Сәулемен зақымданған малды сұрыптаудың маңызды кезеңі болып ветеринариялық радиациялық тексеру есептеледі. Ол үшін ең алдымен мал зақымданған ауданның радиациялық жағдайының бастапқы көрсеткіштерін (зақымданған мал болған аймақтың радиоактивтілік деңгейін, малдың зақымданған аймақта болған уақытты және баспаналардың сипаттамасы, зақымдану аймағындағы малды азықтандыру және суару сипаттамасы
т.б.) білу қажет. Бұл көрсеткіштерді мал дәрігерінің жолдама жазбаларынан, малды күтіп бағатын тұлғалардан сұрау арқылы, жеке дозиметрлердің көрсеткіштерін алу арқылы алады. Алынған көрсеткіштерді ескере отырып қолданыстағы оқу құралдары бойынша шамамен зақымдану сипатын анықтайды. Радиоактивті бұлт ізінде радиация деңгейі қысқа өмір сүретін изотоптардың есебінен тез төмендейді: Мысалы ядролық жарылыстан кейінгі алғашқы күндерде бұл төмендеу жарылыстан кейінгі уақыттың 7 есе көбеюі кезінде, радиация деңгейі 10 есе азаяды. Зақымданған аймақта қорғаусыз қалған малдың сәулелену дозасы радиация деңгейіне және сол аймақта болу уақытына байланысты болады. Мал ең көп сәулелену дозасын радиоактивті шаңның жер бетіне шөгу уақытынан бастап алғашқы 24 сағат ішінде қабылдайды. Одан кейінгі күндері сәулелену дозасының өсуі организмдегі қалпына келу үрдістерімен толықтай дерлік қалпына келіп отырады.
Келесі кезеңде барлық зақымданған малды қарап жалпы тексеру жүргізіледі, бұл кезде мал дәрігері ядролық жарылыстың зақымдау факторларының әсер ету деңгейін шамалап анықтайды, алғашқы көмек талап ететін малға жедел көмек көрсетеді, тері жамылғысына дозиметрия, термометрия жүргізуге, радиометриялық зерттеулерге қи, несеп, сүт сынамаларын алуға және қанын гемотологиялық тексеруге тағайындалған мал бастарын анықтайды.
Ары қарай зақымдалған малға дозиметрия және термометрия жасалып жекелей клиникалық тексеру жүргзіледі. Осыдан кейін малды зақымдануына байланысты төменгі топтарға бөледі (1 – нобай):
1 Союға арналған мал.
2 Келешекте жоспарлы түрде сою үшін падалда ұстауға арналған мал.