Радиоактивті заттармен зақымданған малды ветеринариялық өңдеу деп радиациялық зақымданудың ауыртпалығын төмендетуге бағытталған шараларды айтады. Неғұрлым мал терісінен радиоактивті заттар тез ажыратылса, мал соғұрлым сырттай сәулелену дозасының аз мөлшерін қабылдайды. Бұдан басқа, радиоактивті заттармен зақымданған мал терісінен, малдың үстін жалауы арқылы радиоактивті заттардың әр уақытта малдың ішіне түсу қаупі туындайды.
Ветеринариялық өңдеу малды союға дайындау үшін де қажет. Тері жамылғысы радиоактивті заттармен (әсіресе гамма – сәулесін бөлетін заттармен) көп мөлшерде зақымданған малды сойып өңдеуші жұмысшылардың ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуі, оларды көп мөлшердегі сәулелену дозасымен зақымдануға әкеліп соқтырады, тіпті егер олар сәулеленуден қорғануға арналған киімдермен жұмыс жүргізген күннің өзінде де. Бұл кезде алынатын ет және басқа да сойыс өнімдері міндетті түрде радиоактивті заттармен ластанады. Сондықтан малдың тері жамылғысын ветеринарялық өңдеуді мейілінше ерте және өте қысқа мерзімде жүргізу қажет.
Ветеринариялық өңдеу малды радиоактивті заттармен ластанған аймақтан таза жерге шығарғаннан соң, егер тері жамылғысының радиоактивтілік деңгңейі шекті рұқсат етілген мөлшерден жоғары болса жүргізіледі. Мал терісінің радиоактивтілік деңгейін ДП– 5 В тасымалданатын радиометр – рентгенметрдің көмегімен анықтайды. Өлшеу кезінде ДП – 5 В аспабының қабылдағышы мал терісінен 1 – 1,5 см қашықтықта болуы керек.
Өңдеу жүргізгенге дейін тері жамылғысының радиоактивтілік деңгейі шекті рұқсат етілген деңгейден жоғары малды қораларда (загондарда) ұстайды. Олардың жанына «Зақымданған» деген белгі қояды.
Радиоактивті заттарды теріден ажыратудың дұрыс және тиімдісі ылғалды өңдеу әдісі болып есептеледі. Бұл әдіспен терінің ластануын 70 – 90 % -ға дейін төмендетуге болады. Ылғалды әдіспен өңдеу кезінде малдың терісін, щетканың көмегі арқылы, сумен және жуғыш заттармен (51 – сурет) (0,7 % натрий гексаметафосфат белсендіргіші қосылған ОП–7, ОП–10, СФ–2, СФ – 2У көбіктендіргіштерінің 0,3 % - ды судағы ерітіндісімен), сульфанолмен, жуғыш ұнтақтармен, 0,1 % - ды «Прогресс» препаратымен және кәдімгі сабынмен жуады да, өңдеуден кейін мал терісін таза сумен тиянақты түрде шаяды (52 – сурет). Бір бас ірі малды өңдеуге 30 литр жуғыш ерітінді және 20 – 30 литр таза су қажет. Сондықтан малды ветеринариялық өңдеуге арналған алаңшықтар суы мол табиғи су қоймаларына жақын орналастырылуы қажет.