұлтым» деп ұлардай шулаған ат төбеліндей аз ғана шоғыр – Алаш ардақтыларының бірі – Мәшһүр Жүсіптің мол мұрасының жиырма томдық шығармалар жинағының топтамасы
Әдебиеттің проза, драматургия салаларында қажырлы еңбек еткен қаламгер кейінгі кезде біржола ғылыми зерттеулер жүргізуге ден қойған сыңайлы. 1999 жылы Қуакеңнің «Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік» (Павлодар, ИПФ «ЭКО», 1999ж.) атты көлемді кітабы баспа бетін көрді. Бұл- ауыз толтырып айтуға тұрарлық қомақты да салмақты еңбек, Олай дейтініміз, біріншіден, монографияда әдебиеттану саласында әрі де жете зерттелмеген лирикадағы стиль және бейнелілік мәселелері төңірегіндегі ойлары тұжырымдалған. Екіншіден, қазақ лирикасын көркемдік әдіс, стиль, бейнелілік тұрғысынан байланыстыра зерттеу мәселесі қарастырылған. Сондай-ақ, еңбек қазақ өлеңінің көркеюіне көмегін тигізген ақтаңдақ ақындарымыз – Ш.Құдайбердиев, М.Ж.Көпеев, М.Жұмабаев және тағы басқалардың шырмашылығына тоқталуымен құнды.
Бұл кітап таралып үлгермей, іле-шала келесі жылы осы баспадан, «Алтын тіл» бағдарламасы бойынша Қуакеңнің «Көркем сөздің құдіреті» деген еңбегі жарыққа шықты. Кітапта қазақ әдебиеті мен тілін оқытудың көкейкесті мәселелері төңірегінде ой қозғалады. Жіліктеп бөліп айтсақ, өлең мен эпостық шығарманы оқытудың жайы, сондай- ақ көркем шығарманың тілін түсіндіріп, сараптауы сөз етіледі. Зерттеуші ұзақ ұстаздық жолында көкейге түйгенін ғылыми тұрғыдан дәйектеп, тың тұжырымдамаларын маман ұстаздарға, жалпы әдебиет сүйер оқырман қауымға айқын жеткізе білген. Бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда, әдебиеттану әдістемесінің кем тұстарын кертіп алып, кернеуіне салып ой елегінен өткізген. Онысы қарапайым да жатық тілде шыққан.
Қуандық Пазылұлының осындай қырлары бар десек те, негізінде, оның адамдық болмыс- бітімін ұстаздығы мен ғалымдығы құрайды. Тіпті бүкіл өмірдегі мақсат- мұраты да осыған негізделген десек жаңылыспаймыз. Әсіресе, оның халықтың жарқын болашағын ойлаудан туған келер ұрпақтың тәрбиесіне деген адал ниеті, адамдық қасиеті кімді болса да, тамсандырмай қоймасы анық.
Нұржамал Оралбайқызы Оралбаева (15. 5. 1928 жыл туған, Павлодар облысы, Баянауыл ауданы) - қазақ тіл білімі маманы, филология ғылымы докторы (1971), профессор (1973), ҚазКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. ҚазПИ-ді бітірген (1949). 03.12.2020 жылы 92 жасында Алматыда қайтыс болды.
1949 жылы Қазақ Педагогикалық университетін бітірген. 1949-1952 жж. Қаз КСР ҒА Тіл білімі институты аспирантура бөлімінде оқыды. 1952-1962 жж. ҚазПИ-де оқытушы, 1962-1973 жж. доцент, 1973-1975 жж. осы институттың профессоры болды. Ал 1975-1989 жж. ҚР ҰҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында аға ғылыми қызметкер, 1989-1997 жж. ҚазПИ-де қазіргі қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, 1990-1991 жж. осы институтта проректор, 1997 жылдан қазақ тілі кафедрасының профессоры қызметін атқарды.
1956 ж. профессор С.Аманжоловтың жетекшілігімен «Октябрьден кейінгі кезеңдегі қазақ жазуының тарихы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған ғалым зерттеуші еңбегінде қазақ жазуының кезеңдік тарихы сараланып, негізін С.Аманжолов қалаған кирилл таңбалары бойынша жасалған қазақ əліпбиінің өзекті мəселелері ғылыми тұрғыдан бағаланды.
1971 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ғылыми жұмысында күрделі лексикалық бірліктердің сипаты жөнінде құнды теориялық пікірлер айтылды.
Нұржамал Оралбайқызы – қазақ тіл білімінде сөзжасам жүйесін жеке сала ретінде қалыптастырған ғалым. «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты авторлық ұжым жарыққа шығарған монографиялық зерттеу арқылы сөзжасам жеке сала болып қалыптасып, ғылыми-теориялық негізі қаланып, салалық метатілі, терминдер жүйесі түзілді.
Нұржамал Оралбайқызы Оралбаева - қазақ тілінің грамматикасына, жалпы тіл білімі мәселелеріне арнап жазған 100-ден аса ғылыми мақаланың авторы, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбаева есімі қазақ тіл білімінде ғылыми-теориялық тұрғыдан тың мәселелерді көтерген, қазақ грамматикасының 50-90 жылдардағы дамуына іргелі еңбектерімен үлес қосқан ғалым ретінде белгілі.
"Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары", "Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы", "Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі", А. Қалыбаевамен бірге "Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі", "Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі", "Қазақ тілінің сөзжасамы" атты ғалымның қаламынан туған қайталанбас ғылыми мұралардың бүгінгі қазақ ғылымында орны ерекше.
1949 – 1952 ж. ҚазКСР ҒАТіл білімі институтында аспирант.
1952 – 1962 ж. ҚазПИ-де оқытушы.
1962 –1973 ж. доцент,
1973 – 1975 ж. осы институттың профессоры.
1975 – 1989 ж. ҰҒА А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі интында аға ғылыми қызметкер.
1989 – 1997 ж. ҚазПИ-де қазіргі қазақ тілі кафедрасы-1 ның меңгерушісі.
1990 – 1991 ж. осы институтта проректор.
1997 жылдан осы кафедраның профессоры.
1956 жылы "Октябрьден кейінгі кезеңдегі қазақ жазуының тарихы" деген тақырыпта кандидат (профессор С. Аманжоловтың жетекшілігімен), "Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары" деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Қазақ тілінің грамматикасы, жалпы тіл білімі мәселелеріне арнап жазылған 100-ден аса ғылыми мақала авторы.